Саясат • 18 Қазан, 2022

Төрағалықты жалғастырады

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада елордада Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңе­сінің (АӨСШК) VI саммиті өтті. Айтулы іс-шара­ның қорытындысы мен Қазақстан төрағалы­ғы­ның басымдықтарын жүзеге асыру тетіктері тура­лы Орталық коммуникациялар қызметінде кеңес­тің Бас хатшысы, елші Қайрат Сарыбай айтып берді.

Төрағалықты жалғастырады

Алғаш рет Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитіне ұйымға мүше мемлекеттер, байқаушылар, қонақтар, жалпы саны 50-ден астам делегация қатысты. Оның 12-сі мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде болды.

– Азия кеңесіндегі ең басты құжат – «Трансформация жөніндегі Астана мәлімдемесі» болды. Азия кеңесін толыққанды өңірлік халықаралық ұйымға біртіндеп кезең-кезеңмен және консенсусқа негізделген трансфор­мация­лаудың құрылымды, инклюзивті және ашық келіссөз­дер процесі басталды деген сөз. Айта кетейік, Қазақ­стан Президенті Қ.Тоқаев бұл туралы әрдайым айтып жүретін. Азия кеңесінің қазіргі ерекшеліктері халық­ара­лық ұйым­ға ұқсайды. Өйткені басқару органдары, атқарушы орган­дары, құрылымдары бар, – деді АӨСШК Бас хатшысы.

 «Астана мәлімдемесінде» мүше мемлекеттердің өңірдегі қауіпсіздікті нығайту және экономикалық өсуді, өзара байланысты, әлеуметтік және мәдени дамуды қамтамасыз ету үшін бірлескен жұмыс топтас­тырыл­ған, онда әр елдің саяси еркі және ұжымдық шешім қамтылған.

– Бұл мәлімдеме шеңберінде трансформацияның алғашқы қадамдары белгіленді. Осы күнге дейін барлық кездесулер басқосу немесе кездесу деп аталып келсе, енді бұл кездесулер институционалдық дәрежеге көтерілді. Олар енді мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі кеңес, ал сыртқы істер министрлерінің басқосулары сыртқы істер министрлерінің кеңесі деп аталады. Екінші институционалды шешім – хатшылықты басқарып отырған Атқарушы директордың мәртебесі Бас хатшы мәртебесіне айналдырылды. Орта және ұзақмерзімді перспективада мүше мемлекеттер алға қойған мақсаттарға сай Азия кеңесінің заңнамалық және әкімшілік базасын нығайту, бюджеттік және кадрлық механизмдерді халықаралық практикаға жақындату жолымен бірқалыпты трансформация процесін жалғастыру көзделген», деді Кеңестің Бас хатшысы.

Биыл Кеңес құрамы Кувейт елімен толықты. Осылай­ша, Азия кеңесіне мүше мемлекет саны – 28. Ал 1999 жылы олардың саны 15 болған. Бұл Кеңес беделінің артып жатқанын, оның басқа мемлекеттер үшін тартымды екенін көрсетіп отыр деген пікірде Қайрат Сарыбай. «Былтыр Түрікменстан Азия кеңесінің байқау­шы мәр­тебесіне ие болды. Сондай-ақ саммит қарса­ңында Азия кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақ өзара әріптес­тік туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, Азия ке­ңесінің отбасы және халықаралық байланыстар желісі өсіп, жалғасуда. Бұл да төрағалықтың бір басымды­ғы», деді Қ.Сарыбай.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Қазақстан 2024 жылға дейін төрағалық етеді.