Пікір • 06 Қазан, 2022

Асыға күткен кездесу

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірімізге, оның ішінде Семейге келуін облыс халқы көптен күткен еді. Өйткені Абай облысының құрылуы біздің басты қуанышымызға айналды.

Асыға күткен кездесу

Абай облысын құру мәселесінде Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси қарым-қабілеті мен көреген дипломатқа тән қайраткерлік еңбегі жатыр. Шын мәнінде, 25 жыл ішінде Семей Шығыс Қазақстанның құрамында болып, өзге қалалар секілді құрдымға кетіп қалған жоқ. Іскер азаматтар мен халықтың арқасында шаһарымыз өзінің бет-бейнесін сақтап қалды. Біраз қиындық болғаны белгілі.

Наурыз айында Мемлекет басшысы Абай облысының құрылатынын айтқан­да кеудемізді қуаныш кернеді. Семей туралы ой қозғағанда, бірнеше мәселені бөліп айтар едім. Біріншіден, таяуда Президент қасиетті Түркістан еліміздің тарихи-мәдени орталығына айналады деп айтқан еді. Рас, киелі Түркістан бұл мәртебеге әбден лайық. Кейінгі жылдары аталған шаһарда жүргізілген жұмыстар көпшілікті таңғалдырып отыр. Өңірімізге жасаған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты орган­дарға Семейді мәдени-рухани орта­лыққа айналдыруға байланысты тапсыр­ма берді. Жасыратыны жоқ, мұны іске асыру үшін қомақты қаражат пен қа­жырлы ең­бек қажет. Оның барлығы ал­дағы уа­қытта жүзеге асырылады деп ойлаймыз.

Президент жергілікті халықпен кездесу кезінде өңірді дамытуға байланыс­ты орамды ойлары мен ілкімді бастамаларын ортаға салды. Айталық, жаңа­дан жылу электр орталығы мен заман талабына сай көпір салу, әбден тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту – Семейде ұзақ жылдан бері лайықты шешімін таба алмай жүрген өзекті мәселелердің бірі.

Ғалым болғандықтан, әсіресе ғы­лым мен білімге байланысты айтқан бас­­тамалары көңілге үлкен үміт ұяла­тып отыр. Оның ішінде шетелдік іргелі уни­верситеттердің бөлімшелерін қала­мызда ашу жөніндегі бастама құптар­лықтай. Ғылымға жастарды көптеп тарту бойынша Президент бірқатар тапсыр­ма жүктеді. Бұл бағытта біздің уни­верситет жұмысты бастап кетке­нін айта кеткен орынды. Сондай-ақ Мемле­кет басшысы Семейде IT-мек­теп­терді ашу­дың ма­ңыз­дылығына тоқтал­ды. Жаңа өнер­кәсіп орындары мен заман талабы­на сай ме­ди­циналық орталық­тарды ашуға байл­анысты жақсы жаңалықтар да айтылды.

Бұдан бөлек, қазір әлемде қалыптас­қан күрделі геосаяси ахуалға да тоқ­та­­лып, Мемлекет басшысы ортақ шаңы­ра­­ғ­ы­мыз бірлігі мен ынтымағы жарас­­қан – Қазақстандағы бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтаудың қан­ша­лықты маңызды екеніне назар аударды. Расымен де, пандемиядан енді айы­ғып келе жатқанда жаһандағы жағдай алаңда­тар­лықтай. Алысқа бармай-ақ, көршілес Ресей мен Украинаның арасындағы, сондай-ақ Әзер­байжан мен Арменияның арасын­дағы және бауырлас Қырғызстан мен Тәжік­­стан­ арасындағы дағдарыс әлемнің қаншалықты нәзік екенін байқатып отыр. Сондықтан еліміздегі береке-бірлікті сақтау қазір аса маңызды.

Сондай-ақ Президент Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арнал­ған «Ұстаз бен шәкірт» ескерт­кішін ашты. Бұны тек Мұхтар мен Қайым­ға ғана арналған көркем компози­ция деп қабылдамаған жөн. Бұл тұтас­тай білім беру саласында қызмет етіп келе жатқан ұстаздар мен шәкірт­терге көрсетілген құрмет деп қабылда­дық. Мемлекет басшысының өңірге сапары жемісті болды деп ойлай­мын. Алдағы уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан нұсқаулықтар тиімді жүзеге асырылса, онда Абай облысы гүлденіп, өркендей түседі деген сеніміміз мол.

 

Арап ЕСПЕНБЕТОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

 

Абай облысы