Әлем • 06 Қазан, 2022

Nord Stream Батысқа қарсы «қару» ма?

190 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ресейден Балтық теңізі арқылы Еуропаға газ тасымалдайтын жалғыз құбырдың істен шығатын қаупі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы «Солтүстік ағынға» қойылған жарылғыш заттардың көлемі айтарлықтай көп екенін мәлімдеді. Естеріңізде болса, бұған дейін Ресей Еуропаға жіберілетін газ қысымы мен көлемін азайтқан еді.

Nord Stream Батысқа қарсы «қару» ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Сарапшылар құбырға бомбаларды техникалық қызмет көрсету робот­тары қоюы мүмкін деп болжайды, сондай-ақ олар құбырда көп мөлшерде метанның жиналуына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Дания мен Швеция БҰҰ-ға ұсынған баяндамасын­да Бал­тық теңізіндегі Nord Stream газ құбыр­ла­рында бірнеше жүз кило жарылғыш зат жарылғанын айтады, соның салдарынан құбыр тесіліп, газ суға ағып жатыр. Ал БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағ­дар­ламасы өткен жұма күні бөлінген метан мөлшерінің көптігі бұрын-соңды тіркелмегенін мәлімдеді. The Guardian ба­сылымының ақпаратына сәйкес неміс би­лігі де екі құбырға жасалған дивер­сия­лық шабуылдарға жарылғыш заттар себеп болды деп есептейтінін хабарлаған.

Ал ЕО, НАТО, Польша, Швеция және Дания үкіметтері құбырдың тесілуі әдейі жасалған әрекет деп отыр. ICOS барлық Еуропада жұмыс істейтін парниктік газдарды бақылау жүйесінің мәліметтері бо­­­йынша өткен дүйсенбіден бері екі құ­быр­дан шығып жатқан табиғи газдан бөлінген метан­ның үлкен бөлігі Балтық те­ңізіне ағып кетудің аз-ақ алдында тұр­ға­нын көр­сетті.

«Қазірде Ресейден Германияға газ тасымалдау үшін салынған екі құбыр да газбен толтырылған, алайда осыған дейін біреуі ғана жұмыс істеп келді, енді жарылыс салдарынан екеуі де жарамсыз болды», деп мәлімдейді The Guardian. Spiegel жаңалықтар журналының ақпа­ра­ты бойынша газ құбырлары төрт жер­ден жарылған, ол үшін ауыр әуе бом­ба­сының жарылу қуатына тең 500 кг тротил қолданылған. Құбырлардағы ақау анықталған бойда неміс мамандары жары­лыс­тардың күшін есептеу үшін сейс­микалық зерттеулер жүргізді. Зерттеу нә­ти­жесі әлі анықталып жатыр.

Жарылыстардың алғашқы белгілерін өткен дүйсенбі күні таңертең Данияның сейс­мологиялық стансасы Балтық теңізі аква­ториясында орын алған жайсыз әре­кет­тен кейін анықтаған. Данияның Борн­холм аралындағы бақылау стансасы күші жоғары жерасты дүмпулерін тіркеді. Швеция жағалау күзетінің өкілі Франс Пресс агенттігіне берген сұхбатында «Шве­ция аумағында екі және Дания жа­ғында екі ағын бар», екенін айтады. Жарылғыш заттардың құбырға қалай түс­кені жұмбақ күйінде қалып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстар 70-90 метр тереңдікте болған.

Жарылғыш заттар шағын сүңгуір қа­йықтар арқылы жеткізілуі мүмкін дегенді айтады сарапшылар. Дегенмен мамандар мұндай күшті жарылыс­тарды тудыруы үшін қажет болатын жа­рыл­ғыш заттардың мөлшеріне сүңгуір қайықтардың әлеуеті жетпейтінін алға тартады. Сарапшылардың бірі бомбаларды құбыр құрылымының ішінде жұмыс істейтін, техникалық қызмет көр­се­тетін роботтар жөндеу кезінде қой­ған болуы мүмкін деп пайымдайды. Егер бұл болжам расталса, Еуропаның Ресей билігіне деген күдігіне салмақ қосары белгілі. Бұған дейін Мәскеу Еуропаның энергетикалық инфрақұрылымын жоюға қабілетті екенін бірнеше рет атап өткен еді.

Өткен жұма күні Владимир Путин АҚШ пен оның одақтастарын құбырларды жарып жіберіп, дағдарысты ушықтырды деп айып­тады. Ресей президенті Украина­­ның төрт аймағының аннексиялануына байланысты сөйлеген сөзінде ешқандай дәлел келтірместен «Англосаксондарға қар­сы санкциялар жеткіліксіз болды: олар диверсияға айналды. Сену қиын, бірақ олардың «Солтүстік ағын» халық­аралық газ құбырларында жарылыстар ұйым­дастырғаны шындық», деп мәлім­де­ген болатын. Қазір мамандар метаннан шыққан бұлттар мұқият бақыланып отырғанын айтады. ICOS-тың ауа сапасын талдау бөлімі Балтық теңізінің үстінде қа­лықтап, Еуропа бойымен қозғалатын газдан бөлінген үлкен бұлттардың кадр­ларын көрсетті. Сонымен қатар Швеция, Норвегия және Финляндиядағы метан өлшеу стансалары соңғы күндері метан құрамының күрт артқанын көрсетті. Онда шы­ғарындылардың көлемі Париж не­­месе Дания сияқты елдің аумағымен бір­дей, метанның жылдық мөлшеріне сәйкес келеді делінген. «Бұл өте нашар көрсеткіш, бұл бұрын-соңды анықталған ең үлкен метан шығарындылары. Қазір оларды азайту қажет болған уақытта, тіпті пайдасыз, зияны көп болып отыр», деді UNEP халықаралық метан шы­ға­рын­дылары мониторы басшысының мін­детін атқарушы Манфреди Калта­ги­роне Reuters агенттігіне. Ал ICOS ба­қылау спутниктері бұлтты ауа райына байланысты шығарындыларды анықтай алмай отыр деп мәлімдеді.

Сонымен қатар норвегиялық ауаны зерттеу институтының профессоры Стивен Платт «Біздің болжамымызша, аймақтағы жел метан шығарындыларын солтүстікке Фин архипелагына қарай апарып, содан кейін Швеция мен Норвегияға бұрылды», дейді.

Германияның қоршаған ортаны қор­ғау жөніндегі федералдық агенттігі бол­­са, ат­мосфераға 7,5 млн тонна СО2 экви­­ва­­лентіндегі шығарындылар тара­ға­нын айтады. Бұл Германияның жалпы жыл­дық шығарындыларының шама­мен 1 пайызына сәйкес келеді. Елдің Сол­түс­тігіндегі Варнемюнде қаласындағы Лейбниц атындағы Балтық теңізін зерттеу институтының өкілі Грегор Редер Spiegel журналына «Бұл шығарылған парниктік газдардың мөлшері климатқа қатты әсер етеді», деді. Өйткені метан – ең күшті парниктік газдардың бірі, атмосфераны 100 жыл ішінде көмірқышқыл газынан шамамен 30 есе жылытады.

Бұл олқылыққа әсіресе Норвегия қатты алаңдаулы, өйткені Норвегия Еуропаның негізгі газ жеткізушісі және шамамен 9 мың км құбырдың қауіпсіздігіне жа­уапты. Газ жеткізудегі кез келген үзіліс дереу энергетикалық дағдарысты тудыруы мүмкін, ал қолданыстағы құ­быр­лардың жарылуы экологиялық апатқа әкеледі. Өз күшіне қоса, Осло НАТО одақтастарынан оның инфрақұрылымын патрульдеуге көмектесуді сұрады. Нор­ве­гияның премьер-министрі Йонас Гар Сторе жарылыстардан кейін елдегі мұнай-газ бұрғылау қондырғылары мен құбырлардағы әскери және полиция патрульдерін күшейтуді бұйырды. Өткен дүйсенбіде, Норвегияның мұнай қауіпсіздігі басқармасы елдің теңіздегі мұнай және газ бұрғылау қондыр­ғы­ла­рының маңында белгісіз ұшқышсыз ұшақтардың ұшып жүргенін хабарлаған еді. Осы орайда, Ұлыбритания қорғаныс штабының басшысы, адмирал Тони Радакин Корольдік Әскери-теңіз күш­те­рі сенсорлар мен автономды суас­­­ты ұшқышсыз ұшақтар арқылы суас­ты инфрақұрылымын патрульдеу және қорғау үшін көпфункционалды ма­ман­дандырылған мұхитты бақылау кемесіне тапсырыс бергенін мәлімдеді. Ұлыбритания Әскери-теңіз күштері осындай екі кемені 2024 жылға дейін сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ұлыбритания билігі норвегиялық бұрғылау қондырғыларының маңында ұш­қышсыз ұшақтарды байқап, «Сол­түстік ағын» құбырларына зақым кел­геннен кейін британдық мұнай бұрғы­лау қондырғыларының бұзылмауын қамтамасыз ету үшін «сақтық» шараларын қабылдауда. Жағдай шиеленіссе, MI5, Корольдіктің Әскери-теңіз және Әуе күштері қауіпсіздік шараларына жұмылдырылуы мүмкін.

Батыс қорғаныс шенеуніктері соң­ғы айларда теңізде ресейлік сүңгуір қа­йық­тардың белсенділігінің артуы бай­­қалмағанын айтқанымен, ресейлік сүңгуір қайықтар бірнеше жыл бойы теңіз түбіндегі маңызды кабельдер мен құбырлардың маңайын торуылдағанын айтады. The Guardian келтірген мәлімет бойынша, Ресейде 1000 метр тереңдікте жұмыс істей алатын, кабельдерді өңдеуге немесе кесуге қабілетті механикалық қарулармен жабдықталған ядролық шағын сүңгуір қайықтар бар. Бұл сүңгуір қайықтар аталған аймаққа әлдеқайда үлкен сүңгуір қайықтармен жеткізіледі, ал Ресейде оларды тасымалдауға және жеткізуге қабілетті «Подмосковье» және «Белгород» атты екі заманауи кеме класы бар. «Біз Калининград пен Кольск түбегіндегі қозғалыстарды үнемі қада­ға­лап отырмыз», деді Скандинавия әскери өкілі.

Қазақстан мен Ресей арасындағы транзиттік байланысқа келер болсақ, өткен жылы Қазақстан мұнайының 97 па­йызы Ресей арқылы өзге елдерге жөнелтілген. Мұнайдың 79 пайызы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы, 18 пайызы Атырау-Самара құбыры тасымалданған, сондай-ақ 3 па­йызы Атасу-Алашаңқай құбыры арқылы Қытайға экспортталған. Ал наурызда КҚК істен шығып, үкімет шамамен 100-150 миллиард теңге зардап шеккен. Ресейге салынған санкциялар кесірінен осы жылы Атырау-Самара құбырына қатысты олқылықтардан Қазақстан да зардап шегіп, шығынға батты. Өйткені ел құбырларының бар­лығы Ресей арқылы өтетіндіктен, Қа­зақстан мұнайы Ресейдің Urals сор­тына жатқызылады. Мұнайдың бұл түрі болса санкциялар әсерінен нарықта құнын жоғалтты. Осы оқиғадан соң отандық өндірушілер ел мұнайын KEBСO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) жаңа сауда маркасымен бекітті.