Қоғам • 18 Қазан, 2022

Қариялар батасы

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарты бар үйдің қазынасы бар. Осы ойлы сөзден қуат алған Талды­қорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Ұрпақтар сабақтастығы» акциясын ұйымдастырды. Іс-шара аясында азық-түлік себеттерін табыстап, оқушылар қарттардан бата алды.

Қариялар батасы

Тыл еңбеккері Бисұлу Уәлиева биыл 93 жаста. Ақсу ауы­лының тумасы, қазіргі таңда немересінің қолында тұрады. Бисұлу әженің балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келген­діктен оқушыларға соғыс кезіндегі қиын-қыстау заманда қалай өмір сүргенін, отбасын асырау үшін бір уыс бидайды көмір астына тығып жүріп әкелетінін айтып берді. Осы қиындықтарға қарамастан, Бисұлу әже бүгінгі тоқсанның төріндегі жасқа жеткен.

«Еліміз тыныш болсын. Менің өмірімде болған қиындықтарды жас ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» деп оқушыларға ақ батасын берді қария.

Жалғызбасты зейнеткер Би­­бі­нұр Ибраимоваға зияткер ерік­тілердің ықыласы қатты әсер етті. Бибінұр әже – 72 жаста, педагогика саласының ардагері. ҚазМУ-ді бітірген, облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің мең­герушісі болып жұмыс істеген. Сонымен қатар қалалық білім бөлімінде кинотеканың директоры болып қызмет атқарған.

«Аға ұрпаққа мейірімділік өте қажет. Ата-апалар бізді еңбексүй­гіштікке, отбасына, Отанға адал болуға тәрбиелейді. Бірақ, өкі­нішке қарай, біз кейде егде адамдар үшін мемлекет тарапынан қол­дау ғана емес, қарапайым көңіл бөлу де маңызды екенін ұмытып кетеміз», дейді NIS оқушылары.

Оқушылар зейнеткер Ләззат әженің үйіне де кіріп шықты. Олар осы іс-шара аясында бір жағынан қайырымдылық жасағандарына қуанғанымен, екінші жағынан зейнеткерлердің қандай жағдай­да өмір сүріп жатқанына алаңдау­шылық танытты. Өміріндегі қиын жағдайға байланысты Ләззат әже баспанасыз қалған. Бірақ ауыл әкім­дігінің көмегімен Көктал ауы­лынан жаңа үй салуға жер телімі берілген. Қазіргі уақытта тұрғын­дардың күшімен іргетасы көтеріліпті.

Назарбаев зияткерлік мекте­бінің оқушылары мен ата-аналары жыл сайын ардагерлерге, қарияларға көмек қолын созады.

 

Жетісу облысы