Қоғам • 15 Қазан, 2022

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған медицина саласындағы өзге ұлт өкілдері арасындағы «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты республикалық байқауының жеңімпаздары Қарағанды жерінде анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауға еліміздің өңірлері мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктелген 12 үміткер қатысты.

Шараны ашып сөз сөйлеген академик Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов: «Әлемдегі жаһандану процесі әр халықтың алдына өздерінің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру міндетін қойып отыр. Осы ретте біздер үшін қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу аса маңызды. Биылғы байқау медицина саласында жүрген өзге ұлт өкілдерінің арасында өтіп отыр. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, денсаулық саласы – халық жиі тұтынатын сала. Нельсон Мандела айтқандай, егер адамдармен ұғыныса алатын тілде сөйлессеңіз, сөзіңіз оның ақыл-ойына ғана арналған болып шығады. Ал оның ана тілінде қарым-қатынас ұстасаңыз, бірден жүрегіне жол таптым деніз дегеніндей. Екіншіден, қазақ тілін тұрмыстық деңгейде меңгеру өз алдына; оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен әдебиетін, өнерін танысаңыз, сіз елдің көз алдында жандүниесі бай адамға айналып, зиялы қауым өкілі қатарынан табыласыз, қарапайым еңбек адамдарының құрметіне бөленесіз», деді.

Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар өз өнерлерін көрсетсе, екінші бөлігінде қазақтың мақал-мәтелдері бойынша білім сынасты. Бұдан кейін экрандағы ұяшықтарда көрсетілген тақырып төңірегінде ой өрбітті. Ең соңында бір минут ішінде жиырма сұраққа жедел жауап беру бойынша сайысты.

Қазылар алқасының қызу талқылауынан кейін бәйгенің бас жүлдесі астаналық Розалина Махмудованың қанжығасына байланып, 300 мың теңге сыйлыққа ие болды. Бірінші орынға шымкенттік Сардорбек Рустамжанов лайықты деп танылды. Оған 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орынды Түркістан облысынан Фатима Мамедова жеңіп алды. Ол 150 мың теңгеге ие болды. Үшінші орынды солтүстікқазақстандық Сайдали Юсупов мен Алматы облысынан Руфат Сайдалимов бөлісті. Олардың әрқайсысына 100 мың теңге сыйлық беріледі.  Бұлардан басқа төрт үміткер әрқайсысы 15 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болса, қалған қатысушылар арнаулы диплом, алғысхатпен марапатталды. Қазылар алқасының құрамына белгілі ғалымдар, тіл саласының білікті мамандары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері енді.