Қоғам • 12 Қазан, 2022

Асыл азаматтарымызды ардақтай білейік

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда ағайындардың шақыруымен Тараз қаласына жолымыз түскен-ді. Анда-санда Алматыға барып келе жатып, жолай аздап аялдағанымыз болмаса, шаһарды аралап көрмеген едік. Тотыдай таранған әсем қала аяғымыз жерге тиісімен-ақ көрген көзді көрікті келбетімен бірден баурап алды.

Асыл азаматтарымызды ардақтай білейік

Қаладан таяқ тастам жердегі «Айша бибі» анамыздың кесенесі ұрпағын мейір-шапағатымен желеп-жебеп тұрғандай әсер береді. Гүлзарлар мен субұрқақтар, саябақтар мен түрлі аттракциондар, демалыс орындары қаланың ажарын аша түскен. Бұрын байқамайды екенбіз, айналаға абайлап, зер сала қараған адамға шаһардың қарыштап, өсіп келе жатқандығы бірден байқалады.

Үлкен даңғылдың бойымен келе жатқанбыз. Кенет қарсы алдымыздағы көпқабатты үйлердің қас бетіне орналастырылған белгілі қаламгер, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Шерхан Мұртаза мен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің үлкен етіп салынған таныс бейнелері көзімізге оттай басылды. Есімізге құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» деген сөзі түсті. Іле-шала жалпыұлттық республикалық басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінен Шерағаң жайлы материалдарды тұщына оқығанымыз бар. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы емес пе?

Қазақ – қашаннан-ақ елім деп еміреніп өткен асылдарын ардақтап, құрметтей білген халық. Оның асыл тектілігі мен бекзаттығы да осы ұлылығында. Осынау үрдістің алдағы кезде де одан әрі жалғаса беруін қалаймыз.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

Түркістан облысы