Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады және күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі. Сотталғанға тағайындалатын жаза түрінің бірі – бас бостандығынан шектеу жазасы. Бас бостандығынан шектеу жазасы әдетте тұрақты жұмыс орны мен оқуда жоқ сотты болғандарға қолданылады. Жергілікті атқарушы органдар айқындайтын бұл жаза түрі жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын жүз сағаттан тағайындалады.
Заң талаптарына сәйкес мәжбүрлі еңбекке тарту күніне төрт сағаттан аспауы қажет. Осындай жаза түріне сотты болғанның бірі – жиырма екі жастағы Берік есімді азамат. Ол 2021 жылы Түркістан қалалық сотының үкімімен ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған. Сонымен қатар ол жаза өтеу кезінде 100 сағаттан аспайтын қоғамдық жұмыстарды да атқарды.
– Сотталған азамат 100 сағаттық мәжбүрлі еңбегін өтеу үшін Түркістан «Жарық-Тазалық» ЖШС-ге жіберілді. Қазіргі таңда күніне төрт сағаттан асырылмай мәжбүрлі еңбегін өтеуде. Бұл еңбекті қоғамға пайдалы әрі тиімді ету үшін әкімшілік ғимаратының алдын қоқыстан тазалау, абаттандыру, түзету және көктем мезгілінде жер аударып аулаға күл отырғызып, шарбақтарын сырлау секілді еңбек етіп жазасын өтейді. Мәжбүрлі еңбегін аяқтаған соң Түркістан «Жарық-Тазалық» ЖШС мәжбүрлі еңбегінің аяқталғандығы туралы кесте жасап, қалалық пробация қызметіне жазбаша түрде хабарлайды, – дейді Түркістан қалалық ПҚБ аға инспекторы Жанболат Абдрахманов.
Пробация инспекторының сөзіне қарағанда, мәжбүрлі еңбек бас бостандығын шектеу жазасына тартылған азаматтар үшін тиімді. Себебі олар жұмыссыз үйде жатпайды, 4 сағат болса да еңбек етіп, жұмыс істеуге дағдыланады. Ал кейбір сотталған азаматтар тез арада жұмысқа орналасып кететін жайттар да кездеседі екен. Сотталған Берік есімді азамат 100 сағаттық мәжбүрлі еңбегін өтеу үшін Түркістан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмысқа жіберілді.
Мәжбүрлі еңбекке тартылған азаматтарға ешқандай ақы төленбейді. Керісінше өздеріне берілген жаза мерзімі бойынша еңбектерін тегін өтейді. Сотталған азамат қоғамдық жұмысқа тарту жазасымен есепке алынғаннан кейін 10 күн ішінде жергілікті атқару органдарына жолданып, сол жерде өз жұмысын бастайды.
– Қазақта «қолыңмен істеген істі, мойныңмен көтер» дейді ғой. Әрине, өзімнің жасаған қылмысымды мойындаймын. Қателікке жол беріп, есірткі заттарын пайдаландым. Маған қоғамдық мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды. Он күннен бері осы жазаны өтеп жүрмін. Енді 80 сағаттық еңбегімді өтеймін. Жасаған қылмысыма өкінемін, оны алдағы уақытта қайталамаймын, – деді сотталған Берік.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы