Ұлттық спорт • 07 Қазан, 2022

Асық атудан әлем чемпионы

442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аға буыннан асық ату ойыны туралы сұрасаңыз, көбіне мұғалімдерден жасырынып ойнағандарын айтады. «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар», деген сөзді ұстаным еткендерін де жасырмайды. Ал бүгінде асыққа деген көзқарас мүлде өзгерген. Ұлттық ойынды насихаттап, бүгінгі буынға үйретіп жүргендердің қатарында мұғалімдер көп.

Асық атудан әлем чемпионы

Жуырда Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы мектеп мұғалімі Алмас Қарабаев Румынияда асық атудан өткен жарыста әлем чемпионы атанды. Сегіз жылдан бері асық ату спортымен кәсіби тұрғыда шұғылданып келе жатқан Алмас спорттың бұл түрінен ұлттық құраманың капитаны. Алмаспен бірге Қазақстан құрамасы атынан өнер көрсеткен тағы екі спортшымыз Румыния елінде өткен додада жеңіске жеткен. Қырғызстан, Түркия, Пәкістан, Молдова, Болгария сынды әлемнің 8 елінен келген саңлақтар бақ сынаған додада отандастарымыз жеңімпаз атанды. Шешуші сында Молдова құрамасымен командалық кездесуде үш жігіт те қарсыластарын ұтты. Алмас Қарабаев – Түлкібас ауданындағы А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бұған дейін баскетбол, күрес сынды спорт түрлерімен айналысқан ол 2015 жылы асық ату жарысында бағын сынап, көзге түскен. Яғни сол жылы Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құрамаға қабылданды. Бүгінде Қазақстан кубогі мен чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері. Биіктен көрі­ніп жүрген шәкірттері де аз емес. Биыл 9 шәкірті Қазақстан чемпионы атанды.

Алмас оқушылардың асық атуға қызығушылығы артып келе жатқанын, үнемі білмегенін сұрап отыратынын айтады. Одан бөлек, қосымша үйірме ашқан. Шәкірттері «асық» және «бес асық ату» спорт түрлерінен Қазақстан чемпионатының және ұлттық ойындар чемпиондары атанып, сенімді ақтап келеді.

«Қазір баяғыдай емес, асық ату спорты дамып жатыр. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Тек кейбір адамдар асық атуды баланың ойыны деп қабылдайтыны қынжылтады. Неге десеңіз, бұл – нағыз спорт. Асық ату мергендікті, шапшаңдықты қажет етеді. Мәселен, ойынға екі бала шықты делік. Олар бір ойнағанда 15 минут тоқтаусыз бақ сынасады. Үш тайм болады. Сонда олар 45 минут жүгіріп, қозғалыста жүреді», дейді Алмас.

Иә, бүгінде асыққа қорғасын құйып, әдемі сақа еткісі келетін бала көбейген. Сол салмақты сақамен ортаға тігілген асықты шиыра атқанда бүкіл баланың делебесі қозады. Ұстаздың айтуынша, балаларды өзара тартыстырған асық ұтысы өте тартымды ойынға айналған. Баланы мергендікке, жылдамдыққа, ептілікке, төзімділікке, ұқыптылыққа дағдыландыратын ерекшелігімен де маңызды. Асық ойыны кезінде адамның аяқ-қолдары, белі, мойны, тіпті саусақтың, башпайдың ұштарына дейін қимыл-қозғалысқа түсіп, дене сүйектерінің сымбатты болып өсуіне оң ықпал етеді. Яғни асық ойнаған бала азбайды, шынығып, шыңдалады, ой-өрісі дамиды.

 

Түркістан облысы