Қоғам • 11 Қазан, 2022

Үйелмендегі үйлесімсіздік

382 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгінде қоғамда жантүршігерлік оқиғалар неге жиілеп кетті деген сұрақ мазалайды. Неге? Әрине тегіс халықты даттауға болмайды «бір анадан ала да туады, құла да туады», бұл арада ұлттың да, діннің де қатысы жоқ дерсіз. Жұбатарлық сөз табылар, бірақ оған жетім қалған балалар жұбанып, нәзік жүректегі жара жазыла ма? Бір үйелменнің, яғни отбасының әлеуметтік ахуалын алға тартармыз, қоғамның қатыгезденіп бара жатқанын айтармыз, бірақ. Неге осындай оқиғалар жиілеп кетті?

Үйелмендегі үйлесімсіздік

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл мәселеге Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев та алаң­даушылық танытып, көз жұма қарау­ға болмайтынын айтты. «Отба­сылық зорлық-зомбылықты қыл­мыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқи­ға­ларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қа­жет», деді Мемлекет басшысы ха­лық­қа арнаған Жолдауында. Иә, Президенттің жазаны күшейту, бұл мәсе­леге мән бере қарау жөніндегі тап­сырмасы көпшілік тарапынан қол­дау тауып отыр. Әйтпесе жаға ұстатар жан­түршігерлік оқиғалар, зорлық-зомбылық деректері тыйылар емес.

...Шырылдап анасына араша түс­кен жасөспірім қыздың әкесіне ша­масы жетпеді. Өзінен кіші бауыр­ла­рының жан шошырлық көрініс­тің куәсі болғанын қаламаған қыз жан ұшыра жүгіріп барып, апасын шақырады. Араша түскен балаларына да, тіпті өз анасына да қол жұмсаған қатыгез әке соққылардан әлсіреген әйел­ді төмпештеуін жалғастыра берді. Ана­ларына араша түсе алмаған шарасыз балалардың үлкені полицияға хабар берген. Кешке басталған зорлық-зомбылық, қорлау түн жарым ауа қайғылы аяқталды. Қайран ана соң­ғы демі шыққанша қарсыласқан. Қай­ғылы оқиғаны баяндап, қағазға тү­сірудің өзі жүрекке салмақ. Орда­ба­сы ауданының Темірлан ауылында болған оқиғадан ел хабардар, ескі жараның аузын тырнағандай болмайық. Балаларының көзінше күйеуі асқан қатыгездікпен өлтірген ана­ның қазасы жақындарына ғана емес, бүкіл елдің де қабырғасына бат­ты. Кейіннен оны 15 жыл отасқан күйеуі бұдан бұрын да соққыға жығып, таяқ­тап келгені айтылды. Осыдан бір­неше жыл бұрын күйеуі кезекті бір жанжал кезінде адам танымастай етіп ұрып-соққан кезде анасы қызын ажыратып алмақ болыпты. Тіпті сотқа дейін барған. Бірақ ол кезде күйеу ба­ласы қыздың өзінен және туыстарынан жалынып, тіпті аяғына дейін жығылып кешірім сұраған көрінеді. Анасының айтуынша, қызы ата-енесін тастап кете алмаған, немерелерінен ажыратқысы келмеген. Оның үстіне күйеуінен қорыққандықтан амалсыздан көніп келіпті. Бақилық болған әйелдің соңында екі қызы мен екі ұлы қалды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Түркістан облысында отбасылық зорлық-зомбылықтан тағы бір келіншек бақилық болды. Жетісай ауданының 30 жастағы тұрғыны күйеуінің ауыр соққысынан соң ес жимастан көз жұмған. Сорақысы сол, бұл оқиға да балаларының көз ал­д­ында болған. Түн жарымында ер адам әйелін бас салып төпелеп ұрып, денесінің сау тамтығын қалдырмапты. Ес-түссіз жағдайда ауруханаға жет­кі­зіл­­ген көпбалалы ана алты күн жатып, жансақтау бөлімінде көз жұмды. Марқұмның артында алды 8 жаста, кішісі 11 айлық төрт баласы қалды...

Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнін­де­гі ішкі істер органдарының жұ­мы­сын ұйымдастыру жөніндегі бөлім­ше­сінің мәліметінше, биылғы 9 айда облыс көлемінде 5 735 әйелдерге қарсы жасалған қылмыс тіркелген (2021 жылы – 5 786). Оның ішінде тұрмыстық қарым-қатынаста – 952, 1 514 қылмыстық іс қозғалған, бір қылмыстық іс өндіріспен қысқар­тыл­ған. Қылмыстың 4 783-і тұрғылықты мекен-жайы бойынша, 952-сі қоғам­дық орындарда жасалған. Қызға­ныш­тан – 6, бірлесе спирттік ішімдік іше отырып – 3, ұрыстан немесе нашар қарым-қатынастарға байланыс­ты – 2 245, бұзақылық әрекеттен 28 қыл­мыстық оқиға орын алған. Құ­қық қорғау орындарының талдауы зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйел­дердің көбі, яғни 1 440-ы оқы­май­­­тын және жұмыссыздар екенін көр­сеткен. Ал жалдамалы жұмыс­шы­лар – 90, жеке кәсіпкер – 32, мем­лекеттік қызметкерлер – 22, жо­ға­ры және арнайы орта оқу орындарында оқитындар – 13, жалпы білім беру мектептерінде оқитындар – 37. Әсіресе 50 жастан асқандар арасында зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйел көп. Нақтырақ айтсақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жас ерекшелік сипаты төмендегіше: 18 жас­тан 29 жасқа дейін – 302 адам, 30 жастан 39 жасқа дейін – 490, 40 жастан 49 жасқа дейін – 379, 50-ден жоғары – 385 адам. Сонымен қатар полиция қызметкерлері зорлық-зомбылық жағдайының 363-і таныстарымен, ал әйелдер жағынан – 356, жақын туыс­тарымен – 54, күйеулерімен – 14, 10-ы бірге тұратындармен жаса­лын­ғанын анықтап отыр.

Ал облыс орталығы – киелі Түркіс­тан­да жыл басынан бері отбасын­дағы жанжал бойынша 580 шақырту түссе, оның 360-ы ішімдіктің кесі­рі­нен болған. Мамандардың дерегіне қарағанда, Түркістан облысы тұр­ғын­дарының жартысынан көбі, яғни 57 пайызы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық үшін жауапкершіліктің бар екендігінен хабарсыз. Сондай-ақ БҰҰ-ның мәліметінше, аймақтағы әйел­дердің көпшілігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағ­дайд­а қайда жүгінетінін білмейді екен. Бұл орайда облыстық полиция депар­таменті әйелдердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында, зорлық-зомбылықты болдырмау деңгейін көтеру бағытында ха­лық арасында үгіт-түсіндірме жұ­мысы жүргізіліп, биылғы 9 айда бұқаралық ақпарат құрал­да­рында – 367 ақпараттық түсін­ді­ру жарияланғанын айтады. Бұдан бөлек, биыл полиция қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған 2 700-ден астам әйелді дағдарыс орта­лықтарына орналастырған. Олар­дың 716-сы уақытша баспанамен қамтылды. Отбасы тұрмыстық қаты­настағы қылмыстардың алдын алу мақсатында «Зорлық зомбы­лық­сыз отбасы», «Отбасыдағы зорлық-зом­былыққа жол жоқ!» және «Отба­сын­дағы бейбітшілік» атты акциялар өткі­зілуде.

Жәбірленген қыз-келіншектерге құқықтық көмекті, сондай-ақ облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі комиссиясы, мем­ле­кет­тік органдармен, үкіметтік және үкі­меттік емес қоғамдық бірлес­тік­тер­мен бірлесе көрсетеді. Зомбы­лық­тың түрін талдап, категориясын анықтап, медициналық және психо­ло­гиялық кеңестер береді. Кейде тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдердің барар жері, басар тауы болмағандықтан ғана амалсыз тиран күйеулерімен бірге тұруға мәжбүр болады екен. Бүгінде өңірлерде осын­дай шарасыз күйге түскен қыз-ке­лін­шектер мен олардың балаларына көмек көрсетіп, бас сауғалар уа­қытша мекен ұсынатын арнайы орта­лықтар бар. Мысалы, облыс аумағында зорлық-зомбылықтың құр­бандарына арнаулы әлеуметтік қыз­мет­терді көрсету бойынша «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Дағдарыс орталығының баспанасы 20 адамға арналған. «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлес­ті­гінің дағдарыс орталығында да жәбірленушілерге психологиялық, заңгерлік және медициналық кө­мек көрсетіледі. Сонымен қатар Түр­кістан облысы аумағында 738 қо­ғамдық бірлестік тіркелген. Оның ішін­де, отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылықтан, әйелдердің және бала­лардың құқықтарын қорғау мәселе­­­лері бойынша 24 үкіметтік емес ұйым­дар бар. Яғни жәбірленушілерге жан-жақты көмек көрсетілуде.

Дегенмен мамандар мәселенің түп­кі негізі отбасылық тәрбиеде жат­­қа­нын, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әр­бір іс-әрекеті маңызды екенін айтады. Үйде үнемі ұрыс-керіс жағ­да­йындағы отбасында балалардың бір-біріне сүйіспеншілікпен мәміле етуін күту бос қиял болмақ. Ата-ана­сынан жәбір көрген бала алдымен бауырларын, кейін сырттағы әлі жететіндерді жәбірлей бастайды. Жоғарыда біз әңгімелеп өткен қайғылы оқиға болған Ордабасы аудандық полиция бөлімінің әйелдер құқын қорғау жөніндегі инспекторы Гүлсін Бекбаева жергілікті нәзік жандардың құқықтық сауаты төмен екенін айтады. «Әйелдерде отба­сын­да­ғы ахуалды сыртқа шығару ұят болады деген түсінік қалыптасқан. Жәбірленгендердің көбі басқаша өмір­ді білмейді, олардың аналары да осылай өмір сүрген. Мұндай жағ­дайда оларға қыздарының осындай тіршілігін қалайтын-қаламайтынын сұраймын. Егер қыз бала бүгін әкесінің анасын ұрып жатқанын көріп өссе, ертеңгі күні бұл әрекетті қалыпты санап күйеуінің қорлауына көне беруі әбден мүмкін. Кей жағдайда әйеліне қол көтерген кү­йеуі «жазалауды» теле­фонын алып қою­дан бастайды. Сон­дықтан әйел көршілеріне немесе полицияға хабарласа алмайды. Мұндай жағдайда бар үміт балаларында. Мектептерде балаларға үйде ұрыс-керіс болған, аналары үшін қорыққан кезде көр­шілеріне, туысқандарына, по­ли­цияға қоңырау шалып, хабарлау қажеттігін түсіндіремін. Өз теле­фо­ным­ның нөмірін беремін. Мұн­дай әңгімелер өз нәтижесін де беруде. Бір ғана жағдайды айта кетейін, бірде Төрткүлден жоғары сынып оқушысы қоңырау шалып, анасы өз-өзіне пы­шақ салмақшы болып жатқанын жылап хабарлады. Олардың үйіне жан ұшыра қалай жеткенімді білмеймін. Әйтеуір аман алып қалдық. Түнде дағдарыс орталығына барудан бас тартқандықтан үйіме алып келдім», дейді Гүлсін Бекбаева журналистерге берген сұхбатында.

«Көмек» дағдарыс орталығының жетекшісі Мәлика Жүсіпованың айтуынша, жыл басынан бергі 6 айда орталық көмегіне 649 әйел жү­гін­ген. «Мені заман өзгеріп, жаңа­рып жатқан бүгінгі таңда кей отба­сы­лар­дың ескішіл көзқарастан арыл­мағаны таңғалдырады. Дағдарыс орта­лығына келген кей әйелдер әке­лері балаларының көзінше аналарын ұрғанын айтып, оны қалып­ты жағ­дайға санайтынын, өзі де сон­дық­тан көнетінін айтады. Күйеуі­нің қорлығына шыдап, зорлық-зомбылық көрсе де көнбістік танытатындар арасында білімі жоқ, жастай тұрмысқа шыққандар да бар. Сондай-ақ соңғы кездері масылдық пиғылдағы әйел­дер де пайда бола бастады. Олар орталыққа өкімет айтты пайдаланайық деген оймен себеп тауып, дайындалып келеді. Біз алғашқы жылдары барлығын қабылдап, бірге орналастыратынбыз. Қазір келгендерді зерделеп, таза зорлық-зомбылыққа ұшыра­ған­дарын бөлек, ұрыс-керістен кейін келгендерді, суицидке бейімдерін бөлек орналастырып, әрқайсымен жеке жұмыс жүргіземіз. Өкінішке қарай, соңғы кездері педофилдер, бала­ларға әлімжеттік жасау, зорлау сынды оқиғалар көбейді. Бұл келең­сіздіктің екінші жағы да бар, кей пенделер ақша табудың амалы ретінде оң-солын танып үлгермеген бала­ны пайдалануда. Бопсалау, қоқан-лоқы жасау мақсатында өз-өзіне қол жұмсайтынын айтып, қорқытатындар да кездеседі. Бұл да бір зерттеуді, кең көлемде көтеруді қажет ететін өзекті мәселе болып отыр», дейді Мәлика Әбдрашқызы. Яғни Президент Жол­дауын­да айтылғандай, кей тұрмыстық жағдайлардың ақ-қарасын ажырату оңай емес.

Иә, әйелдердің құқықтық сауатын көтеру, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында атқарылып жат­қан шаруа аз емес. Алайда зорлық-зом­былық тыйылар емес. Ал кәме­летке тол­­мағандарға қатысты жасалатын қылмыс өз алдына жеке тақы­рып­­ты қажет ететін мәселе. Осы бір өзекті тақырыпты зерделеу ба­ры­сында біз әңгімелескен мамандар зор­лық-зомбылық орын алған оқиға­лар­дың негізгі себебі ретінде отба­сындағы білім мен тәрбиенің тө­мен­ді­гін атады. Сондай-ақ көбіне ішкі­лікке салынған және әйелін сыйламайтын ер азаматтар отбасындағы жанжалдың ушығуына түрткі болады екен. Мамандар психикасы сау адам қатыгездікпен жасалатын қылмысқа бармайтынын, ішімдікке немесе есірткіге тәуелділіктен то­лық емделмегендердің шектен шыққан озбырлық жасайтынын және бұл арада әлеуметтік қыз­меткерлер мен психологтердің жұмысында кемшілік барын айтады. Балаларының көзінше әйеліне қол жұмсайтындардың әре­ке­тін надандыққа теңейтіндер, ал қаты­гездігін залымдық санайтындар көп. Бұл орайда дана Абайдың сөзіне жүгінсек: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің... Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады».

 

Түркістан облысы