Алматыдағы Ұлттық кітапханада қаламгер-ұстаздың «Шамшырақ» деп аталған жаңа кітабы таныстырылып, игі шара автор мен жас оқырман арасындағы жылы жүздесуге ұласты. Қаламгердің «Қазақ балалар әдебиетінің бастауы: Бесік жырлары» атты ғылыми еңбегі 2002 жылы Қытай елінде өткен «Дүниежүзілік таңдаулы шығармалар» байқауында жеңімпаз атанғанын әдеби қауым жақсы біледі. Содан бері үздіксіз ізденіс үстінде келе жатқан автор балаларға арналған шағын ертегілер, жұмбақтар, өлең түріндегі ойындар жазып, кішкентай оқырманның ой санасын жетілдіру жолында еңбектеніп жүр. Балалар ұғымына сай, жаттауға жеңіл, ой-танымға жетелейтін «Мысық», «Қоян», «Аспан ата», «Тыныс белгілері», «Бес мүше» өлеңдері мен жұмбақтары, «Екі бақа», «Бұғының өкініші», «Шегедек, «Тазша бала» ертегі аңыз-дастандарын кездесуге келген өрендер автормен бірге талқылады. Бала қамы баршаға ортақ деген жазушының ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі ұстанымдары көңілге ой салады.
– Қазақ өз ұрпағын қашан адам болар екен деп армандайды. Ал адам болудың шарты неде? Ол туралы Абай: «қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», деп жауап береді. Демек адам болу үшін баланы бастан тәрбиелеуге баса мән беру қажет. Ұлы педагог Макаренко: «баланы негізінен алғанда бес жасқа дейін дұрыс тәрбиелемесеңіз, оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ал қайта тәрбиелеу бірден тәрбиелеуге қарағанда әлдеқайда қиынырақ», дейді. Өмірге енді келіп тілі шыққан бала дүниенің сырын тез ұққысы келеді. Көзіне көрінгеннің бәрін сұрап, аспан, ай, күн, жұлдыз бәрін білуге құлшынады. Бұған ерінбей, жалықпай қысқа да нұсқа жауап беріп тәрбиелеуіміз керек. Балдырғандарды әу бастан-ақ өнер-білімге жетелеп, өмірден сауат беретін ертегілер мен аңыз-әңгімелер, хайуанаттар дүниесі, табиғат дүниесі туралы ұғындырып отырған абзал. Бүгінгі жеткіншектің талабы биік, талғамы жоғары. Осы орайда балаларға ұсынылған әрбір туынды – жазылған кітап, шығарылған анимациялық фильм, көркем фильм, қойылымдар аса жоғары деңгейде дайындалуы шарт, – дейді Шәмшабану Хамзақызы.
Балалар әдебиетінің өткені мен бүгіні сараланған рухани сырласу кешіне Бауыржан Жақып, Зейнеп Ахметова, Жұмабай Біләлұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Ахмет Тоқтабай, Серік Қалиев қатарлы өзге де руханият жанашырлары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай университетінің, сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері қатысты.
Келелі кездесуде Шәмшабану Хамзақызының рухани әлемі, балаларға арнап жазған шығармалары, қазақы құндылықтар мен ұлттық тәрбие төңірегіндегі өзекті ойлары кеңінен талқыланды. Көпшілік Шәмшабану Хамзақызын қазақ халқының аяулы перзенті, тарихшы, ғалым, этногроф, ақын Зейнолла Сәніктің жары ретінде таниды. Сезім биігінде табысып, ұлт руханиятына құстың қос қанатындай бірге жүріп сүбелі үлес қосқан ерлі-зайыптылардың өмір өнегесі мен тағылымы көпке үлгі.
Шәмшабану Хамзақызы 1940 жылы Тарбағатай аймағы ІІІәуешек ауданында дүниеге келген. Ата-бабасының атақонысы – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылы. Ол – 1955-1959 жылдары Шыңжаң институтының әдебиет факультетінен білім алған. 1959-1962 жылдары Үрімжі қалалық өнеркәсіп техникумында оқытушы, 1962-1970 жылдары «Шыңжаң жастар баспасында» редактор, 1970-1978 жылдары Бұратала облысының Жың ауданында оқытушы, 1978-1984 жылдары Үрімжі қалалық 14-орта мектептің оқытушысы, 1984-1998 жылдар аралығында Шыңжаң Оқу-ағарту институтында әдебиет факультетінде оқытушы болып қызмет істеп, осы оқу орнынан доцент атағымен зейнеткерлікке шыққан.
Қытайда «Жауқазын», «Ғасыр толғаныстары», «Балаларға базарлық», «Ақжігіт-Айдай» кітаптары жарық көрсе, атажұртқа оралғалы «Арманның суыртпағы» екі томдық шығармалар жинағы және «Сөз – кесте» кітабы оқырманға жол тартты. Қазірге дейін автордың өлең және зерттеу мақалаларын қамтыған 11 кітабы жарық көрген. Олардың денін өскелең ұрпақты рухани дамуға бағыттайтын туындылар құрайды.
«Бала – елдің болашағы» дегенді көп айтамыз. Бұл сөз жай ғана ұранға айналмай, әдебиет пен мәдениетте, ұрпақ тәрбиесінде көрініс табуға тиіс. Жеткіншектерді кітап оқуға баулу, оларға арнап өміршең туындылар жазу жауапты іс. Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында ғана емес, балдырғандар әлемін баурайтын шығармалар қоржыны жыл сайын тартымды туындылармен толыға берсе игі. Себебі бұл – болашаққа жасалған байыпты қадам.
АЛМАТЫ