Аймақтар • 16 Қазан, 2022

Алматының серіктес қалалары салынуы мүмкін

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Алматы маңында G4 City атты шағын серіктес қала салынатыны туралы хабар қайта  тарады. Бұл Алматы үшін жаңалық емес, Алматыға серіктес қалалардың қажеттігі 2006 жылдан бері айтылып келсе де жоспар-құжат  деңгейінен аспаған болатын. Енді  Алматының серіктес қаласын салу үшін 8 мың гектардан астам жер қажет. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігінде айтылды, деп жазады  Egemen.kz.

Алматының серіктес қалалары салынуы мүмкін

Бұған дейін 2019 жылдың қарашасында CaspianGroup жобасының бастамашысы және сингапурлық SurbanaJurong даму компаниясы арасында G4 City жобасының бас жоспарын әзірлеуде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны айтылған еді.

Жоспар бойынша «Gate City» (Қақпа қала), «Golden City» (Алтын қақпа), «Growing City» (Өсу қаласы), Green City (Жасыл қала) деп аталатын төрт шаһардың аумағы 8 мың гектарға есептелген. Мұнда Алматы қаласы үшін азық-түлік кластері, жолаушыларға арналған көлік торабы, заманауи ойын-сауық технологиялары алқабы орналасады.  Ал ол жерде тұратын халықтың саны 130 мың адамға жетеді деп жоспарланған. «Алматы-Қапшағай»  тас жолының бойында орналасқан «G4 City»  болашақта ақылды қалаға айналады деген үміт бар. Ол төрт ауданнан тұрады: Gate District — бизнес-қаржы орталығы, Golden District — білім беру және медициналық хаб, Growing District — өндірістік және логистикалық хаб, Green District — туризм және ойын-сауық орталығы.

G-4 City жобасын жүзеге асыру үшін 8302 гектар жер қарастырылып отыр.  Атап айтқанда, Gate City - 2 370 га, Golden City - 1 869 га, Growing City - 2 420 га, Green City - 1 643 га.

Іле ауданы аумағындағы Gate City ауданына 341 жер телімі, яғни 2370 гектар алынады.  G-4 City жобасының бастамашыларына 45 гектар жер жеке меншікке берілгені атап өтілді.

№2 Golden City  бойынша 1869 га 143 жер телімін алып тастау керек. Мәселен, мемлекеттік жер пайдаланушыларда 19 учаске (500 га), заңды тұлғаларда алты учаске (55,86 га), жеке тұлғаларда 71 учаске (549,41 га), G-4 City 47 учаске (763,73 га) бар.

«Growing City» ауданын салу үшін иеліктен шығарылған жер телімдерінің саны 179, ауданы 2420 га. Атап айтқанда, мемлекеттік жер пайдаланушылар – 65 учаске (910,10 га), заңды тұлғалар – 5 учаске (72,34 га), жеке тұлғалар – 71 учаске (977,05 га), G-4 City – 38 учаске (алаңы 460,49 га).

Қонаев аумағында жасыл қала үшін 1643 гектар аумақты құрайтын 29 учаске алынады. Оның ішінде мемлекеттік жер пайдаланушыларда – 16 жер учаскесі (922,98 га), заңды тұлғаларда – үш учаске (568,3 га), жеке тұлғаларда – 10 учаске (151,72 га).

«Іле ауданы әкімдігінің «Мәжбүрлеп иеліктен шығаруды, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін сатып алу арқылы алуды бастау туралы» қаулысы қабылданды», деді әкімдікте.

Сонымен қатар, «Береке» индустриялық аймағының шекарасына кіретін жер телімдерін алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте «Алматы облысында G-4 қаласын дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулы жобасы орталық мемлекеттік органдардың қарауында және келісуде екені атап өтілді.  Бекітілген құжат негізінде бас жоспар әзірленеді. Әкімдік қазіргі уақытта 1601,34 гектар жерді резервке алу туралы қаулылар қабылданғанын қосты.  

Еске салайық, Алматы облысындағы G-4 City дамуының бас жоспарының   әзірленген тұжырымдамасына сәйкес ол заманауи тақырыптық аймақтардан тұрады. Ақылды қаланы Алматы-Қонаев тас жолының бойында орналастыру жоспарлануда. Серіктестік қалада 2,2 миллион тұрғын болады деп күтілуде. 2050 жылға қарай қала 1,1 миллионнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді деп болжануда.