Қоғам • 14 Қазан, 2022

Ақ кимешекті әжелер

715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса...
Нені көрем?». Қайран, Мұқағали осылай жырлап еді-ау. Сахнаға шыққан әжелерді көрген де, ақиық ақынның сол өлеңі ойымызға орала берді. Осылайша, Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылында өткен «Ақ кимешек» әжелер байқауынан бір мерейленіп қайттық.

Ақ кимешекті әжелер

Сәні мен салтанаты жарасқан 10 әже сынаққа қатысып, келген жұртты сүйсіндірді. Әр ауылдық округтің намысын қорғаған әжелер байқау шарты бойынша бес сыннан өтіп, бар өнерін ортаға салды. Қазылар алқасы сынға түскен әр әженің өнеріне тамсанып, лайықты бағалады.

Қарқара кимешек киіп, көненің көзіндей болған әжелеріміз тарихтан сыр шертіп, ұлттың ұлылығын көз алдымызға әкеліп, жүректің қылын шертті. Бірі қара өлеңнен ағытса, екіншісі киелі домбыраны қолға алып, тебірене толғады.

Сонау келін болып түскен шақ­тан ақ әжеге жеткенше ғұмыр-тари­хын әңгіме етіп әнге сыйғызған әже­лердің өнеріне таңдай қақтық. Бай­қаудың әр сатысынан ұпай жинап, шынайы ықыласпен қатысқан өнерпаздардың дайындығы өте жо­ға­ры екен. Немересінің құлақ құ­рышын қандырып, көңіл сарайын ашып, терең ойға батыратын қиссаны оқығанда келген жұрттың өзін елітіп әкетті. «Қолөнер» аталымы бойынша әкелген бұйымдарын қорғап, көрген жанның көңілін қуанышқа толтырды.

Мұқыры ауылына күн нұрындай шуақ шашып, көңіл күй сыйлаған «Ақ кимешек» байқауының түйінін қоюға Көксу ауданының әкімі Мәрлен Көлбаев, Жетісу облысы ана­лар ке­ңесінің төрайымы Жамал Бай­ма­диева шығып, жүрекжарды сөзін арнады. Әр қатысушының өнерін жіктеп, таланттары мен талабына бас иген қазылар алқасы ақ жаулықты әжелерге ризашылығын білдірді.

«Бұл сында барлығыңыз да жеңім­паз­сыздар, жеңілген ешкім жоқ. Бә­ріңізге әртүрлі аталым бойынша бәйге беріледі», деген аудан басшысы Мәрлен Көлбаев 10 округтен келген әжелердің иығына камзол, басына ақ жаулық жауып, арнайы сыйлықтар табыс етті.

 

Жетісу облысы