Әдебиет • 12 Қазан, 2022

Драматургия дүлдүлі

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Драматургия – қым-қиғаш интрига. Мұны У.Шекспир де мойындаған. Арбасқан көздер, мың құбылған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан әрекетті сөз, қара тасты қақ айырар отты да өткір тіл. Қоғамдық-әлеуметтік көтерер жүк автор қиялының көркемдік мүмкіндігіне қарай жіті сұрыпталып, адамзат жүрегіне жол тартары тағы бар. Осынау ауыр мехнатқа саналы түрде бас қойған кісіні ықылым заманнан драматург деп атап келеміз». Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың драматургия турасындағы бұл толғамы драма өнеріне жүктелер міндет пен жауапкершіліктің салмағына әділ таразы.

Драматургия дүлдүлі

Сондықтан болса керек, әде­биетке атойлап келген көп қалам­гердің бәрінің бірдей осынау ауыр да мехнатқа толы жолды таңдап, қос саланы қыздың қос бұрымындай егіз өріп, еркін игеріп кететіні сирек. Ал сол өткел бермес асуды бағындыра алғандары – шын талант!

Өткен ғасырдың 70 жылдарында драматургияға дендеп еніп, театр әлемін дүр сілкінткен дүлдүлдүлдер көшін қарым­ды қаламгер Дулат Исабеков бас­тайды десек, қателеспейміз. Ши­ры­ққан сюжет сонылығы мен кейіпкерлерінің қарапайым да күрделі характері, ә дегеннен-ақ жазушы Дулатты драматургия даңғылына бір-ақ көтерді. «Ректордың қабылдау күндері», «Әпке», «Ертеңгі күту», «Өк­пек жолаушы», «Мұрагерлер», «Алыс­тан келген ананас», «Кіш­кентай ауыл», тәуелсіздік жыл­дары театрды түрленткен «Жау­жүрек», «Жүз жылдық махаб­бат», «Бөрте» сынды пьесалары өнер әлеміне өзгеше өрнек салғаны анық. Әсіресе «Әпкесімен» өткен ғасырда-ақ атағы кеңге жайылған дра­ма­тургтің бүгінде «Бөрте» арқылы бағы тағы еселенді.

«Дулат Исабеков тақырып таңдауда алдына жан салмайтын драматургтердің бірі. Ол әртүрлі тақырыптарға батыл бара алады. Ең бірінші, адам проблемасын қозғайтын шығармаларды алып келеді. Дулат шын мәнінде ауқымы кең драматург. Бүгінде «драматургия жоқ, театрда пьеса жоқ» дейтіннің бәрі бос сөз. Республикадағы қазақтың жиырма шақты театрында Дулаттың пьесаларын қойып шықса, соның бәріне ұзақ жыл азық болар еді деп ойлаймын. Дулаттың дра­матургияға келгендегі алғаш­қы туындыларының бірі – «Әпке­нің» тақырыбы – өлмейтін тақы­рып. Күні бүгінге дейін қы­рық-елу жылға таяу қазақ театр­ла­ры­ның сахнасында алма-кезек қо­йы­лып келеді және осы пье­саға көрер­мен көп жиналып, қат­ты толқып тебіренеді. Өйткені бұл – жетімдер проблемасы. Бауырмалдық, отансүйгіштік проблемасы. Бүгінде Қамажай сияқты адамдар сирек. Бір үйде тұрып ағайынды екеу сыйыс­пайды. Ал үлкенді-кішілі бір топ бауырдың басынан өткен оқи­ғалары адамның жанын тебі­рентеді. Бұл – драматургтің күші» дейді қаламгер шеберлігі жөнінде режиссер, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев.

Иә, адам жанын тереңнен қозғау, көпшілік байқай бермей­тін терең қалтарыстарына үңі­лу – драматург Дулат шығар­машылығының басты ұстаны­мы. Қаламгердің қай туындысын тама­шаласаң да жаныңа жа­қын жылылық лебі есіп тұ­рады. Сондықтан болса керек, драматургия саласын түрлі тақы­рыптағы тағылымды туындыларымен байытып келе жатқан Дулат Исабеков пьесаларына әлем театрларының да назары­ ауып, алыс-жақын шетелдік өнер­ ұжым­дарының барлығы өз сах­на­сында қоюға асық һәм су­рет­кер­дің жаһан назарын жау­лау­ға, әлем елдерінің рухани әле­­міне бойлауға бағытталған қа­­дамы сәтті жалғасын тауып ке­леді. Дәл Дулат Исабековтей ше­тел театрларында көп сахнала­нып, халықаралық деңгейді ба­ғын­дырған қазақ қаламгері кем­де-кем. Республика театр­лары репертуарынан түспейтін қо­йы­лымдарды айтпағанда, Санкт-Петербург, Омбы, Ду­шанбе, Башқұртстан, Лондон, Болгария, Түркия, Аустралия театрлары сахналаған шығар­ма­лар шеруі – ұлттық драма­тур­гиямыздың олжасы һәм қазы­насы.

Әсіресе әлем назарын өзіне бұрғызған «Бөрте» туындысы – Исабеков шығармашылығы­ның жаңа белесі деуге лайық. Олай дейтініміз Түркістандағы музыкалық драма театрының шымылдығын түріп, тұсауын кесіп берген тарихи драма бүгін­де дүние жүзі театрларының да қызығушылығын оятып отыр. Бас кейіпкер Бөртенің бойын­да­ғы қайсарлық пен даналық, ке­меңгерлік пен көрегендік, іскер­лік пен ірілік – мұның барлығы сонау Шыңғысхан заманында­ғы аруларға тән қасиет пен болмыс емес, автор Бөрте бейнесі арқылы бүгінгі заманауи әйел­дер мінезінің де мінсіз мүсінін жа­сап шығарған. Драманың маз­мұн ауқымдылығы сол, қай қыры­нан келсең де, қай ұлттың мен­талитетіне салсаң да бояуын бұз­бай, драмалық екпінін бәсең­сітпей, керісінше жарқырап шыға келеді.

Ал ұлттық мәселелер мен ел тарихының айтылмай, қалта­рыста қалып келе жатқан, тұл­ға­лар өмірінің көпшілікке бей­мәлім қырларын жан-жақты қау­­зайтын Алаш арысы Мағжан Жұма­баев тағдыры арқау болған «Жүз жылдық махаббат» пен атақты балуан, әнші, композитор Балуан Шолақтың өмірінен сыр қозғайтын «Жаужүрек» дра­маларының орны өз алдына бір төбе. Мұнда автор хронологияға құрылған даталарды тізбектеп шығудан бойын барынша ал­шақ ұстап, керісінше тұлға және маңа­йындағы адамдардың қа­ры­м-қатынасы арқылы замана шы­ндығын боямасыз беруді, сол негізде ұлттық мәселелер­ді да батыл қозғап, көрерменіні­­не ой салуды азаматтық мұра­ты етеді. Шым-шытырық сюжет­тің соңын қуып, айтарынан айырылып қалатын көп драматург­тен Дулат Исабеков бәсінің биік болуының сыры да осында, біз­діңше.