Форум аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Оразбаев пен Enactus Kazakhstan қорының президенті Альбина Ержанова ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес алда кейінгі толқын өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін дамытатын жобалар жүзеге асады.
Республикалық форумда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева оқу орнында бизнес бастағысы келетін жастарға барынша мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті.
– Университетте студенттер арасында кәсіпкерлікті дамыту, олардың тың идеяларын қолдау мақсатында кәсіпкерлік орталығы жұмыс істейді. Осы кезге дейін «Startup Bolashak. Menin armanym» жобасы, «Zhas project» бағдарламасы, «HackDay» және «Smart city Kyzylorda» хакатондары және бизнесте жастарға бағдар беретін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Орталық бес жыл ішінде 7 мыңнан аса жасқа бағыт берді, – деді Майнұр Әбілтайқызы.
Форумда Enactus Kazakhstan қорының президенті Альбина Ержанова, жоба директоры Маржан Жанғали презентациямен таныстырып, алдағы жоспарлар, оқушылар мен студенттерге арналған мүмкіндіктер жайлы тарата айтты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев бизнес идеяны жүзеге асыру, инвестор тарту жолдарын түсіндірді.
ҚЫЗЫЛОРДА