Пікір • 06 Қазан, 2022

Бұл сайлаудың жөні бөлек, жолы да өзгеше

169 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір дүние жүзіндегі жағдай күрделі, біліп болмас кезең орын алып отыр. Осындай заманда халықтың ынтымағы, елдің бейбіт өмір сүруі бәрінен қымбат.

Бұл сайлаудың жөні бөлек, жолы да өзгеше

Осы күні жан-жағымызға қара­сақ, кейбір көршілес елдердегі шекара дауы, жерге талас, қасындағы мемлекеттер­мен қырық пышақ болып соғы­суы алаңдатпай қоймай­ды. Бұл тұр­ғыда елдің ауызбірлігі, ынтымақ­таса өмір сүру қандай ма­ңызды екенін бағамдайсың, бейбіт өмірдің қадірін түсінесің.

Өткен уақытқа бір сәт назар салсаң, орын алған кемшіліктерді, талай келеңсіздіктерді байқай­сың. Қоғамда әлеуметтік, әділеттілік орын алып, әркім еңбегіне қарай табысын, игілігін көргені абзал. Елімізде қымбатшылықтың ауыз­дықталмай отырғаны, алаяқ­тар­дың көбейіп кеткені, жемқор­лық пен қоғамдық тәртіпті нығай­ту, ауылды жерлерде мал ұрлы­ғы­ның өршуі халық арасында наразы­лықты қоюлата түседі. Әлеу­меттік салаларда әділдік орны­ғып, Мемлекет басшысы тара­пынан қолға алы­нып жат­қан шаралар оң өзгерістерге әкелуге тиіс. Міне, сондықтан да Пр­езидент сайлауы Әділетті Қазақ­станға тың мүмкіндіктер беріп, түбегейлі өзгерістерге бетбұрыс жа­­сап, экономикалық дағдарыстан шы­ғуға жол ашады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев білім саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасында ғы­лы­ми әлеуетті нығайту үшін қы­руар қаржы бөлуді жоспар­­­лап отыр. Сондай-ақ Мемле­кет бас­шысының тапсырмасына сәйкес жас ғалымдарды қол­дауға жыл сайын 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жалпы, бағдарлама аясында білім беруді қаржылан­дыру көлемі еселеп өсуде.

Ал өзіміздің салаға келер болсақ, институттың мемлекет­тік ғылыми-зерттеу мекеме ретіндегі негізгі міндеттері – қазақ­стандық қоғамның зияткерлік және руха­­ни-адамгершілік әлеуе­тін дамыту­ға бағытталған фило­софиялық-дүниетанымдық, фи­ло­софиялық-әдіснамалық, сая­сат­танулық, дін­танулық және әлеу­меттанулық зерттеулер жүргізу. Бүгінде Философия, саясаттану және дінтану институты – жоғары кәсіби ғылыми-зерт­теу орталығы. Институт оның құры­лымын айқындайтын үш басты ба­ғыт бойынша жұмыс істейді: философия, саясаттану және дінтану. Институт қабырғасында Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-мен бірле­се отырып «Ғылым ордасы» негі­зінде ғылыми-зерттеу инсти­тут­тардың ғы­лыми кадрларды даяр­лау да оң жол­ға қойылған. Ғылым мен білім­нің бірігуі жобасы аясында жас ға­лым­дар білім алып жатыр.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауда еліміз­дің білім-ғылым саласына қомақты қаржы бөлу керек деп тиісті орын­дарға тапсырма беруі ғалымдар құл­шынысын арттырып, ғылымның дамуына тың серпін беруде. Ғылым мен білімге едәуір көңіл бөлінетін болса, біздің дамыған елдердің қатарына қосылатынымыз анық. Осы орайда Философия, саясаттану және дінтану институтының ғалымдары қатарында ғылымға ден қойған жастардың үлесі айтарлықтай. Олардың әлеумет­тік ахуалы да жақсарған. Бүгінгі таң­да әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған әл-Фараби бабамыздың ілі­мін әрі қарай зерттеп, танып-білу, оны ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес құндылық. Сондай-ақ біз ұлттық сананы жаңғырта­мыз және бәсекеге қабілетті ұлт қа­лып­­тастырамыз десек, ұлы Абай­дың шығармаларын одан әрі насихаттай беруіміз керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай еліміздің одан әрі даму барысына орай нақты тұжырымда­ры анық көрсетілген. Бұл тұрғыда алға қойылған нақ­ты міндеттерді атап өтсек, онда көрсетілген жалпы қоғам мен респуб­ликадағы демократия­лық үр­дістердің кеңейе түсуіне, мем­лекеттік басқару орган­дарын дамытуда жауапкершілікті арт­тырудың алғышарттары ай­қын көрсетілген. Халықтың әл-ауқа­тын арттыру, әлеуметтік жағ­дайды жақ­сартудың ғылыми негіз­деріне үңіліп, бағдар­лама­лық құжат­тарда сындарлы сараптама жасау негізгі міндет ретінде танылды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда экономи­калық мәсе­лелерге қатысты бірқа­тар жайт­қа, атап айтқанда экономи­ка­ның ши­кізат өндірушіден білім экономи­касы және иннова­ция саласына өтуге орай ұсыныстарын қадап айт­ты. Бұл шаралар бір­тіндеп жүзе­ге аса бастады. Демек елімізді әлеу­меттік-эконо­ми­калық дамудың жаңа сапалы дең­гейіне шығару Қ.Тоқаев сая­сатының заңды бағы­ты және рес­публикамыздың тәуел­сіздік жыл­дары қол жеткен жетіс­тігінің сая­си-әлеуметтік реформа­сының сабақтастығы саналады.

Биліктің халықпен тиімді әрі тұрақты диалогте болуы өте ма­ңызды. Сол себепті азаматтық қо­ғаммен белсенді араласуды арттырып, әрдайым байланысты нығайту мақсатында, қарапайым адамдармен тікелей қатынаста болу мүмкіндігін арттыру қажет. Бұл бағытта заманауи цифрлық коммуникация­ның тиімділі­гін пайдалана отырып, өзара іс-қи­мылды арттыруда ашық алаңдар құру қажет. Мемлекет тұрақты түрде жұмыс істейтін, жаңа­дан құрылған Ұлттық кеңес қоғамдық сенім ұйымына үл­кен үміт артады. Қоғамдық сенім артқан ротациялық меха­низм арқылы Ұлт­тық кеңес мүшелеріне мемлекет басшылығы жұртшы­лық­тың әртүрлі саладағы өкіл­дері­нің пікірлеріне құлақ асып, көзқарастарына назар аударады. Сондай-ақ бұл алаң жұрт­шы­лықтың сан алуан қоғам­дық пікірі мен инновациялық идеяларына назар аударып, қоғамның ал­дындағы маңызды мәселелерді шешуге жол ашады.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Digital Bridge-2022 халықара­лық технологиялық форумына қатысып, іс-шараның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде сарапшылардың болжамы бо­йынша, он жылдан кейін əлемде өнімдер мен қызметтердің 70 па­йызы цифрлық платформа­лық модельдер негізінде құрылаты­нын мəлімдеді. Мұндай жағдай­да Қазақстан өзіне Еуразиялық кеңіс­тік­тегі ең ірі цифр­лық хаб­тар­дың бірі­не айналу стра­те­гиялық міндетін қой­ды. Мем­лекет басшысының ай­туын­­ша, бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның цифр­­ланған мемлекеттер рей­тин­гінде үздік отыз елдің қата­рына кіреді. 

Елімізде президент сайлауы­на орай саяси бәсеке басталды. Осы­ған орай саяси партия­­лар өздерінің съез­дерін өткізуге әзір. Мемлекет басшысы жаңа стратегияға сəйкес басты мем­лекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санайтынын жеткізді. Бұл қадам азаматтардың əл-ауқа­тын арттыру жəне елді өркендету жолындағы ортақ жұмысты жан­дан­дыруға мүм­кіндік береді.

Президент сайлауы осындай кезең­ге сәйкес келіп отыр. Осы тұр­ғыда қандай жағдай болса да Мем­лекет басшысы атап көрсет­кендей, сайлауды әді­летті өткізу, халық мүд­­де­сіне сай келетіндей, қалың бұ­қара­­ның талап-тілегімен сана­сып, демо­кра­тияның міндет­терін сақ­тай отырып ілгері басу маңызды.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы