Күздің орта шені. Тарбағатай жайлауына салқын түсіп қалған шығар деп, сөмкемізге қабат-қабат киім салып алғанбыз. Сөйтсек, күндіз жып-жылы, мизам шуақ. Түнеугүні тобықтан жауған қар еріп кетіпті. Әйтпесе, мынау биікке қар ерте түсіп, сәуір соңында ғана еріншектене еритін.
Жайлауға қас қарайғанда жетіп құлағанбыз. Таң қылаң бере ұйқы шайдай ашылды. Түн ауғанша шытырлап жанған қызыл қарағайдың қызуы әлі тарқай қоймаған. Терезеге көз қиығымды салып едім, жайдақ асуындағы шағыл тастар жарқырап тұр. Күн шуағы шыңның кепешіне ғана түсіп үлгерген. Етек жағы көлеңке. Етек деп отырған жердің өзі, теңіз деңгейінен екі-екі жарым мың метр биік. Төмендегі ауылға құдай білер, таң сыз бере қоймаған шығар. Тау басындағы тіршілік ерте басталды. Мен киініп, тысқа шыққанша, үй иелері он-он бес сиырды сауып, өріске қарай бағыттап жіберген. Сүтке тыңқия тойған тарғыл мысық табалдырықта жуынып отыр. Иә, өріс дейтіндей, мұнда жерге талас жоқ. Төрт түлік таңдағанын жейді. Жыл он екі ай Тарбағатайдың түкпірінде екінің бірі мал баға алмаған соң да жайылым кең, шабындық жетеді. Себебі қыста ирек жолмен өрлеп, тау басына көтерілуің қиямет-қайым. Шөп шауып алған күннің өзінде оны ауылға жеткізу оңай шаруа емес. Жаздың күні ыңыранып, ышқына жетіп жүрген көлік бір қар басқан соң-ақ дөңгелек салмайды.
Қаба өзені бойындағы жалғыз шаңырақта Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің инспекторы Тайке Қабдырашұлы мен Татьяна Жанұзаққызы тұрады. Жиырма жылдан бері цивилизациядан жырақта өмір сүріп жатқан бұл отбасының тіршілігін батырлық дер едім. Батырлық демекші, наурыз айында алпысты алқымдап қалған Татьяна Жанұзаққызы атпен ауылға түсіп, ас-суын теңдеп алған соң кері қайтқан ғой. Шыңғыстайдың тұсынан төтесінен шыққандағы тікте астындағы аты зорығып кетсе керек, қасат қарды омбылап барып құлапты. Аттың қайта тұрмасын бірден байқаған ол бауыздап жіберіп, көз байланғанша сойып алған. Арам өлтірмейін дегені ғой.
Тау арасындағы түн көзге түртсе көргісіз, қараңғы. Оның үстіне, үйге дейінгі жол жаяуға жақын емес. Маңайды ит-құс торуылдап жүретіні тағы бар. Не де болса, таңның ағарғанын күтейін деп, самырсын түбінде мызғып кеткенге ұқсайды. Дәл сол уақытта тұмсығымен жер сызып жүретін құну дей-тұғын аң жасырып қойған еттің жұлма-жұлмасын шығарып кеткен. Тіміскіленген жыртқыш ет болмаса, адамға шабар ма еді?! Сөйтіп, Татьяна Жанұзаққызы келесі күні үйіне әзер ілінген. Оның мықтылығы, қайсарлығы әйел затын қойып, кейбір жігіттердің бойында жоқ. Ала жаздай Алтайдың берген ырзығын жинап алу үшін тынбай еңбектенеді. Үй шаруасын реттеп алған соң күрең қасқасын мініп, тау-тасты аралап кетер еді. Бүлдірген, көк бүлдірген, қой бүлдірген секілді тәттілерді теріп әкеліп, тосап қайнатады. Оны қойшы, балқарағай жинауда алдына жан салмайды. Алпыстағы әйел затының теңселіп тұрған биік самырсынға өрмелеп шығып, балқарағай соғып жүргенін көріп пе едіңіз?! Тіл-көзіміз тасқа, әлі ширақ. Сиырын сауып, құртын қайнатып, майын шайқап отыр. Ауылды қойып, қаладағы әйелдің күйкі тірлігі бітіп бермейтінін ойласақ, Татьяна апайдың еңбекқорлығына таңдай қағып, бас шайқамасқа амалың жоқ. Танауына су жетпей жүрсе де, жүзінен жылылық кетпейді. Сабырлы. Шіркін дедім; күні, аптасы, тіпті өмірі ұялы телефонда өтіп жатқан қыз-келіншектерді осында әкеліп, бір апта тұрғызар ма еді?! Аптаң не, бір күн шыдай ма?!
Жолдасы Тайке Қабдырашұлы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Тарбағатай учаскесі бойынша инспектор болып, ұзақ жыл қызмет еткен. Күні кеше ғана құрметті зейнет демалысына шықты. Қар түскен соң жиырма жыл жайлаған жерден ауылға көшпек ойлары бар. Заман тілімен айтсақ, тау басындағы миссиясы осымен аяқталды. Десе де, Тарбағатай төсіне әбден бауыр басып қалған олар үшін ауылға түсу оңай соқпай тұр. Төңірекке қайта-қайта дүрбі салады. Қимастық сезім бар, білем.
***
– Бұланды қара, күнде суатқа түсіп жүр, – деді Тайке Қабдырашұлы маған дүрбісін ұсынып жатып. Қызық, ауласынан шықпай-ақ түз тұяқтыларын бағып отырған іспетті. Шынында да, мүйізі күректей бұлан өзеннің арғы жағасына алаңсыз келіп, Қабаның суын қанып ішті. Езуінен суын сорғалатып тұрып, маңғаздана жан-жағына қарады. Сақ жануар ғой. Бізді байқағанымен, қауіптің жоғын біледі.
– Аң көп қазір. Былай шықсаң, марал, аю, таутеке, күдір, құну, суыр, бұлғын секілді аңдар жиі кездеседі, – дейді инспектор.
– Жиырма жыл отырғанда, қар барысын да көрген шығарсыз, – дедім.
– Жо-жоқ, бір-ақ рет ізін көрдім, – дей бергенде үй жақтан Татьяна апай шайға шақырды. Таңғы шай. Бастаудың мұздай суына беті-қолымызды жуып барып, дастарқанға жайғастық. Терезедегі ескілеу сағат тілі алтыны көрсетіп тұр. Бұл уақытта біреулер шырт ұйқыдан ояна қоймаса, енді бірі қыруар шаруа тындырып тастаған.
– 2004 жылы Тарбағатай учаскесіне инспектор болып жұмысқа орналастым. Содан бері табан аудармай осы жақта жұмыс істеп келемін. Міндетіміз – аң-құстарды қорғау, заңсыз ағаш кесуге жол бермеу дегендей. Содан соң, дала жануарларына жемшөбін дайындаймыз, тұзын қоямыз. Бәрін қойшы, ең қауіптісі – өрт. Өрт шығып кетпесе екен деп құдайдан күнде тілейміз! Майы шығып тұрған қалың қарағайға от тиді ме, сыр ете түседі. Күні кеше, Марқакөл жақ өртенді. Ондай өртті сөндіруге бізде қауқарлы техника жоқ. Қолымыздан алдын алу ғана келеді. Оның өзінде, туристердің табиғатта демалу мәдениеті қалыптаспаған. Туризмнің дамығаны жақсы, бірақ күл-қоқыстарын шашпай, өздерімен алып кетсе шіркін. Өрт те адамдардың кесірінен тұтанады. Жабылып жүріп сөндіреміз ғой, табиғатқа обал, – деп, біраз мәселені қозғай келе сұқ саусағын шошайтып тұрып, сәл ойланды да; – Мынаны жазып ал да, Президентке жеткіз, деді бұйыра.
– «Ұлттық парк» деген дардай атымыз бар. Ал орманшылардың жалақысы аз. Мені қойшы, зейнетке шықтым. Отбасын асырап отырған жас жігіттерге обал ғой. Қысы-жазы үй бетін көрмейді. Тауым, тасым, Алтайым деп аттан түспей жүр. Табыстарынан шабыстары көп, – деп маған аманат айтқандай болды.
Сөзінің жаны бар. Алтайдың бар байлығына, бар сұлулығына қорғандай болып жүрген орманшылардың айлықтары шайлықтан аспайды. Қымбатшылық болса, күннен күнге қысып барады. Бұған мемлекет тарапынан шынайы көңіл аударылып, түкпірдегі орманшының сөзі Арқа төсіндегі Ақордаға жетсе дейміз. Жете сала, тиісті тапсырмалар берілсе дейміз.
***
Баяғыда Тарбағатайда орманшы болып, Амантай Қысекин деген отырған. Дүр кісі еді. Заманның кең күнінде көлденең көк аттыға аң атқызып, ағаш жығуға рұқсат бермейтін. Ауылдастардан естиміз ғой; Амантай орманшы бір күні есіктің алдында отырса, аң аулауға облыстан ба, «мықтылар» келген көрінеді. Қолдарында тілдей қағаз жоқ, аңшылық құрмақшы. Орманшының ескертуіне құлақ аспастан, көліктерін дүр еткізіп, тайгаға қарай зулай жөнелген. Сәл ұзай бере, ашуы келген Амантай орманшы қос ауызын алып шығып, дөңгелекке сәл жеткізбей көздеп тұрып, шүріппені басқан көрінеді. Алып ұшып бара жатқан ГАЗ-66 көлігі кілт тоқтайды дағы, кері айналып қаша жөнеліпті. Содан кейін аңшы атаулы Тарбағатайға жолай қоймаған екен. (Бәлкім, соңғы сөйлемді браконьерлер оқып, мырс еткен де шығар)
***
Ортаңғы бөлмедегі жер үстелде газет-журналдар жиналып тұр. Қопарылыстырып қарасам, өзіміздің «Egemen Qazaqstan» мен облыстық «Didar» газеттері. Қуанып кеткеннен бе, мынаны пошташы әкеле ме деппін ғой.
– Пошташы алдымен ауылға таратып алсын. Мына таудың басына апта сайын пошта келсе, ауылға көшіп неміз бар, – деді әзіл-шынын араластыра сөйлеген орманшы.
– Апайдың күйкі тірлігін байқадым. Бітіп бермейтін сияқты. Сіз ше, бос уақытта не істейсіз? Теледидар көрсетпейді, күннен қуат алып отырған электрдің өзі шектеулі, – дедім газет беттерін парақтап тұрып.
– Менің де жұмысым бастан асады. Қол қалт етсе, газеттен, газет қоймай оқып шығамын. Ауылға түскен сайын әр нөмірін жиып-теріп алып кетемін де, елдегі жаңалықты газеттен оқып білемін. Сен мені малын өргізіп қойып, қымыз ішіп жатыр деп ойлап тұрсың ғой ә?! Жүр, мен саған жұмысымды көрсетейін, – деп қарқ-қарқ күле көк атты ерттеп, тізгінін ұстатты. Өзі тұрқы қысқалау торы атқа қонды.
Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Үзеңгілесе өзен бойындағы соқпақпен өрлеп келеміз. Осы жолмен шығысқа тура тарта берсең, әне-міне Қытайдың шекарасы. Алтай – күздің күні ұзатылар қыздай құлпыра түседі. Дәл осы мезгілде қай тұста қандай ағаш өсіп тұрғанын аңғару оп-оңай. Жапырақтары қызғылт тартып бара жатса – мойыл, сарғайса – қайың деп топшыладым. Ал қылқан жапырақты ағаштар мәңгі жасыл. Аң кездесіп қалар деп, жан-жаққа қырағылана қарап келемін. Оқтын-оқтын құстардың сайраған үні естіледі.
– Міне, өзіме бекітілген аумақтың адам жүреді-ау деген төңіректерін атпен аралаймын. Көктем мен күзде аң санақ басталады. Қай аңның қай қолатты мекен ететінін әбден біліп алдым. Миграциялайтын уақыты мен соқпақтарына дейін бақыладым. Туристерді айтамын, табиғаттың осылай құлпырып тұрған кезінде келмей ме?! – деп аспанмен астасқан Алтайдың асқаралы шыңдарына мейірімін төге көз тастады.
Күнделікті көріп жүрген табиғатқа жаңа көргендей инспектордың өзі тамсанып келеді. Мынау ғажапты асфальттан аспаған біреу көрсе, өз көзіне өзі сенбей аһ ұрар ма еді?! Әй бірақ, сұлулықты көре де білу керек. Көзбен көру бір басқа да, махаббатпен қарау мүлдем басқа.
– Іргедегі Қара Қаба өзені. Енді Ақ Қаба, Арасанды Қаба, Темір Қаба, Тентек Қаба, Жаман Қаба деген өзендер бар. Олар Қытайға өтіп, қайта Қара Ертіс болып шығады. Бүркіт ұя, Көлденең бұлақ, Төрқуыс, Қыз суреті, Солдат үйі, Алты қыз, Мұзбел, Қос жүрек, Тесіктас, Ербаланың ауыз үйі деген жерлер осында, Тарбағатай жайлауында, – деп көрген-білгенімен бөлісіп келеді Тайке Қабдырашұлы.
Айтқандай-ақ, Ербаланың ауыз үйі туралы естелік еске түсті. Шыңғыстай ауылының қариясы Шәмшария Нұғыманқызы 1930 жылдары Ербала деген аңшының өткенін айтып отыратын. Аңшы ашаршылық жылдары тау кезіп жүріп, ауылын аштан аман алып қалған екен. Кей кездері аюға дейін аулап әкеліп, ауылдастарына таратыпты. Тегі, Тарбағатайдағы Ербаланың ауыз үйі дей-тұғын жерде сол аңшының тұрағы болған шығар.
Сол жағымыздағы асқардың арғы жағы Аршаты. Одан әрі – Шындығатай. Ол жақта да қысы-жазы инспектор отыр. Қайта, оның шүйіркелесетіндей Неру деген көршісі бар. Неру Нығметолдаұлы бұл жалғанның есігін ашқалы ата-баба жерінен қоныс аудармаған. Қыстағанда, Сарыкөлге шығып, жазда Қаракезең, Шолақбайды жайлайды. Атасы Қасымқан Патша үкіметінің қысымынан қашып, Қытай асқан. Кейін заман тынышталғанда қайта келіп, Сарыкөлді мекен еткен. Содан бері баба жерінен мал тұяғы кетпеген.
Шу-шулеп келеміз. Маңдай тұстан шағыл тасты аппақ тау көрінді. Өзгелерден дара тұр. Катонқарағайлықтар Хрусталь тауы десе, Қытай жақтағы ағайындар Достық шоқысы дейді. Хрусталь дейтіндері, 1935 жылға дейін таудан хрусталь қазған екен. Ал арғы беттегі ағайындардың айтуынша, тау Ресей, Моңғолия, Қытай, Қазақстан мемлекеттерінің түйіскен тұсында тұрғандықтан, Достық шоқысы деп аталған. Әумин дейік! Ақ ниетіммен аппақ биікке қарап тұрып, шекаралас жатқан төрт елдің достығы ажырамасын, ел іргесі бүтін болсын, бейбіт өмір сүрейік деп тіледім!
Жапандағы жалғыз үйден кеш түсе кері қайттық. Туғаныңа сәлем берер уақыт таппайтын қарбалас қалаға бет алдық. Кейде, қу тіршіліктің қамыты қажағанда цифрлы елден осынау сиқырлы жерге безіп-ақ кеткің келеді. Еңк-еңк етіп, иректен түсіп келеміз. Тайке Қабдырашұлы ауылға көшкен соң деймін, орнына орманшы табыла қояр ма екен? Шекарадағы жалғыз үйдің түтіні сөнбейтін шығар...
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы