Шекара шебінде жатқан Шемонаиха ауданы облыс орталығынан онша қашық болмағанымен, көлігіміздің дөңгелегі тие бермейді екен. Оған себеп – жалқы; қазақ аз, қазақ аз болған соң қалам ұшына ілінетін тақырып та тапшы деген ой. Әнеугүні ғой, өз өңірімізді өгейсіткеніміз жарамас деп, Үбі өзенінің аңғарын аралағанбыз. Түйгенім бе, әдетім бе, әйтеуір ауданды тани түсу үшін алдымен аудан орталығындағы өлкетану музейіне әдейілеп бұрыламын. Көкірегі ояу көнекөз қариялар кездессе, тілдесуге тырысамын. Тарихтан тарта татымды әңгіме айта қалса, қағазға түртіп аламын, болмаса, диктофонға басамын.
Бел-белесті асып, зытып келеміз. Жолдың жан-жағы құрақ-құрақ егін, шабындық. Арагідік омарташылардың фазендасы қарауытады. Шыбық шаншысаң тал, гүлін тартсаң бал, түгін тартсаң май шығатын өңір қайсы десе, іркілместен Шемонаиха деуге әбден болады екен. Ол аз десеңіз, жерінің асты қабат-қабат алтын, мыс, қорғасын... ХVIII ғасырдан бері бұл ауданда қазба жұмыстары бір тоқтамаған. Бақуатты аудан. Қазынаның қазанынан гөрі кәсіпкерлері, шаруалары бақуатты ма деймін. Ауданның қазынасы бай болса, Ресейдің шекарасына дейінгі күре жолы мұншалықты қырық жамау болмас еді. Елеусіздеу аудан болған соң басшылар да мойын бұра бермейтін сияқты.
«Мария жартасының» иек тұсындағы тұраққа жетіп, аялдағанбыз. Оң қолмен күнді көлегейлей шың басындағы ескерткішке көз жіберіп едім, қыз бейнесінен рас, мұң, зар, трагедия сезіледі. Оқыдыңыз ба, білмеймін, бұл мүсін шемонаихалық жазушы Анатолий Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романындағы кейіпкер – Мария Воронованың тағдырына орайластырып қойылған. Әуелде дәл осы тұста кулактар Мария дей-тұғын шынашақтай қызды ұрып өлтіріп, құздан құлатып жіберген деп ойлайтынбыз. Ойлаған емес, солай деп естігенбіз. Сөйтсек, Марияның тағдыры арқылы жазушы сол замандағы Шемонаиханың қойын-қуысын мекен етіп жатқан халықтың тіршілігін, революцияны, коллективтендіруді, Ұлы Отан соғысының басталуын көрсеткісі келген екен. Әйтпесе, өмірде Мария деген қыз болмаған. Жазушының ой-қиялы ғана. 1970-жылдары бұл романның желісімен түсірілген толық метражды алғашқы телесериал көпшілікті көгілдір экранның алдына ұйытқан. Бірден айтайық, романдағы шытырман оқиға Шемонаиха өңірінде орын алғанымен, сериал Ресейдің Орал тауларында түсірілген. Романдағы Шантара деген ауылы осы – Шемонаиха.
Байқаймын, жергілікті елдің жазушы А.Ивановқа деген құрметтері ерек. Шемонаиханың орталық көшелерінің біріне жазушы есімін берсе, орталық саябаққа кеуде мүсінін орнатыпты. Жазушы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақтасын да шегелеп қойған. Иә, аудан мүсіннен кенде емес. Саябақ ішінде тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіш те елдің суретке түсетін орнына айналған. Бәрінен де орталықтағы Бауыржан Момышұлының кеуде мүсіні көзге оттай басылды.
Шемонаиханы шарлап келіп, ауданның кешегісі мен бүгіні топтастырылған өлкетану музейінің алдына келіп тоқтадық. Бізді күтіп тұрған музей меңгерушісі Наталья Дубинчик әңгімесін тарихтан тарта бастады. Әуелі шекараның арғы бетіндегі Змеиногорск қаласы болыстық басқарудың орталығы болғанын айтты. Біз бас сұққан музей ғимараты заманында ауданды басқарушылар үшін салынған екен. Қазіргі тілмен түсіндірсек, әкімдік. Ал репрессия жылдары дәл осы ғимаратта ату, асу бұйрықтары орындалыпты. Турасын айтқанда, қаншама жазықсыздың қаны сіңген шаңырақ. Одан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, еңселі ғимарат еңсені басты. Кіреберісінде көненің көзіндей болып, болыстық басқарудың құжаттары, мөрі сақталған ескі сейф тұр. Төріндегі шемонаихалық суретші Борис Морозовтың монументалды кескіндемесіне көз тоқтатпай өтпедік. Сөйтсек, Б.Морозов Францияда өткен байқауларда топ жарып, шетелдік суретшілердің қошеметіне бірнеше рет ие болған екен. Үбінің жағасындағы қылқалам шебері Луврды мойындатқанын кім білген?!
– Алғашында соғыс пен еңбек ардагерлеріне арналған мұражай жасаймыз ба дегенбіз. Жылдар бойы жәдігерлерді жинай жүріп, өлкетану музейіне айналдырдық. Ғимарат тарлық еткен соң, 1987 жылы жапсыра тағы бір ғимарат соқтық. Алғашында болыстық басқару үйі болды, одан халық үйі деді. Кейін мектеп болып ашылды. Айтқандай, жазушы Анатолий Иванов осында оқыған, – деп мақтаныштарына айналған жазушының өмірбаянынан сыр шертті Наталья Георгиевна.
Қаламгерге арналған бөлмеден бәлендей құнды жәдігер байқамадық. Орындықтың иығында ілулі тұрған костюм ғана А.Ивановқа тиесілі болған екен. Басқасы фотосуреттер, жазушының кітаптары... Иә, Анатолий оқыған сыныптың сарғайған журналы музей сөресінен орын алыпты. Басқасын білмедім, төрде тұрған көне үстелдің өзін көлденең әкеліп қоя салған. Көздің қарашығындай сақтайтындай не қаламсабы, не қойын кітапшасы жоқ. Құнды жәдігер іздеп отырған себебім, Анатолий Иванов осыдан жүздеген жыл бұрын өмір сүрсе бір сәрі, бертінде өмірден өткен қаламгер ғой. Бәлкім, Ресей асып кеткен соң туған жерімен тығыз байланыс бола қоймаған да шығар.
Көпшілікке телесериал ретінде белгілі «Вечный зов», «Тени исчезают в полдень» секілді романдарымен танылған Анатолий Иванов 1928 жылы Шемонаиха ауданында туған. Отбасында үш бала. Әкесі өмірден өткен соң жасөспірім Анатолийге тіршіліктің бар салмағы түсті. Онсыз да соғыс адамдарды титықтатып қойған тұс еді.
Жастайынан жазушылыққа құштар бала Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсуді армандапты. Алған беттен қайтпас мінезі болса керек, соғыс аяқтала сала Алматыға аттанған. Ел ес жиып, етек-жеңін қымтап үлгіре алмай жатса, Анатолий білім алуға асыққан. Оқуын тәмамдаған соң Семейдің «Прииртышская правда» газетіне жұмысқа орналасқан. Ұсақ-түйек мақала, хабар-ошар жазып, газет беттерінен көріне бастағаны сол еді, Қиыр Шығысқа әскерге аттанып кеткен. Әскери жылдары да қаламнан қол үзген жоқ. Әскери борышын өтеп, ауылына қайтып келе жатып, жолай Новосибирск қаласында аялдаған. Ондағысы, әскери досының үйіне кіріп, сәлем беріп шықпақ болған. Сонда досының әкесі Машков дей-тұғын ауданнан жұмыс ұсынған. Ұсынысты ойланбастан қабыл алған А.Иванов «Ленинская знамя» газетіне жұмысқа кіріп, көп уақыт өтпей бас редакторлықты қолға алыпты.
Алғашқы «Дождь» әңгімесі 1950 жылдары газет беттерінде жарық көріп, шабыттана түседі. Көпшілік оқырман қолдап, қошеметтеп дем береді. Сол уақытта «Алкина песния» әңгімесін жаза бастайды. Оны көптеген театр сахналап, кеңінен таныта түседі. Көпшіліктің көңілінен шыққан шығармасы А.Ивановқа үлкен-үлкен атақ-абырой әкеледі. Өз-өзіне сенім пайда болған соң жас жазушы роман жазуды қолға алған. Алғашқы романы – «Шырмауық». Содан кейінгісі қалың оқырманға белгілі «Тени исчезают в полдень» атты романы. Оны 1963 жылы жазып, аяқтаған екен.
– Атын аспандатып, даңқын шығарған романында коллективтендіру уақытын үйлесімді етіп суреттеген. Ал Мария – көркем образ. Ол өмірдің жалғасы. Шығармада Мария өліп бара жатса да, күннің шығып келе жатқанын сезген. Яғни біз өлсек те, өмір жалғасады, жаңа күн туады дегендей ой айтқысы келген, – деп жазушы шығармасын талдап бергісі келді музей басшысы.
Тарихи шындықты көркем шығармамен жеткізген Анатолий Степановичке Мәскеуден қызмет ұсынады. «Молодая гвардия» журналын басқарып жүріп, мемлекеттік сыйлыққа ие болады.
1970 жылдары балаларына арнап, «Вечный зов» романын жазуға кіріскен. Мұны жазу оған оңайға соқпаған. Себебі, бұған дейін репрессия туралы көп жазған. Қоғамға өз ойын да ашық білдірген. Жабық тақырыптарды батыл қозғаған. Сондықтан да «Вечный зов» романының желісімен түсірілген сериал көгілдір экранға да бірден шыға қоймады. Халық сұраған соң ғана көрсетіле бастаған.
– Анатолий Иванов өз шығармаларына орайластырылған фильмдерді осында түсіргісі келді. Бірақ қаржыға байланысты режиссер В.Усковтың туған жері Оралда түсірілді. Тағы айта кетерлігі, А.Иванов кеңес үкіметі үшін күресті. Үкіметтің құлауын қаламады. Тіпті, ел алдында Горбачевтың қолын алмай қойыпты. Сөйтіп жүргенде балалары бірінен соң бірі қайтыс болады, – дейді Н.Дубинчик.
1999 жылдың 31 мамыры. Анатолий Ивановқа Шемонаиха ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілген күн. Өкініштісі, дәл осы сәтте А.Иванов өмірден өткен.
Кері қайтып бара жатып, Мария жартасына көтерілгенбіз. Ескерткіш тұғырында «Пусть она каждый день рассвет видит» деп қашалған жазу тұр. Қазақшаласақ, «ол әр күні атқан таңды көрсін» делінген. Айтып өткендей, жазушының түпкі ойы – халықты қанша басып-жаншып жатсаң-дағы «жаңа күн туады, жаңа буын ауысады...», дегенге саяды. Рас, одан бері аумалы-төкпелі заманның қаншасын бастан өткердік. Жаңа заман туды, еліміз Тәуелсіздігін алды. Айта берсек, жақсылық та, әттеген-ай да бар. Сонымен хош, қазақтың байтақ даласына күн шапағатын төге берсін деген тілекпен күнді батырдық. Ертең жаңа күн!
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы