Әлем • 16 Қазан, 2022

Беларусьтің мақсаты не?

221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір әлем сарапшылары Александр Лукашенко мен Владимир Путин арасындағы «келісімді» қызу талқылап жатыр. «Беларусь шынымен Ресейге көмекке келіп, Украинадағы қақтығысқа әскер жібере ме?» деген көптің көкейінде жүрген сауалға сарапшылар пікір білдірді. Олардың басым бөлігі Путин мұны талап етсе де, Беларусь әскерлерінің Украинаға қарсы соғысу мүмкіндігі жоқ деген пікірде.

Беларусьтің мақсаты не?

Беларусь басшысы Александр Лукашенко Украинада қақтығыс басталғалы екі елге де тең позицияны ұстанып келеді. 24 ақпанда Беларусь елінде шоғырланған Ресей әскерлері Украина шекарасына өтіп, елді Еуропаға басып кіру үшін трамплин ретінде пайдаланған еді. Бірақ Беларусь басшысы бұл қақтығысқа тікелей араласпады, әскерін шайқасқа жібермеді.

Алайда Лукашенконың Владимир Путинмен жуырдағы кездесуі «күдік» тудырып, бірқатар елді алаңдатып отыр. Лукашенко алдағы күндері мыңдаған ресейлік әскердің Беларусьқа жаттығу үшін келетінін мәлімдеді. «Біз өңірлік әскерлер тобының міндеттері тек қорғаныс сипатында екенін тағы да атап өтеміз. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан шаралардың бар­лығы қауіпсіздікке бағытталған», деді сейсенбіде Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хренин.

Ал дәл осы күні Украина президенті Володимир Зеленский G7 отырысында дабыл қағып, Лукашенконың «арандатуына» жол бермеу үшін Украина мен Беларусь шекарасына БҰҰ бітім­гершілік күштерін жіберуді сұрады. Сарапшылар «алаңдауға негіз бар, десе де Беларусь мұндай қадамға бара алмайды» деген пікірде. «Әрине, Путиннің ықпалы зор. Бірақ ол Лукашенконы саяси суицидке мәжбүрлей алмайды. Сонымен қатар Лукашенко қақ­тығысқа қатысуға итермелейтін кез келген келісімдерден өзін аулақ ұстауға тырысады», деді беларусь саясаттанушысы, Карнеги қоры­ның ғылыми қызметкері Артём Шрайб­ман The Guardian басылымына бер­ген сұхбатында. Лукашенко өз әскерін қақтығысқа жібермей, Ресей әскерлеріне Беларусь шекарасына қарай жылжуға ғана рұқсат бере алады деп санайды мамандар. «Немесе ол мобилизацияға ұшыраған ондаған мың ресейліктер үшін өз жерін полигон ретінде пайдалануға келісім беруі мүмкін», дейді. Беларусьтің HajunProject мониторинг тобы екі елдің бірлескен оқу-жаттығулары Украинамен шекарадан небәрі 17 шақырым жерде орналасқан Ельск қаласындағы бірнеше муниципалды ғимараттың жанында өтеді деген ақпарат таратты. Сонымен қатар аталған мониторинг тобы қазір уақытта Ельскідегі жергілікті полиция бөлімшесі мен әкімшілік ғимаратының жанындағы музыка мектебінде сабақ тоқтатылғанын хабарлады. «Жергілікті тұрғындар­ға сәрсенбіде келген жаңа брондал­ған колоннаны таспаға түсірмеуге бұйрық берілді», деді ұйым өкілдері.

Тәуелсіз әскери сарапшы, RochanConsulting директоры Конрад Музи­ка «Беларусьте әскери тәртіпті қадағалайтын ұйым аз, өйткені олардың әскері салыстырмалы түрде әлсіз. Армия толық күшке жету үшін 20 мың адамды жұмылдыру керек. Қазір Беларусь жоғары қарқынды жаттығуларды өткізуде. Минск соғысқа дайындалып жатқандай барлық мүмкіндіктерін сынап жатыр. Мұның үш түсіндірмесі бар: біріншісі – НАТО шабуылына дайындық; екіншісі – басқа ай­мақтарға орналастырылуына жол бермеу үшін шекараға жақын жерде украиндық күштерді ұстау; үшінші­сі – Украинаға шабуыл жасауға дайындық», дейді әскери сарапшы. Сонымен қатар оның айтуынша, бейнежазбаларда көр­сетілгендей Ресей Украинаға шабуыл жасауға дайындап жатқан ауыр қару-жарақтарын Беларуське тасымалдаудың орнына, керісінше Беларусь Ресейге өз қоймаларынан танк, оқ-дәрі және жүк көліктерін жіберіп жатыр. Беларусьтің «Хаджун» жобасы сегіз Т-72А танкінің Минскіден Ресейге тасымалдануы туралы бейнежазбаны жариялады және куәгерлердің 15-30 танк пен кем дегенде 28 «Урал» жүк көлігін көргенін айтады.

Беларусь оппозициясының же­тек­­шісі Светлана Тихановская­ның бас кеңесшісі Франк Вячорка Беларусь әскерлерінің Украинадағы соғысқа белсенді қатысатынына сенбейтінін айтады The Guardian басылымына берген сұхбатында. «Мен бұған күмәнданамын, бізде бұл туралы ешқандай нұсқау жоқ. Керісінше, әскери басшылар украин­дықтардың жетістігіне қатты алаң­­дайтындықтан, олар соғысқа тар­тыл­­маймыз деп, әскерлерді тыныш­тандыруға тырысуда. Ешкім Путин үшін соғысқысы келмейді», дейді ол. Вячорка Беларусь армиясының Украинада соғысуға қауқарсыз екенін айтты. «Бізде әскер де, әскери техника да жоқ. Қазірдің өзінде Ресей Федерациясына көптеген техника жіберілді. Қолдануға бола­тынның бәрі бұрыннан қолданыста жүр. Жауынгерлік әзірліктегі әскерлер аз, 7 мыңға дейін, олар шабуылға дайын емес», деді Вячорка. «2020 жылы орын алған наразылық қозғалысынан кейін соғыс үшін Лукашенко өзінің абыройын төккісі келмейді», дейді бірқатар сарапшы.

Айта кетейік, Қазақстандағы оқу-жаттығуға келген Ресей және Беларусь рес­публикаларының әскери эшелондары өткен аптада (8-15 қазан аралығында) өз елдеріне қайт­ты. Қазақстанның қор­ғаныс ведомствосы 26 қыркүйек – 8 қазан аралығында Жамбыл және Алматы облыстарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы­ның Жедел әрекет ету ұжым­дық күштерінің қатысуымен «Өзара іс-қимыл-2022», «Іздеу-2022», «Эшелон-2022» оқу-жаттығуларын өткізген болатын.