Гастрольдік бағдарлама үшін дәл осы спектакльдің таңдап алынуы кездейсоқ емес. Себебі 2022 жылы музыка әлемі көрнекті хореограф Ростислав Захаровтың туғанына 115 жыл толуын кеңінен мерекелеуде. А.Пушкиннің «Бақшасарай бұрқағы» поэмасының негізінде хореограф Захаров қолтаңбасымен сахна көрген әйгілі туынды – драмалық балеттің үздік нұсқаларының бірі әрі айтулы шығарманың бекзат өнер тарихынан алар орны айрықша.
Әлем көрермені тамсана тамашалаған балет авторының би өнеріне, оның ішінде бұрынғы одақтық республикалардың ұлттық хореографиялық өнерін қалыптастыруға және дамытуға қосқан үлесі зор. Еңбегі жоғары бағаланған өнер майталманы кезінде Қазақ КСР халық әртісі жоғары атағымен марапатталды. Айтулы атақ Ростислав Захаровқа шәкірті Дәурен Әбіровпен бірге Абай атындағы МАОБТ сахнасында қойған «Бақшасарай бұрқағы», Н.Тілендиевтің «Достық жолымен» балеттерінің қойылымы, сондай-ақ Мәскеудегі қазақ өнері он күндігінің қорытынды концертіне дайындық пен «Алтын масақ» хореографиялық композициясы және тағы да басқа ұлттық өнерге сіңірген ерен еңбегі үшін берілген болатын.
– Кремль сарайының тамаша сахнасында өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. 2019 жылы труппа мұнда Андрис Лиепаның қойылымында Михаил Фокиннің «Шехеразада» балетін орындаған болатын. Осы жолғы сапарда әртістер сахнаға дайындықсыз шыққалы отыр, сондықтан біздің қобалжып отырғанымыз сөзсіз. Мәскеулік талғампаз жұртшылық драмалық балет жауһары – «Бақшасарай бұрқағымен» жақсы таныс, алайда біз оны мүлде басқа дайындықта ұсынамыз, деді Ресейдің халық әртісі,«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Кремль сарайы сахнасында өтетін бұл таңғажайып өнер оқиғасында талғампаз көрермен әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың «Астана Опера» әртістерінің жаңа буынына өте ұқыптап бере білген әйгілі балеттің түпнұсқасын көруге тамаша мүмкіндік алып отыр. Кезінде өзі де Зарема партиясында жарқырай көрініп, сыншылар бағалауы бойынша соңғы 30 жылдағы үздік Зарема атанған балеринаның ұмытылмас өнер көрсетуі шын мәнінде эталондық саналады және заманымыздың жас балериналарына үлгі.
Алтынай Асылмұратова шеберлігінен тәлім алып, шыңдалған бұл жолғы «Бақшасарай бұрқағында» мың бұрала билейтін таланттар ансамблінде де осалы жоқ. Атап айтсақ, Гирей ханның рөлінде Тұрлыхан Тойған сахнаға шықса, нәзік Марияның партиясын Мәдина Басбаева орындайды, құштар Зареманы Анастасия Заклинская таныстырады. Вацлав – Данияр Жұматаев, Нұрали – Серік Нақыспековтің сараптауында көрерменімен қауышады.
Ресейлік театрсүйер қауым әртістердің орындаушылық шеберлігіне ғана емес, сондай-ақ көрнекті италиялық сценограф Эцио Фриджерионың құдіретті дарынына, «Оскар» сыйлығының иегері, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиноның нәзік талғамына, жарық және проекциялар бойынша суретшілер Виничо Кели мен Серджио Металли епті қолдана білген жаңа технологияларға баға бере алады. Поляк князі Потоцкий қамалы мен хан Гирейдің Бақшасарайының салтанаты ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Айтулы көрініс жай кенепте салынған сурет немесе «жұмсақ декорация» емес, бұл ойып жасалған тақтаймен әсемделген кәдімгі бағаналар, қабырғалар мен күмбездер. Сондықтан да «Бақшасарай бұрқағындағы» атмосфера осы бір шынайылық һәм әсемдігімен көрерменін баурары сөзсіз.
Айта кету керек, биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы атап өтілуде. «Астана Операның» Кремль сарайы сахнасындағы бұл гастролін екі елдің табысты дамып келе жатқан мәдениетаралық диалогі деп бағалауға әбден лайық.