Қазақстан • 06 Қазан, 2022

Қайтарылған қаржыда қайыр бар

259 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Tax Justice network халықаралық ұйымының мәліметі бойынша кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылған. Ал Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, 30 жылда елімізден 100 миллиард доллар шетел асқан. Ұлттық банктің деректерінен 2010-2021 жылдар аралығында, яғни 11 жылда 53,4 миллиард доллар қаржының сыртқа кеткенін көруге болады. Бұл ақша бүкіл Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімімен тепе-тең және еліміздің сыртқы қарызымен пара-пар. Бұл – 30 жыл бойы мұнайдан түскен табыстан 2-3 есе көп қаржы.

Қайтарылған қаржыда қайыр бар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шетел асқан қаржыны мемлекетке қайтарудың халық үшін қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Заңсыз ақша дегеніміз не? Заңсыз шетел асқан қаржыны қайтарудың жолдары қандай? Санаға ғана емес, қалтаға да, жүйкеге де салмақ түсіретін бұл сұрақтар жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін қоғамда жиі қойыла бастады. Себебі осы отырыс­­­та Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке екі ай мерзім ішінде шетелге заңсыз шығарылған қаржы мен онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныс беру міндетін жүктеген еді. Осындай нақты тапсырма берген Президент «Қоғам болып табысты әділ бөлісу мәселесінде ымыралы пайым қалыптастыру маңызды» деген пікірін де ашық білдірді.

Шетелге заңсыз шығарылған қар­жы мәселесін Мәжілістің жал­пы оты­ры­­сы­нда «Ақ жол» фракциясының депу­таты Мақ­сат Раманқұлов та кө­тер­­ді. Де­путаттың мәлімдеуінше, кейінгі бес жылда Қазақстанның құқық қор­ғау органдары қаражатты шетел­ге заңсыз шығару фактілері бо­йын­ша 200-ден астам іс қоз­ға­ған. Алай­да бұл қылмыстық іс­­тер­дің немен аяқ­тал­ғаны, нақ­ты нәтижелері тура­лы ештеңе белгісіз.

«Сонымен қатар қаң­тар қасі­ре­ті кезінде кейбір олигархтар Қазақ­стан­нан жеке ұшақтарымен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны ше­тел­дегі есепшоттарға аударғаны тура­лы ресми емес ақпарат бар», деді депу­тат.

Осыдан кейін 5 маусымда Прези­дент Жарлығымен Эконо­ми­калық ресурс­тар­дың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомс­твоаралық комиссия құрылды. Құрамына 11 құзырлы мекеме, атап айтқан­да, құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық атқарушы ор­­­ган­­дардың, Ұлттық банк, Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агент­тігі және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның бірінші басшылары кірген ко­миссияның басты қызметі – еліміз­ден заң­сыз шығарылған қаржы-қара­жат­ты елге қайтару.

Заңды ақша дегеніміз не? Ең алдымен осы сауалға жауап беріп көрсек. Экономикалық саясат институтының директоры, Президент жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыс­тан­бек­тің айтуынша, егер қар­жы шетелге еліміздің экспорттық-им­­порттық ва­лю­­талық бақылау және трансферттік баға белгілеу туралы заң­на­маларына сәй­кес шықса, онда заңды болып саналады. «Егер Қазақ­стан­да офшордағы қаржы-қаражатқа қатысты қандай да бір әкімшілік, қыл­мыстық іс қозғалмаса, ол капитал да заңды болып саналады», дейді эко­номист.

«Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-шара­лар­ды бақылайтын халықаралық FATF деген ұйым бар. FATF-тің стандарттарына сәйкес шетел асқан ақшаны заңсыз деп тану үшін 4 критерий бекітілген. Оның алғашқы екеуі – ақша аударылған елде қылмыстық жауапкершіліктің және тәркілеу іс-шараларының болуына қа­тысты. Бізде осы шарт болмағандықтан ше­тел­дік офшорда жатқан ақшаның бә­рін заңсыз деп тани алмаймыз. Қазақ­станның өзінде құқық қорғау орган­дары бұл мәселе бойынша нақты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүр­гізіп жатқан жоқ. Бар мәселе осында. Ең ал­дымен шетел асқан сол қаржы-қа­р­­а­жаттың қаншасы заңды, қан­ша­сы заңсыз екенін анықтап алуымыз қажет. Ол үшін бізге біріншіден, ха­лықаралық ұйымның басты крите­рийі­не сүйеніп нақты суб­ъект бо­йын­ша қылмыстық іс қоз­ғау қажет. Екіншіден, ақша қай елдің қандай қаржы мекемесінде жатқанын анық­тап, сол елмен мемлекетаралық ке­лі­­сім­­шарт жасасу керек», дейді Қ.Арыс­тан­бек.

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі қоғамдық ке­ңе­­сінің төрағасы Марат Бәшімов бұл мәселенің бір ұшы Азаматтық кодекстегі 160-бапта жатқанын ай­та­ды. Бұл бап «Жал­­ған немесе қулықпен жасалған мә­мi­лелер» деп аталады. «Жалған мәмілелер қалай жасалады? Екі жақ шарт жасасады, құжатта басқа тарап ретінде өзге мем­лекет көрсетіледі. Тауар сатып алды немесе қандай да бір қызмет көрсетті деген сылтаумен сол елге ақша жіберіледі», деген заңгер осындай өтірікке құрылған шарттармен елімізден жыластатылған ақша жоғарыда Ұлттық банк көрсеткен қар­жы­дан 2-3 есе асып түсетінін айтады.

Мемлекет басшысының Үкіметке тап­­сырма бергеніне жарты жылдан асты, комиссияның құрылғанына 4 айдай уақыт өтті. Қоғамда «Бұл жұ­мыс­тардың нақты нәтижесін қашан көреміз?» деген сұрақтың қойылуы да заңды. Алайда сарапшылар заңсыз жасалған шарттарды анықтау, оларды сот тәртібімен бұзу, сондай-ақ ке­й­іннен активтерді қайтару ұзақ уа­қыт­ты қажет ететінін айтады. Сон­дық­­тан олар заңсыз алынған мүлікті қайтару жұмысында жүйелі жұмыс пен табандылық өте маңызды деп санайды.

Жақында осы комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек ведомствоаралық меке­менің кейінгі үш айда атқарған жұ­мыс нәтижесін жұртшылыққа жа­ри­я­­лады. Үш айдағы нәтиже – 523 мил­­лиард теңге. Экономикалық ресурстарды заң­сыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәсе­лелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия осы мер­зім ішінде осындай көлемде мем­ле­кетке кел­тірілген залалды өтеп, заң­­сыз алын­­­ған активтерді қайтаруға мұ­рын­­дық болған.

– Қылмыстық істерді тергеп-тексеру аясында мемлекетке шамамен 518 миллиард теңге, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 173 миллион доллар өтелді. Прокурордың актілері бойынша мемлекет кірісіне 5 мил­лиардтан астам теңгеге 75 мың гектар жер, сондай-ақ 600-ден­­ астам теміржол және оларға қатысты жер учаскелері қайтарылды, – деп нақ­ты­ла­ды З.Әліпбек.

Сарапшылар ШЫҰ-ға мүше басқа елдермен салыстырғанда бұл өте жақ­сы көрсеткіш екенін айтады. Мә­се­лен, Өзбекстан Республикасында 20 млн дол­лар­ға жуық активтер қай­та­рылса, Ре­сей осы жылы 3,5 млн дол­­лардан астам қаражатты қайтарып ал­ған.

З.Әліпбек қоғамда қызу талқы­лан­ған істерді тергеп-тексеру комис­сия­ның ерекше бақылауында болатынын да жасырмады. Мәселен, комиссия таратқан ресми мәліметте, Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев пен «ӨКМ» ЖШС операторының басшыларына қа­тыс­ты жүргізген жүйелі жұмыстың нәти­же­сінде, қазір шамамен 230 миллиард теңге қайтарылғаны туралы айтылады. Бұл қаржы олардың шетелдік юрисдикцияларынан қайтарылған.

Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріп жатқан іс бо­йынша айыпталушылар Люксембург­тен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қай­тарған.

Бас прокурор Берік Асылов басқа­ра­тын комиссия сондай-ақ кеден­дегі олигополиямен күреске де ерекше ден қойып отыр. Комиссия іске кіріскен 4 айдың ішінде 7 оператордан шамамен 60 млрд теңге өндіріліп алынған.

Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек Үкімет актілері мен сот ше­шім­­­дерін, оның ішінде мемлекеттік ак­тив­терді олигополиялардың пайдасына жекешелендіру және иеліктен шы­ғару туралы шешімдерді зерделеу жұмыс­та­рының әлі де жалғасатынын айтады. «Бұл сандар – комиссия жұмысының басы ғана. Шетел асқан дүние-мүлік пен қаржыны қайтару ісі әлі де қаузала береді», дейді ол. Қа­былданған шараларға байланысты бұл жұмыстардың кейбіреулері өз нә­ти­желерін беріп жатыр.

– Бас прокуратура жүргізген тек­­се­ру­лердің қорытындысы бойын­ша 10 уә­кілетті экономикалық операторға 107 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді.

Биыл тамызда 6 оператор, атап айт­қанда Almobi Group, «Ехргеѕѕ Кеден Сервис», Group of the companies TDA, Ai-To Progress, Global Logistics Ved және
«TL NIKA кеден» жа­уап­кершілігі шектеулі серік­тес­тік­тер бюджетке 2,7 млрд теңгені өтеді. Сы­байлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агент­тігі Tex Alliance ЖШС-ға қа­тыс­ты тергеп-тексеру аясында қабыл­да­ған шара­лардың нәтижесінде биыл 2-15 қыркүйек аралығында 56,9 млрд теңге өнді­ріліп алынды, – деді Зейін Әліпбек.

Бұдан басқа, қадағалау актісі бо­­йын­ша мемлекет кірісіне «Каз­ГерСтрой БК» ЖШС-дан Ақ­мола облысы Цели­но­град ауданы әкім­дігі алдындағы мін­дет­те­мелерін орын­дамағаны үшін 330 миллион теңге мөлшерінде залал өн­ді­ріл­ген. «Қызылжар орман шаруа­шы­лығы» КММ мемлекеттік мүлкі СҚО әкімдігінің тең­ге­ріміне қай­­тарылды, ол 149 миллион теңгеге «TranscomLTD» ЖК-нің пайдасына заң­сыз иеліктен шыға­рыл­ған. Осы­лай­ша, са­тып алу-сату шарты бұзылды.

Экономикалық ресурстарды заң­сыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәсе­лелері жөніндегі ведомс­тво­ара­лық комиссия сонымен қатар олиго­полияның меншігіне берілген объек­ті­лерді сатып алу-сату шарттарын жа­рамсыз деп тану және мемлекетке қай­тару бойынша жұмыс жүргізуде.

З.Әліпбектің ақпараты бо­йын­ша бүгінде сот­­тарда жалпы 13,5 млрд тең­геге жуық мүлікті мем­ле­кет­­тік мен­шікке қай­тару тура­­­лы про­ку­рор­дың 10 талап қоюы қара­лып жа­тыр. Олардың ішінде: астаналық «Шапағат» базары, Шымкенттегі қо­қысты қайта өңдеу кәсіпорны – «Таза қала» МКК және «ЛТД Тұр­мыс» ЖШС Шымкенттегі «Қазақ ин­но­вациялық университеті» ЖШС-ға тиесілі, құны 4,5 млрд теңге болатын 150 гектар жер учаскесі, «Сарыағаш» санаторий-курорттық кешеніндегі 1,44 гектар жер, Ақмола облысындағы 17 мың гектар жер учаскесі, Алматыдағы құны 2,9 миллиард теңге болатын 3,84 гектар жер учаскесі, бағалау құны 1,5 миллиард теңге болатын «Найза-БН» ЖШС («Барыс-4» базары) жарғылық капи­та­лы­ның 65 па­­­йызы бар.

– Бұдан бөлек, активтерді кейіннен шығару, экономикалық ресурстарды моно­­полиялық (олигополиялық) шоғыр­­ландыру мақсатында мем­ле­­кет­тік мүлікті заңсыз иелену, мін­дет­те­мелерден, оның ішін­де салықтық міндеттемелерден жал­тару фактілерін анықтау тұрғы­сы­нан азаматтық істер бойынша сот акті­леріне тексеру жүр­гі­зіліп жатыр.

Қазір 21 миллиард теңгеге олигополия өкілдерінің пайдасына шы­ға­рылған сот шешімдерін қайта қа­рау туралы Бас прокуратураның 11 нара­зы­лығы Жоғарғы соттың қара­уын­да жатыр, – деп хабарлады Зейін Әліпбек.

Ашықтықты қамтамасыз ету және жұмыс нәтижелері туралы халық­қа дер кезінде хабар тарату үшін комис­сия­­ның веб-сайты іске қосылып, ол мем­лекеттік органдардың интернет ресурс­та­рының бірыңғай платформасында орналастырылған. «Ресми сайттағы арнайы бөлім арқылы кез келген адам хабарлама қалдырып, ко­миссия қызметінің мәселелері бо­йын­ша ұсыныс енгізе алады», дейді З.Әліпбек.

Өз кезегінде Президент жанын­дағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров комиссияның веб-сайты сенімді дереккөзден рас­тал­ған ақпаратқа сілтеме жасау үшін өте маңызды екенін атап өтті. «Аздаған топтың қолында ауқымды қаржы ресурстарының болуы әрдайым БАҚ пен саясаткерлерге ықпал ететінін анық түсіну керек. Сондықтан заңсыз алын­ған активтерді қайтару процесі қар­сылық пен тапсырыс ақпарат ағы­нына тап болады. Комиссияның ресми сайты осы мақсатта іске қосы­лып отыр. Мұнда тек комиссия қыз­ме­тін­де пайдалануға болатын ақпарат ұсы­ны­ла­ды», дейді ол.

ҚСЗИ сарапшысы заңсыз жолмен алынған барлық мүлік мемлекет­ке қайта­ры­латынын, алайда оған жүйе­лі жұмыс пен табан­ды­лық керек екенін айтады. «Қазір біз өте маңыз­ды тенденция­­­ны – жеке тұлға­лар­дың экономикалық мүдде­ле­рінің мем­ле­кеттік органдарға және олар қабыл­дайтын шешімдеріне ық­па­лының төмендеуін байқап отыр­мыз. Қазақстан бұл жағдайда эко­но­микалық ресурстардың санаулы тұл­ғалар қолында шоғырлануына қарсы белсенді күрес жүргізіп жатқан жал­ғыз ел емес. Сондықтан шетелге заң­сыз шығарылған активтерді қайтару мә­се­лесінде Қазақстанның шетелдердің қаржылық барлау бөлім­ше­лері, сондай-ақ Carin (Еуропа) және Arin AP (Азия және Океания) ха­лық­аралық ақпарат алмасу желілері се­кіл­ді сенімді серіктестері бар», деді ҚСЗИ қызметкері.

Алайда сарапшы ақпарат жинау үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана екенін ескертеді. Оның пікірінше, көп жағдайда активтерді шығарудың заңсыз жолдары делдалдар арқылы мұқият жасырылып, ақша мен басқа да активтерді аудару тізбегіне қаты­са­тын жалған тұлғалар үшін шоттар жасалатындықтан қолда бар ақпа­рат­ты мұқият талдау айтарлықтай уа­қытты талап етеді. «Қазіргі таңда мем­лекеттік органдар шетелдегі әріп­тес­терінен ақпаратқа сұраныс беру бо­йынша жұмыс жүргізуде. Осы мақ­сатта Қазақстан Дүниежүзілік банк­тің Ұрланған активтерді қайтару бас­­тамасымен («СтАР») және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі бас­қар­масымен ынтымақтастық орнатты.

Комиссия жұмысы өз жемісін бе­ріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жігерлі шешімінің нәти­же­сі. Бұл жұмысты Бас прокура­ту­ра және басқа да уәкілетті орган­дар активтер иелерінің орасан зор қар­сылығы жағдайында жүр­гізіп отыр. Бірақ заңсыз алынған актив­терді қайтару – маңызды мәсе­ле. Оны шешу үшін саяси ерік те, құқықтық база да, халықаралық ақ­параттық-ұйымдастырушылық ин­фра­­құ­рылым да жеткілікті. Жақын арада Қа­зақ­­стан­ға қомақты экономикалық ресурс­тар қайтарылып, халықтың игілігіне бағыт­талады деген үміт бар», дейді Е.Тоқтаров.

ТҮЙІН. «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек».

«Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-тараж­ға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйым­дас­ты­ру­шыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды».

Естеріңізде болса, бұл екі мәселені ел Президенті қыркүйектегі Жолдауында айт­қан болатын. Алайда шыны керек, қазір қарапайым халықты толғандыратын сұрақ өте көп. Мәселен, «Шетелге заңсыз шығарылған ақша «қайтарымы қиын қаражатқа» айналып кетпей ме?», «Заңға қайшы жасалған келісімдердің барлығы әшкерелене ме?». «Комиссия жұмысына қоғамдық бақылауды арттыру қажет пе?» деген сенімнен күдігі басым сұрақтар жиі қойылады.

Әділетті Қазақстанның ең басты белгісі әділеттілік деп айшықтап алдық. Ендеше, әділеттіліктің басты қағидаты заңдылықты бекітуден бастау алатынын дәлелдейтін уақыт келген секілді.