Әлем • 09 Қазан, 2022

Ядролық қаруды сақтау туралы келісім

299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еуропа елдері Ресейдің қауіп-қатерінен сескеніп отыр. Өткен аптада Польша АҚШ-тың ядролық қаруын өз жерінде орналастыруы­на қарсы емес екенін мәлімдеді. Өйткені Варшава «Владимир Путин Украинада өзінің басқыншы армия­сының жолын жабу үшін ядролық қаруды қолдануы мүмкін деген қауіпті» алға тартып отыр.

Ядролық қаруды сақтау туралы келісім

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сарапшылар поляк президенті Анджей Дуданың бұл өтініші «дұрыс жасалған шешім емес» екенін айтады, өйткені «ядролық қаруларды Ресейге жақындату оларды осал етіп көрсетіп қана қоймай, әскери тұрғыдан да пайдасыз қылмақ». Ал Ақүй болса мұндай өтініш түспегенін мәлімдеді. Десе де АҚШ пен оның одақтастары Ресейді ядролық қару қолданудан тыюға тырысып жатқаны анық. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі бірнеше рет әскери жаттығулар да ұйымдастырды.

«The Guardian» басылымы «Негізі Анджей Дуданың ядролық қару туралы мәлім­демесі көршілес Беларусь конс­титуция­сына Ресейдің ядролық қаруын өз территориясында орналастыруға рұқсат беретін өзгерістерден кейін айтылған» деп мәлімдейді. Польша президенті елінің ядролық қару алмасуға қатысу әлеуетінің бар екенін айтып, онда қабылдаушы елдің ұшқыштары өз жерінде сақталған АҚШ ядролық бомбаларымен ұшуға үйретілетінін мәлімдеген еді.

Американың ядролық қаруын Польшаға беру Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (NPT) қайшы келеді. Сондай-ақ «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін 1997 жылы НАТО мен Ресей арасын­дағы актіні бұзуы мүмкін. Онда НАТО құрамын­дағы жаңа мүше елдердің аумағында ядро­лық қаруды орналастырмау туралы айтыл­ған. Алайда Ресей қазір де бұл заң бойынша бекітілген өз міндеттемелерін бұзып отыр.

Сонымен қатар ядролық сарапшылар­дың бір тобы бұл мәселе Польша немесе НАТО үшін стратегиялық мағынаға ие емес екенін айтады. Америкалық ғалымдар федерация­сы (FAS) болса Еуропада қырғи-қабақ соғыстан кейін АҚШ-тың Нидерланд, Бельгия, Германия, Италия және Түркияда 100 ядролық оқтұмсығы барын мәлімдеді. Бірақ бұл қарудың барлығы әскери тұрғыдан ескірген және Ресеймен соғыс болған жағдайда қолдануға болмайтын В61 бомбалары. Қару-жарақты бақылау жөніндегі сарапшылар оларды Еуропадан шығаруды көптен бері талап етіп келеді. Дегенмен The Guardian-ның мәлімдеуінше, олар қауіп-қатерді бақылауға мүмкіндік беретін эмпеннациясы бар B61-12 ретінде жаңартылып, осы жылы қолданылады деп күтілуде. Сондай-ақ бомбалар АҚШ-тың қазіргі ядролық арсеналының бір бөлігі болуы мүмкін жаңа F-35A Lightning II жасырын истребителдеріне орналастырылады. Осы орайда FAS ядролық ақпараттық жоба директоры Ханс Кристенсен Еуропадағы B61-12 қоймалары жаңартылып, нығайтылып жатқанын айтты. «Мұндай әрекеттің себебі қарулы күштерді күн өткен сайын артып келе жатқан ресейлік зымырандардың қауіп-қатерінен қорғау, сондықтан НАТО-ның ядролық қаруды Ресей шекарасына жақындату туралы шешім қабылдауы таңғаларлық шешім болар еді», деді Кристенсен «The Guardian» басылымына берген сұхбатында.

Сарапшылардың бір тобы «Польша негізі бір жағынан бұл мәселені тектен-текке көтеріп отырған жоқ» дейді. Өйткені Владимир Путин Украинаның тағы төрт аймағын аннексиялай отырып, Ресей территориясын қорғау үшін қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланамын деп қорқытты. Ол бұл мәлімдемені Украинаның қарсы шабуылынан Ресей күштері кейін шегініп бара жатқан кезде айтқан еді. Ақүй сол кезде егер Путин ядролық қаруды қолданатын болса, оның «зардаптары» туралы ескертті (ресейлік шенеуніктерге жеке ескерту жасады) бірақ оның қандай болатынын нақтыламады. Десе де, Польшаның сыртқы істер министрі Збигнев Рау өткен аптада ядролық сипатта қарсылық көрсетілмесе де, зардаптары «ауыр» болуы керек деді. Ал АҚШ Орталық қолбасшылығының бұрынғы басшысы және Орталық барлау басқарамасының директоры болған Дэвид Петреус жексенбі күні НАТО Украинадағы ресейлік күштерге әдеттегідей соққы беруі мүмкін, тіпті Ресейдің Қара теңіз флотының суға батуы да ғажап емес екенін айтты.

Ал шындығында, НАТО-ның кез келген әрекетке қатысуы екіталай, өйткені бұл үшін оның 30 мүшесінің келісімі қажет. Ол Вашингтон және оның Ұлыбритания сияқты ең жақын одақтастарымен байланысты болуы ықтимал.

Қазір де әскери әрекетті жоспарлаушылар алдында тұрған дилемма – Путин ядро­лық қаруды қолданған жағдайда әскери пайда көрмейтіндей етіп жоспар құру, сондай-ақ НАТО мен Ресей арасындағы ядролық соғысқа әкелетіндей Ресейдің ықпалы күшті еместігін айқындау. Алайда Мәскеу Қара теңіздің үстінде «демонстрациялық» ядролық жарылыс немесе кез келген елдің электр инфрақұрылымын өртеп жіберетін электромагниттік импульс тудыратын биік­тіктегі әуе атқылауын ұйымдастыра алады.

Әрине, НАТО-да қарап қалмайды. Ол Киевке қару-жарақ, соның ішінде украин­дықтар сұрап отырған алыс қашықтыққа ұшатын зымырандар мен ұшақтардың санын ұлғайтуы мүмкін. Ол кезде НАТО-ның Украинадағы ресейлік әскери нысандарға нақты соққы беруі үлкен резонанс тудырып, саясаткерлер 80 жылға жуық уақыт бойы болдырмауға тырысып келген қақтығыс туындайды. Мұның арты Ресей-НАТО соғы­сына айналады.

«Ядролық қаруды қолдануға деген әре­кет үлкен маңызға ие мәселе. Сондықтан оны қолданамын деп орынсыз ескерте берудің қажеті жоқ, себебі соның өзі қауіп әкелуі әбден мүмкін», дейді Гарвард Кеннеди мектебінің Белфер орталығындағы Атомдық бақылау жобасының аға ғылыми қызметкері Мариана Бугерин.

Польша осылайша, Ресейдің ызғарынан қорғануды ұйғарып отыр. АҚШ ядролық қаруының өз жерінде орналасқаны поляк жұртына тыныштықты қамтамасыз етуіне кепілдік бермесе де, «жаудың» секем алатынына сенімді.

Қазақстан болса әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Еліміз яролық қарудан толықтай бас тартты. Қазақстан қақтығыстан жапа шеккен Украина халқына Польша аумағы арқылы гуманитарлық көмек жіберген еді.