Білім • 13 Қазан, 2022

Мектеп директорының біліктілігі маңызды

715 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Шымкент қаласына арнайы іссапармен келді. Іссапар барысында мегаполистегі білім мекемелерінің жұмыстарымен танысып, ұстаздар қауымымен кездесті.

Мектеп директорының біліктілігі маңызды

Басқосуда еліміздің бас ұстазы мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кә­сіптік білім беру, балалардың құ­қығын қорғау мен педагог мәр­те­бесі жайлы сөз қозғады.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге барып, тұрғындардың алдында есеп беру туралы тапсырма берген болатын. Соның шеңберінде бар­лық министрлік және біз де өңірлерге ат басын бұрып, ата-аналармен, әріптестерімізбен, қоғам белсенділерімен кездесіп жатыр­мыз. Бүгін, міне, Шым­кентте бас қостық. Келген бойда екі білім мекемесіне бас сұқтым. Оның бірі мектеп болса, екіншісі – балабақша. Жиналыс біткен соң да бірнеше білім ошақтарын аралаймын. Мектеп, колледж директорларымен жүздесіп, біраз мәселені талқылайтын бола­мыз. Өздеріңіз білесіздер, Пре­зи­­дент білім және ғылым саласына ерек­ше ден қойып, осы бойынша бізге тиісті тапсырма беріп отыр. Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында да осы са­ла­ға қатысты алға біраз тапсырмалар мен міндеттер қойылды. Қазір соларды орындау бойынша жұмыстар атқарылып жа­тыр, – деді А.Аймағамбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы педагог­тер­дің абыройын асыру жөнінде тың бастамалар көтерді. Со­ның негізінде елімізде «Педа­гог мәртебесі туралы» заң қабыл­дан­ды. Осы заңның шеңбе­рінде көп мәселе шешілді деп айтуға болады. Мәселен, ұстаздардың жалақысы бірнеше есеге артты. Тек мектеп мұғалімдерінің емес, колледж, балабақша және қосымша білім беру ұйым­да­рының ұстаздарының да еңбек­ақы­сы өсті. Келесі жылы да қаң­тар­дан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейетін болады. Тек жалақы емес, сонымен бірге ұстаздарды басы артық шаруалардан босату бойынша да біраз жұмыс атқарылды. №130 бұйрық бойынша мұғалімдер тек екі құжатқа ғана қол қоюы керек. Бұл біріншіден, күн­де­лік­ті өзінің жұмыс жоспары. Екінші, мектептегі журналға ба­ғаларды қойып отыру. Одан басқа күнделікті жүргізетін есе­бі болмауы керек. Елдегі бо­лып жатқан барлық науқанға мұғалімдерді араластыру ісі бү­гін­де тоқтатылды. Сондықтан педагогтердің мәртебесін көтеру бойынша жұмыс әрі қарай да жалғасады. Министрлік үшін балабақша да маңызды сала. Оған ведомство бар назарын аударып отыр. Баланың өскенде тәрбиелі, білімді, бәсекеге қабілетті болуы тікелей балабақшада ал­ған тәлім-тәрбиесіне байла­ныс­ты. Қай тұрғыдан алып қа­рағанда да мемлекет үшін ба­ланы жастай тәрбиелеу өте маңызды. Нобель сыйлығын алған ғалымдар балабақшаға салған бір доллар ертең жеті-сегіз доллар болып қайтатынын айтады. Сондықтан осы орайда министрлік бірнеше бастаманы қолға алды. Соның нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту бүгінде 98 пайызға жетті. Осы ретте аттестация тапсыру қайта жандандырылды. Сонымен бірге 381 бұй­рық­қа сәйкес балабақшаларға жаңа талаптар қойылып отыр. Бұл алдымен бейнекамералардың болуы, ғимараттың санитарлық және өртке қарсы нормаларын қатаң сақтауы және медицина мен тамақтану көрсеткіштерінің стандартқа сай болуы. Осы талап шеңберінде алдағы уақытта барлық балабақша жұ­мыс істеуге тиіс. Сонымен бірге бала­бақ­ша­ларда балдырғандарды оқы­та­тын бағдарламалар түбегейлі өзгертіліп жатыр. Бұл бойын­ша жаңа модель енгізілді. Ми­нис­трдің айтуынша, 3-5 жас ара­лы­ғын­дағы балалар – ойын балалары. Сондықтан оларға білім ойын түрінде берілуі керек. Бүгінде бір тәрбиешіге 25 баладан келеді. Бұл жүктеме азайтылатын болады. Өйткені бала саны аз болса, олардың білім мен тәрбиесіне де көп назар аударылады. Әр өңір­де балабақшаға кезекке тұру әртүрлі. Сол себепті ақ­п­араттық қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін республикада бірыңғай ор­тақ кезекке қою жүйесі әзір­ле­ніп жатыр. Ол электронды форматта жұмыс істейді. Орта білім беру саласына келсек, Шымкент қаласы министрліктің мектеп директорларының ротациясы бойынша тапсырмасын бірінші орындаған өңір. Оқу бітіріп келген жас педагог мамандарды жұмысқа қабылдау тәртібі де өзгереді. Бұрын маман мектеп директорына түйін­де­месін қалдырып кететін. Әрі қарай жұмысқа қабылдау мәсе­ле­сін директор өзі шешетін. Енді мұғалімдік қызметке тұру электронды форматта конкурс арқылы жүргізіледі. Әр критерий бойынша көрсеткіштер болады. Оқу бітірген түлек сол талаптарға сай болуға тиіс. Ко­миссия шешім шығарғанда тек конкурста талапкердің критерийлерге қаншалықты сай келгенін ғана бағалайды. Мұнда ең көп ұпайды кім жинайды, сол келешекте мектепте мұғалім болуға лайықты деп танылады. Айта кету керек, Шымкентте қазір осы жүйе іске асырылып жатыр. Ендігі ретте оны әрі қарай дамыта түсу қажет. Осы ретте жас педагогтердің бала оқытуға білімі сай болу үшін мектепте тапсырылатын пәндер бойынша және өзі оқыған педагогика саласынан тестілеуден өтеді. Сондай-ақ оқушылар ғана емес, мұғалімдер де бес күндік жұмыс режіміне көшті.

Мұғалімдер сыныптағы 4-5 дарынды оқушыны ғана бағалап, соларға кө­ңіл бөле бермей, үл­ге­рімі төмен оқу­­шылармен жұ­мыс­ты күшейтуі керек. Сы­­нып жетекшілері баланың ата-ана­сымен жұмыс істеп, сабақ үлге­рі­мінің не үшін төмен­дегенін, оның себебін бірге анық­тауға тырысқаны жөн. Сонда ғана жұмыс жүйеленіп, мек­теп­тің білім сапасы артатыны сөз­сіз. Мен бұл тұста, еліміздегі Білім-ин­новация лицейлерінің ата-анамен арада жүргізілетін жұмыс тәжірибесін қолдаймын, – деді А.Аймағамбетов.

Сонымен қатар Оқу-ағарту ми­нистрі А.Аймағамбетов алда­ғы уа­қыт­­та өңірлерде салынатын мектептер мәселесіне де арнайы тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орын­басары Ш.Мұқанның жүргізуімен өткен жиын соңында сұрақ-жауаптарға уақыт бөлініп, қатысқан азаматтар ағарту саласы бойынша өзара пікір алмас­ты.

 

ШЫМКЕНТ