«Саммитте қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын бекітті», деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді.
Оның айтуынша, ТМД Мемлекет басшылары кеңесі отырысының тағы бір құжаты климаттық күн тәртібіндегі елдердің бірлескен іс-қимылдарының маңыздылығын атап өткен климат саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдеме болды.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысының қорытындысын жариялаған болатын.