Аймақтар • 06 Қазан, 2022

Орманмен сырласқан ғалым

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мынау ешқандай өлшемге сыймайтын алмағайып өмірде «өз орнымды таптым» деп кесіп айтатындар бар ма екен? Бар болса, солардың қатарына ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ауыл шаруашылығы ғылымдары акаде­миясының академигі, ҰҒА-ның құрметті академигі, «Бурабай ауданының құрметті азаматы» Болат Мәжитұлын нық қосуға болатындай.

Орманмен сырласқан ғалым

Бүгінде ағамыздың жанында жүріп, тәрбиесі мен шарапатын көрген замандастарым ол кісіге қаратып, «кабинеті – кең дала мен қара орман» деген сөз­ді тауып айтып жүр. Те­ңеудің дәлдігі – ол кісінің бүкіл саналы ғұ­­мырын орманға қыз­мет етуге ар­нағанында, оның ішінде 27 жыл бойы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын сел­кеусіз басқарғанында деп білеміз.

Бұл қызметке ол топ етіп түсе қалған жоқ. Алматыдағы Ауыл ша­руашылығы инс­ти­тутын үздік бітірген 1972 жылы жоғарыда аталған ҒЗИ-дің ас­пи­рантурасына қалдырылған. Содан бері бүкіл лауазымдық сатыдан өтіп, қазіргі күні инс­титут директорының кеңесшісі қызметін абы­роймен атқарып жүр. Дәл осыдан кейін аға­мыз Қазақ елінің орман-тоғайы, қа­рағай-қайы­ңымен серіктес сыр­ласып өскен жан десек жара­сады. Ал білікті маманның кез кел­ген әңгімесінің тұжырым түйін­дері орман әлемінің ғылыми нұс­қа­ларына тіреліп, то­қай­ласып жа­татынын да заңдылық деп ұғы­намыз.

Ғылым демекші, орманшы­­­­лық қазақтың дәстүрлі кә­сі­бі емес. Онда ғылыми жаңа­лық ашу тау басынан құдық қаз­­ғанмен пара-пар. Бейнеті мол, кедергісі қи­сапсыз шаруа бұл түсінгенге. Салысты­­рып қарайықшы. Мысалы, ас­тық да­қылдарын, оның жаңа сұ­рып­тарын шығарумен айналы­сатын ғалымдар көктемде еккен дақылының күзде қалай өс­кенін көре алады. Қай же­рінде дұрыс, қай жерінде қате жібергендігін сараптайды. Ал орман шаруашылығында мүлде басқаша реңк қалыптасқан. Ай­талық, орманшы ағаш көшетін отырғызатын болса, оның бой салып өсуін, жапырағының ж­а­йылу­ын, кәдімгі ағаш қалпына енуін қаншама жыл тосуы керек. Сондықтан да ғылымның бұл саласы ғалымнан айрықша төзім­ді­лікті, шыдамдылықты талап етеді.

Біз куә болған мына бір мәсе­лені ма­ңызды санаймыз: 2016 жылы Президент аталған ғы­лыми-зерттеу институтында болды. Астананың жасыл белдеуін қалыптастырып жатқан кезде жас өскіннің түрі мен тегін, будандық аудандастырылуын, сұраныстағы тұқым дайындауды, оған қатысты ғылыми негіздемелер мен ұсы­ныстарды басшылыққа алу қа­жеттігі айтылды. Институт қа­рауын­дағы дендробақ, арборетум мен популетум сияқты буындар бұл ба­ғытта назар саларлық жұ­мыс­тар атқарған.

Ғылым ордасы құрылған бойда профессор В.М.Савичевтің Бурабайдың орман орамдарында өсімдіктердің 500 түріне сы­нақ жүргізуге мүмкіндіктің бар екендігін дәлелдеген жобасы ма­құл­данып, арнайы дендробақ іске кіріскен. Оның аумағы 44,3 гек­тарды алып жатыр. Мұнда өсім­діктің 2 мыңнан астам түрі зерт­телді. Бүгінде соның 30 ұялас тар­мағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып қалды. Жа­ғра­­пиялық тегін тарқатсақ, ден­дробақтағы өскіндердің 25,6 па­йы­зы еуропалық, 22,5-і сібірлік, 21,1-і солтүстікамерикалық, 14,4-і қиыр-шығыстық, 9,2-сі жапон-қытай аумақтық, 7,2 па­йыз­ы ортаазиялық түп тамырға жатады. Бұлар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді.

Дендробақпен қолтықтас ар­­боре­тум мен популетумның та­биғи құндылық­тарымызды есе­леудегі орны да өлшеусіз. Мұн­да жолы түскен кісі өсімдік­тер әлемінің қиял-ғажайып құ­шағына еніп кеткендей тебі­ренері сөзсіз. Табиғаттың қатал­дығына қара­мас­тан, осынау 11 гектарлық ал­қапта аса құнды өсімдіктер жай­қалып тұрады. Қазіргі сақтал­ғанының өзі 350 түрді қам­тиды. Саналуан мақ­сатта пайдаланылатын ағаш­тар­ды айтпағанда, дәрілік шөптер, жұпар гүлдер, саялы бұтақтар, жеміс-жидектердің қалыңдығы қайран қалдырады. Бүгінде Бу­рабай дендробағына қатысты 150-ден астам ғылыми еңбек жазылып, ұжымдық жи­нақ­тарды қоспағанда, 70-ке тарта кітап жарық көрді.

Бірақ институт директоры Мем­лекет бас­шысының алдында бұлардың бірін де айтқан жоқ. Айтқаны мынау: «Орман алабына көзқарастың біржақ-тылығы қынжылтады. Бәрінен де барымызды сақтауға дәнекер болып отырған ғылыми дендробақтың бағы тайғаны өкіндіреді. Соңғы он жылда маңызды ны­санның қаржыландырылуы мүлдем жұ­таң. Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы жоқ­тан бар жасап отыр. Ға­лымдар да үздіксіз дабылдатуын қояр емес. Алайда селт ет­кендей серпіліс ша­малы». Осы сәтте орманшы ға­лым­ның отаншылдығына, «қа­ра ор­ма­нымыздың» қалыңдай түсуі жолындағы шыр-пырына тәнті болғанбыз. Бұл дабыл көп ке­шікпей «Еге­меннің» араласуы­мен Парламент Сена­тында қа­ралып, тиісті мәселелер көте­рілді.

Академик ағамыз орман ша­руашылығын жүргізудің ғы­лы­ми негіздемелік жүйе­сін қа­лыптастырып, Қазақ­стан­ның әртүрлі табиғи аймақта­­рында ландшафттық құры­лым­­­дағы қорғаныштық орман өсіру, елі­міз­дің орман қоры мен эко­ло­гиялық апат аймақ­та­рындағы (Бал­қаш өңірі, Арал теңі­зі­­нің құрғаған жерлері) агро­ор­ман­ме­лиорациялық қыз­мет­тің тиімділігін күшей­туін, кө­гал­дан­­дыру мақсаттарындағы ал­қа­ағаш­тар түрін көбейту мен оның жерсінуін қамтамасыз ету, тағы басқа маңызды бағыттарда жемісті еңбек етті. Ол 120-дан астам ғылыми жұмыс жариялады. Соның ішінде 3 монография, 2 оқулық, шетелдік беделді басылымдарда нөлдік емес импакт-фактор негіздері тақырыбында жарық көрген мақалалар бар.

Белгілі ғалым 7 инновациялық және авторлық патенттің, 2 арнайы куәліктің иегері. Бұған қоса, жай қарағайдың төрт түрі­нің авторы саналады. Бұдан да бас­қа ғылыми еңбектері академик А.Ба­раев атындағы І дә­­режелі сый­лықпен, халық­ара­лық салалық медальдармен атап өтілді. Ол Ресейдің «Ор­мантану» және «Ор­ман ша­руашылығы ақпараты» жур­нал­дарының редакция алқа­сының мүшесі ретінде де танымал. Мұн­дай биік абыройға ор­манмен бірге тыныстаған, оның сырлы әуенімен қуаттанған адамдар ғана бөленетіні анық.

 

Бақберген АМАЛБЕК

 

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар