Өнер • 14 Қазан, 2022

Жетіген жырлайды

835 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында қоңыр үнді әрі әуезді қазақтың көне аспабы – жетігенге арналған әдемі кеш өтті.

Жетіген жырлайды

Концерттік бағдарламада қазақ му­зыкасының дәстүрлерін көрсе­тетін шығармалар – Ықыластың «Жез киік», Дәулеткерейдің «Көр­оғлы», Динаның «Науысқы», Нұр­ғиса Тілендиевтің «Аққу», Ер­мұ­рат Есеновтің «Майра», Шол­пан Қорғанбектің «Жүрек сыры», Поль де Сенневильдің «Wedding in the dream», Константин Шаха­новтың «Кельтские танцы» және т.б. отандық және шетелдік компо­зиторлардың шығармалары орындалды.

Сазды кештің жеке орындау­шысы – халықаралық және респуб­ликалық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно-ан­самблінің әртісі Гүлдана Нұра­баева. Әртістің айтуынша, жетіген – ерекше үнді аспап. «Же­ті­генге арналған шығармалар аз: бірнеше ғана жинақ бар. Сондықтан хрестоматияға енген әйгілі шығарма­ларды жетігенге ыңғайлап жасауды ұй­ғардым. Бұл аспапта классика да, ха­лық музыкасы да керемет естіледі», деді ол.

Ал «Қорқыттың» көркемдік жетек­шісі Шолпан Қорғанбек жас талант Гүлдана Нұрабаеваны жеке орындаушы ретінде көпшілікке таныстыруды көптен жоспарлап жүргенін айтты. «Концерттің басты идеясы – жеке аспап ретінде жиі естілмейтін қазақтың шертпелі көне аспабы жетігенді насихаттау», деді Ш.Қорғанбек.

Жалпы, аталған ансамбль әрбір әртісінің бір емес, бірнеше аспапты меңгеруімен ерекшеленеді. Осындай әмбебаптылық арқа­сында этно-ансамбль халық музыкасын кез келген құраммен орындай алады.