Бірінші кезеңде Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау, Қостанай және Қарағанды өңірлерінен 32 үміткер «Қасым Аманжолов – эпик ақын» тақырыбында эссе жазды. Ал оның арасынан оқ бойы озық шыққандар ақын поэмаларын жатқа оқып жарысты.
Сонымен қазылардың сынынан сүрінбей өткен 10 үздіктің ортасынан бас жүлдені Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданынан келген Тұрар Жанділда иеленді. І орын қарағандылық Жансая Жанатоваға, ІІ орын қызылордалық Аружан Абдрахмановаға, ІІІ орын Қарағанды облысы Нұра ауданы Мұзбел ауылынан қатысқан Жанаргүл Саметке бұйырды. Сонымен қатар бірқатар талантты жасқа арнайы дипломдар да табыс етілді.
Қасым оқуларына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, жазушы Серік Сағынтай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапова қазылық етті.
Дәстүрлі оқуды дәріптеп, ұйымдастыруға ұйытқы болған Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсеткен.
– Қасымның рухын асқақтатудағы аймақтың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бір Қасымға арналған көп істің баянын табуына осындағы азаматтар ықпал етті. Қарап отырсаңыз, «Қасым» журналы, «Қасым үйі», «Қасым» порталы бар. Бәрі бір күнде пайда болған жоқ. Баршасында ерен еңбек жатыр. Бұл – дүркін-дүркін жазудың, мәселені көтерудің нәтижесінде қол жеткен дүние. Мұның сыртында «Қасым» кубогі бар. Пандемияға байланысты тоқтап қалды соңғы жылдары. «Журналистер арасындағы Бердіқұлов атындағы турнир секілді Қасым турнирі неге жоқ?» деген идеяны мен айтқаныммен, оны іске асырған да осы жақтағы әдебиет жанашырлары. Дәстүрге арналған Қасым байқауы әр жылда түрлі жанрды қамтиды екен. Бір жылы Қасым әндері насихатталса, енді бір жылы Қасымға арналған мүшәйра, қайсыбір жылдары Қасым өлеңдерін жатқа оқуда бақ сынасыпты жастар. Биыл Қасымның поэмасын жатқа оқу мақсат етіп алыныпты. Бүгінде поэма түгілі бір шумақ өлең жаттайтын адам кемде-кем. Соған байланысты байқау қиындау әрі қатысушысы да аздау болған секілді. Дейтұрғанмен, ынта бар. Республиканың әр аймағынан келген жастардың ықыласына қуандым, – деді Дәурен Берікқажыұлы.
Қарағанды