Қоғам • 18 Қазан, 2022

Әлеуметтік түсіндіру жұмыстары

209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және Әлеуметтік кодекс жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған арнайы мобильді топ Шығыс Қазақстан облысында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Әлеуметтік түсіндіру жұмыстары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Риддер қаласында мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, ардагерлер және жастар ұйымдары, ҮЕҰ өкілдері, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар адамдар, әлеу­меттік қызметкерлер және еңбек ұжым­дарымен кездесулер өткізді.

А.Сарбасов Әлеуметтік кодексте заң­намалық деңгейде бекітілетін азамат­тарды әлеуметтік қолдау шараларын кү­шей­ту туралы егжей-тегжейлі ай­тып берді.

«Әлеуметтік кодекс әлеуметтік тәуе­келдер туындаған кезде мемлекет та­рапынан көмекті қамтамасыз ете оты­рып, азаматтарды өмір бойы сүйемел­дейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылады», деді ол.

Бірінші вице-министр Әлеуметтік кодекс жобасында Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта әлеуметтік мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы отбасылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін қалыптастыру көзделгенін айтты.

«Сондай-ақ жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейту, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеу, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тарту, ішкі көші-қонды реттеу, жұмыспен қамту орталықтарын ман­сап орталықтарына айналдыру жә­не көрсетілетін қызметтерді ауқым­ды цифрландыруды көздейтін жұмыс­пен қамту саласында жаңа саясат құры­ла­ды», деді А.Сарбасов.

Ол азаматтарды зейнетақымен қам­сыз­дандыруды жетілдіру бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөл­шерін ұлғайту, мемлекет, жұмыс беру­ші және қызметкердің қатысуымен көп дең­гейлі зейнетақы жүйесін құру есе­бінен жүзеге асырылатынын жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсыр­ма­ларын орындау мақсатында Әлеу­мет­тік кодекс жобасында балалы отба­сы­ларды қолдау шараларын күшей­туге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша әлеу­мет­тік төлемді төлеу мерзімі бір жарым жасқа дейін ұзартылады, сондай-ақ наг­радталған аналарға берілетін жәрдем­ақы мөлшері ұлғайтылады. Бұдан басқа, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақтау шоттарына аударымдар жүргізілетін болады», деді А.Сарбасов.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, Әлеуметтік кодекстің жобасында мемлекет-жекеменшік әріптестік тетіктері, ауқымды цифрландыру және адами факторды төмендету арқылы мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту (Әлеуметтік қызметтер порталы, медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу) қарастырылған.

Жұмыс сапары барысында вице-министр Риддер арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты.

Мобильді топ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында жалғастырады.