Қызылорда қаласында өткен «Bir tolqynda» облыстық диалог алаңының отырысында партия белсенділері съезд қорытындысын талқылады. «Жастар рухы» өңірлік филиалының төрағасы Медет Жорабектің айтуынша, съезде қабылданған саяси тұғырнама ел дамуының негізгі бағыттары мен саяси бірлестік қағидаттарын айқындайды. Ол сондай-ақ халықтық коалиция форумы туралы өз әсерімен бөлісті.
«Мемлекет басшысы айтқан ұлтты ұйыстырудың 7 қағидасы – реформалар бағытын тереңдету және қоғамымызды демократияландыруға ұмтылу. Президент қиындықтарды бірге еңсеруіміз қажет деді. Ол өзара қолдауды, сенім мен ынтымақтастықты ең құнды қасиеттер деп атады. Осы орайда реформаларды жүзеге асыруда жастар шешуші рөл атқаратынына сенімдімін», деді ол.
Ал Тараз қалалық Достық үйінде съезд делегаттары, форумға қатысушылар, ҮЕҰ өкілдері және белсенді жастардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында «Қоғамдық келісім» облыстық филиалының басшысы Мүбәрак Жинақбаева алдағы сайлау науқаны ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді.
«Съезд жұмысынан айрықша әсер алдым. Бұл – Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанының айғағы. Алдымызда саяси және экономикалық реформаларды табысты іске асыру, Жаңа Әділетті Қазақстан құру міндеті тұр. Этносаралық келісімді сақтап қалу үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы «Рухани үндестік – бірліктің бастауы» қағидатын ұсынды. Біз ұлтаралық диалогті сақтап, барынша нығайтуымыз керек», деді ол.
Өз кезегінде Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Күлекеев жиналғандарға Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы шешімді халықтық коалиция форумының барлық қатысушысы бірауыздан қолдағанын жеткізді. «Мен Қасым-Жомарт Тоқаев сынды көрнекті саясаткердің, тәжірибелі дипломаттың, мемлекет қайраткерінің кандидатурасын қолдаймын», деді ол.
Шымкентте партиялықтар «Бал текстиль» кілем фабрикасының ұжымымен кездесті. XXIV съезд делегаты, «Amanat» партиясының мүшесі Раушан Жиренованың айтуынша, алдағы сайлау – Тәуелсіз Қазақстан үшін үлкен саяси қадам. «Негізгі мақсаттардың бірі – Әділетті Қазақстан құру. Шынында да, әділеттілік бар жерде ғана заң үстемдігі, тұрақтылық орнайды. Сондай қоғам ғана алға басады», деді ол.