9 қазан күні алғашқы өрт Глубокое ауданына қарасты Малоубинка ауылында тіркелді. Жекеменшік қос пәтерлі үйден шыққан өрт маңайындағы 38 тонна шөпті де шарпып өткен. Ала жаздайғы еңбек еш кетті деген – осы. Өрт сөндірушілер жеткенше, тілсіз жау 345 шаршы метрді жалынға орап үлгерген. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жете сала терезеден кіріп, сексендегі қарияны құтқарып қалды. Ал өрттің неден шыққаны әлі белгісіз, анықталып жатыр.
Іле-шала өрт облыстың өзге аудандарында да тұтанды. Бір күн бұрын ғана ТЖД тарапынан дауыл болатындығы туралы ескертілген. Сөйте тұра өрт қауіпсіздігіне қарсы шаралар сақталмағанға ұқсайды. Бір тал сіріңке мың тал орманды отқа орайтыны әркімнің көкейінде жүрсе ғой, шіркін. Білмейтіндер біле жүрсін, ауылшаруашылық алаңдарында, далалы жерде, орманды алқаптарда от жағу әкімшілік Кодекстің 336, 337, 410-баптарымен жауапқа тартылуы мүмкін.
Әр жерден өрт шыға бастағанда дабыл қағылып, азаматтар өрт сөндіруге шыққан. ТЖД мамандарының мәліметі бойынша, өрттің бетін қайтару үшін барлығы 120-дан аса техника мен 700-ге жуық адам жұмылдырылған.
Бұл күні Күршім ауданының Үшбұлақ ауылынан 14 шақырым жердегі Пугачев орманшылығы мен Маралды ауылдық округінің аумағынан да өрт шықты. Қурап тұрған далалы жерден шыққан жалын қанша гектарды жайпағаны әзірше белгісіз. ТЖД мәліметінше, 260-тан астам орманшы, 30-ға жуық техника және қос бірдей МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Тікұшақ жанып жатқан аумаққа 35 тоннадан 14 рет су төгіп, өрттің бетін қайтарған. Десе де, аймақта құрғақ ауа райы сақталуда.
Ал Зайсан ауданындағы Соленый учаскесінде 15 гектар жер күлге айналған. Дәл мұндай дала өрті Ұлан ауданынан да шықты. Герасимовка ауылының маңындағы Ақтасты учаскесінде 45 гектар жер өртенсе, Высокая учаскесінде 600 гектар жер бірақ жанып кеткен. Далалы жер болғандықтан орман-тоғай мен қора-қопсыға бәлендей кесірі тие қойған жоқ. Өскеменде керісінше, алапат өрт 6 саяжай үй мен шаруашылық ғимараттарын шарпыған. Одан бөлек қала маңында далалы жерлер де өртенді.
Ұйытқи соққан жел оңдырсын ба?! Түскен шоқ тұтанған. Тұтанған от ұшқындап, жан-жаққа тарала берген. Байқағанымыздай, сол күні Өскеменнің аспаны көк түтіннен көрінбей тұрды. Түптеп келгенде, өрттің шығуы адами факторға байланысты. Әйтпесе, найзағай ойнап, күн күркіремеген. Әрине, өрт ошақтарында арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Тілсіз жаудың неден шыққанын нақтылай жатар. Ал сіздер табиғат аясына шыға қалсаңыз, аса сақ болыңыз. От жаққан жағдайда әбден сөндіріп кетіңіз. ТЖД мамандары да үнемі бұл туралы ескертулер жасап отырады.
– Біз өз тарапымыздан өрттің шығу нүктесін жедел бақылау үшін космомониторингті пайдаланып отырмыз. Бүгінгі таңда ғарыштық технологиялардың көмегімен облыста 658 өрттің нүктесі тіркеліп, жедел сөндірілді. Өткен демалыс күндері 55 жерде құрғақ шөп жанып, өрт сөндірушілер өшіріп үлгерді. Көп жағдайда тұрғындар қоқыс өртейміз деп, от шығарып алып жатады, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.
Шығыс Қазақстан облысы