– Лұқбек Шабданұлы, халық қалаулысы ретінде сіз өңірдегі ғана емес, бүкіл елдегі оқиғаларды мұқият бақылап отырасыз. Биылғы жылдың басы Қазақстан үшін өте қиын болды, қаңтар айындағы оқиғаларға қандай түсініктеме бере аласыз?
– Бірден ашық айтайын, бұл біздің соғыс емес еді. Қаңтарда болған оқиға, ең алдымен жастар үшін сабақ болды. Арандатушылыққа барудың қажеті жоқ екенін түсінді. Не нәрсені болсын, ақыл таразысына салып, байыппен шешу керек. Қаңтардағы бұл оқиға бүкіл елде болды. Бірақ біздің өңірде алғашқы күндерден бастап штаб құрылды, облыс басшысы жағдайды жіті бақылауында ұстап отырды. Нәтижесінде, өзге өңірлермен салыстырғанда, зардабын аз тарттық. Ол дегеніміз, кәсіпкерлер зардап шеккен жоқ. Басқа қалаларда сауда үйлері бүлініп, кәсіпкерлер жоғалғандарын қайта қалпына келтіру үшін шығынданды, уайымға салынды. Даниал Кенжетайұлы полицейлермен, Ұлттық ұлан жауынгерлерімен, депутаттармен кездесті. Ел бірлігінің арқасында қиын сәттен өттік. Ең бастысы, еңсеміз езілген жоқ, тәуелсіздігімізге сызат түскен жоқ. Бұл біздің мәдени және генетикалық кодымыз.
– Мәдени код деп нені айтып отырсыз?
– Мысалы, облыста 120-дан астам этнос өкілдері тұрады. Олардың әрқайсысының өз дәстүрлерін сақтауға және жандандыруға, қорғауға мүмкіндіктері бар. Біз кімнің болсын, мәдениетін сыйлаймыз. Қазақстанда мұсылмандар христиандарды Пасхамен құттықтайды, олар өз кезегінде Наурызға бауырсақ пісіріп, көрші-қолаңға құтты болсын айтып барады. Бұл күнделікті күйбең тірліктің көрінісі сияқты шығар. Бірақ бұл біздің біртұтастығымызды, бір шаңырақ астындағы береке-бірлігімізді көрсетеді. «28 панфиловшы» фильмін көрген шығарсыздар. Сонда қазақ және орыс солдаты окопта тұрып, екіншісі біріншісіне «Қазақстан үшін күресетін боламыз. Қазақтардың кім екенін бәріне танытамыз. Оған еш күмән болмасын!» дегені бар. Міне, біздің аталарымыз ортақ қазаннан ас ішіп, тонның ішкі бауындай болған. Қазір де солай. Бұл – мәдени код.
– Шығыс Қазақстанның тарихы бай. Археологиялық қазба жұмыстары жылда жүйелі түрде ұйымдастырылады. Осының маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Қазба жұмыстарының нәтижесінде көшпелілер тарихындағы жаңа беттерді ашамыз. Ол дегеніміз, салт-дәстүр, мәдениет, тұрмыс, тағысын тағы. Ата-бабаларымыздың жауынгер ғана емес, сонымен қатар металл өңдеу, зергерлік бұйымдар жасау секілді кәсіптерді меңгергендігін де айшықтайды. Ұлыбританиядағы «Ұлы дала алтыны» атты көрменің ұйымдастырылуы да бекер емес. Облыс әкімі Даниал Ахметов дала өркениеті туралы жаңа ақпарат бүкіл мәдени әлемге белгілі болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Біздің бұл жаңалықтарымыз халықаралық деңгейде қызығушылық танытты.
– Шығыс Қазақстан қарқынды даму үстінде дедіңіз. Рас, атқарылып жатқан бірқатар жұмысты көзіміз көріп отыр. Ілкімді істер туралы айтып өтіңізші.
– Менің ойымша, облыс басшылығының әлемдік үрдістер мен перспективаларды көре білу және соған сәйкес жұмыс істеу қабілетінде деп ойлаймын. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін және оның қосылған құнын арттыру қажеттігіне назар аударды. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сататын уақыт емес. Шығыста егіс алқаптарына талдау жүргізіліп, оларды әртараптандыруды жүзеге асырды. Біз дәстүрлі түрде күнбағыс өсіру көлемі бойынша көшбасшы болдық. Бірақ қазіргі басты міндет – оны қайта өңдеу және жаңа нарыққа шығу. Дәл осы мақсатта өңірде бірден үш мұнай экстракциялық зауыты салынды. Олар күнбағысты ғана емес, сонымен қатар біздің жақын көршілерімізге және басқа да елдерге экспорттауға арналған майлардың басқа да түрлерін өндіретін болады. Тағы айта кетерлігі, біз өңірде елімізде теңдесі жоқ бірегей өндіріс ошағын ашамыз.
– Ол қандай өндіріс орны болмақ?
– Бүкіл әлемде Үлбі металлургия зауыты сынды бес-ақ зауыт бар. Былтыр өзіміздегі Үлбі металлургия зауыты базасында өнімділігі жылына 200 тонна уран өндіретін атом электр стансалары үшін жылу бөлетін құрылымдар өндірісі ашылды. Қыркүйекте оны Қытайға жөнелте бастадық. Біз атом стансалары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі тобына кіреміз. Бізде ең бай кен орындары бар және Президенттің тапсырмасы бойынша үлкен геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта «шикізат базасы» деген белгіден арылуға және бірегей өнім жеткізушісі болуға, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беретін жаңа жоғары технологиялық өндірістерді құру күтіп тұрғанын білдіреді. Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауының арқасында Серебрянск зауыты өз жұмысын қайта бастайды.
– Әрине, өнеркәсіп пен аграрлық сектор ел экономикасының дамуына серпін беретін саланың бірегейі. Бірақ сіз үшін маңызды және ең қажет деген жоба бар ма?
– Қайта тарихқа шегініс жасайық. Үш ауданның тіршілігі елу жылдан бері Бұқтырма су қоймасындағы өткелге байланысты болып келді. Өздеріңіз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпір салу туралы шешімі облыс тұрғындары үшін тарихи оқиға болды. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір халықтың көптеген мәселесін шешеді. Жолаушылар енді мұздың қатуын, көктемде еруін күтіп алаңдамайды. Елестетіп көріңіз, өткелдің арғы жағындағы елді мекендер көптеген жыл бойы нарықтан оқшауланып келген. Көпір басқа елді мекендерге қажетсіз шығындарсыз тыныш жүріп қана қоймай, көрші елдер арасында логистиканы орнатуға мүмкіндік береді. Ел Президентінің назарындағы нысанда жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.
– Ал әлеуметтік салаға ойыссақ, соңғы жылдары қандай өзгерістер болды?
– Президент өз Жолдауында денсаулық сақтау саласында медициналық инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар даярлауға, әсіресе ауылдық жерлерге назар аудару қажеттігін ескертті. Осы орайда біз бірнеше жылдан бері әлемнің жетекші клиникаларында медициналық кадрларды оқыту бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Осы жылдың басынан бастап Израиль мен Германияда онкогематология, гематология, кардиология, акушерлік және гинекология мамандықтары бойынша 13 дәрігер біліктілігін арттырды. Ал алты жыл ішінде 377 маман шетелде оқудан өтті. Аудандарда екі инсульт орталығын аштық. Қазір Шығыс Қазақстанда босану жүйесін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Қазірдің өзінде ауылдағы болашақ аналарға босану үшін 600-800 шақырымға барудың қажеті жоқ. Ауылдық перзентханаларды барлық қажетті жабдықпен қамтыдық, қызметкерлерді оқытып шығардық.
– Аналар демекші, көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға өңірде қандай көмектер көрсетіліп жатыр?
– Көпбалалы отбасылар үнемі назарымызда. Алдымен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасына тоқталғым келеді. Оның шеңберінде бүкіл өңір бойынша халықтың осы санаты үшін сапалы және жайлы үйлер бой көтеріп жатыр. Елімізде баламасы жоқ бұл бағдарламаға азаматтардың қызығушылығы артып келеді. Шығыс Қазақстанның үш ауданында 39 үйдің құрылысы басталды. Айтқандай, әр отбасының тілектерін ескере отырып салынуда. Әрине, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады, балалар үшін барлық оқу жағдайы жасалды. Оқу-құралдары, мектеп формасы және аяқкиімге қажетті барлық зат сатып алынды. Ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сондықтан біздің өңірде халықтың бұл санатына қажетті жағдай жасалған деп батыл айта аламын.
– Білім саласында ше, қандай өзгерістер, қандай жаңашылдықтар бар?
– Ең бастысы, өңірде үш ауысымды оқыту толығымен жойылды. Біз «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептердің құрылысын белсенді жүргізіп жатырмыз. 2025 жылға дейін облыста тоғыз мыңға жуық оқушыға арналған 20 мектеп салынады. Биыл ауылдық жерлерде төрт жаңа оқу орны пайдалануға беріледі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мектептердің үлгілік жобаларын әртүрлі орындарға сәтті пайдаланатынымызды атап өткім келеді. Бұл олардың құнын айтарлықтай арзандатып қана қоймай, әрбір нақты елді мекеннің қажеттіліктеріне жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Құрылыс саласына тікелей қатысы бар азамат ретінде мен бұл өте маңызды деп санаймын. Біз жоғары сыныптарда ІТ бағдарламаларын енгіземіз, ал бастауыш сынып роботтехникамен айналысады. Президенттің тапсырмасы бойынша, жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқыту күшейтілді. Сонымен қатар көптілділік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның үстіне, тіл мұғалімдері жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
– Өңіріміз әсем табиғатымен ерекше. Әсемдікке әркім құштар. Құштар болған соң да туристер легі жылдан-жылға көбейіп келеді. Осы біз туристерді қабылдай алып жатырмыз ба?
– Иә, табиғатымыз ерекше. Облыс аумағында бірнеше қорық пен туристер үшін жасақталған орындар көп. Мысалы, Катонқарағай ауданында қазір туризмнің ауылдық және медициналық салалары дамып келеді. Айта кетсек, біздің туристік нүктелеріміз Қазақстан бойынша елулікке кіреді. Сондай-ақ биыл Бұқтырма су қоймасының жағалауын абаттандыру бойынша үлкен жұмыс басталды. Мұнда жыл сайын 800 мыңнан астам турист келеді. Риддерге қысқы және еркін туризмнің орталығы ретінде ерекше назар аударылады. Әрине, біз пантотерапия сияқты бірегей бағыт туралы ұмытпаймыз. Оған қызығушылық танытып, емін алуға келетіндер қатары жыл сайын артып келеді.
– Туризм дейміз, осы саланы дамытуға қолайлы өңірлер – шекара шебіндегі аудандар. Білуімізше, 2020 жылы өңірде шекарадағы аудандарды және бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасын іске асыру басталған. Бұл туралы не айтасыз?
– Ауылдарда спорттық және мәдени мекемелер соңғы рет қашан бой көтергенін еске түсіріп көріңіздер. Кейінгі жылдары өңірде үш мыңнан астам халқы бар әрбір ауылда денешынықтыру-сауықтыру орталықтарын саламыз, ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерін қайта құрамыз, бизнес ашуға мүмкіндік береміз. Бұған дейін бірнеше ауылда жаңа жұмыс орындары, 9 спорт нысаны, 3 көппәтерлі және 102 екі пәтерлі үй салынды, 284 шақырым сумен жабдықтау желілері тартылды, 156 әлеуметтік нысанға, сондай-ақ 450 шақырым жолдар мен көшелерге жөндеу жүргізілді. Бұл тек бастамасы. Сондай-ақ шекаралық аудандарды дамыту туралы бағдарламаны іске асыру кезінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша халық қалаулылары шекаралық аудандарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізді, өзекті мәселелерін тыңдадық. Содан кейін ғана барлық ақпаратты егжей-тегжейлі талдап, жұмысқа кірістік. Бұл ауыл тұрғындарының өмірін жақсартып қана қоймай, еңбекке қабілетті халықтың ірі қалаларға кетуін едәуір тоқтатуға мүмкіндік беретініне сенімдімін.
– Сізді біз өз Отанының нағыз патриоты деп білеміз. Себебі ауыл-аудан үшін атқарған еңбегіңіз аз емес. Өз ойыңызды айтыңызшы, нағыз патриотизмнің сыры неде?
– Қарапайым тілмен айтсақ, өз туған ауылыңды, ауданыңды шынайы жақсы көріп, халықтың тіршілігін жақсы жаққа өзгертуге тырысу деп білемін. Тарихымызды, ата-баба ерлігін ұмытпай, ел бірлігін сақтауымыз керек. Мәселен, Өскеменде Тәуелсіздік тарихынан ғана емес, сонау сақ заманынан бергі тарихтан хабар беретіндей үлкен монумент бой көтерді. Бұл монументтің өзі бүгінгі ұрпаққа үлкен үлгі. Оның жанында тұңғыш Қорғаныс министрі, тұңғыш Халық Қаһарманы, Қазақстан армиясының тұңғыш генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақ ашылды. Қаһарман мүсіні бой көтерді. Міне, осының бәрі өскелең ұрпақтың бойына патриотизм қасиетін дарытады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»