Саясат • 12 Қазан, 2022

Қоғамдық кеңес тәжірибесі

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазірде министрлік, өңірлік әкімдіктер жанынан қоғамдық кеңестер құрылған. Алайда олардың атқаратын қызметі мен мемлекеттік органдардағы рөлін түсінетіндер аз. Тіпті министрлер мен әкімдердің өзі кеңес қызметінің байыбына бара бермейді. Бұл туралы мамандар Орталық коммуникациялар қызметінде «Қоғамдық кеңестер: мемлекет пен қоғамның іс-қимыл тетіктері мен қызметтегі практикасы» тақырыбында өткен брифингте ашық мәлімдеді.

Қоғамдық кеңес тәжірибесі

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қоғамдық кеңестер қызметін қайта форматтауға қатысты құзырлы органдарға нақты тапсырма берді. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті жұмыстар жүргізіп, қажетті шаралар қабылдап жатқанын айтады. Бүгінде еліміздегі қоғамдық кеңестердің құрамында 4 мыңға жуық адам бар.

«Қоғамдық кеңес – мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған азаматтық қоғам институттарының бірі. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес консультативтік-кеңесші органдар құқықтық мәртебеге ие және өз қызметін тәуелсіздік, дербестік, автономды және жариялылық қағидаттарына сай жүзеге асырады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 256 қоғамдық кеңес өз қызметін республикалық және жергілікті деңгейде атқарып келеді. Сондай-ақ қоғамдық кеңестерді квазимемлекеттік ұйымдар құрады. Қазір қоғамдық кеңестердің құрамына 4 мыңға жуық адам тартылған, оның 86 пайызы азаматтық қоғам өкілі», деді Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Осы жылдың 9 айында қоғамдық кеңестердің жаңартылған құрамы 1 020 отырыс өткізіп, бірқатар ұсыныс жасаған. «Өз өкілеттіктерін іске асыру шеңберінде барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 3 мыңға жуық нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарап, шешімдерін жария­лады. Ауыз сумен жабдықтау, сани­тарлық-эпидемиологиялық жағ­дай­ды жақсарту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы және т.б. мәселе­лер бойынша 300-ден астам қоғам­дық тың­дау ұйымдастырылды. Респуб­лика­лық және жергілікті мемлекеттік орган­дар­дың 500-ге жуық басшысының есептері тыңдалды», деді комитет төрағасы.

«Қоғамдық кеңестердің рөлі зор, әсіресе бұл құрылымның бюджет жүйесін ретке келтіріп, қаржыны белгіленген мақсатта жұмсалуына тигізер пайдасы көп. Өкінішке қарай, кейбір министр, әкімдер олардың қызметін дұрыс бағалай білмейді», дейді Eurasian Expert Council қоғамдық қорының президенті, Мемлекеттік қызмет істері бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі Шыңғыс Лепсібаев. Оның айтуынша, қоғамдық кеңестердің араласуымен бірқатар өңірде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің жұмысы ретке келтірілген. «Оған Қарағанды қаласы әкімдігінің аталған бөлімі мысал бола алады. Сондай-ақ Теміртау қаласында қоғамдық кеңес мүшелері жаңа мектеп салу жұмысына араласып, бюджеттен бөлінген қаржыны сол мақсатқа ғана жұмсалуын қамтамасыз етіп, нысанның сметалық құжатында көрсетілген барлық талап-ережелерге сай болуын қадағалады», деді спикер.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру және институттың қызметін жетілдіру мақсатында 14 қазанда елордада қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісі өтеді. Іс-шараға барлық өңірлерден 250 адам қатысады деп жоспарланып отыр. «Пленарлық сессия барысында «бірінші және екінші шақырылым» қызметінің қорытындылары, қоғамдық кеңес мүшелерінің бақылау қызметі, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің қызметі туралы баяндаманың жобасы талқыланады. Сондай-ақ түрлі панельдік сессиялар өтеді. Мәжіліс қорытындысы бойынша қоғамдық кеңестер институтының қызметін одан әрі жетілдіру бо­йынша ұсынымдар әзірленеді», деді М.Қожахмет.