Спорт • 20 Қазан, 2022

Мұхиттың арғы жағалауындағы жарыстар

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері әлемнің бірқатар мемлекетінде теннистен аса ірі халықаралық турнирлер өтіп жатыр. Ал Қазақстанның ойыншылары мұхиттың арғы жағалауында өнер көрсетуде.

Мұхиттың арғы жағалауындағы жарыстар

Мексиканың Гвадалахара қаласында жүлде қоры 2 527 250 АҚШ долларын құрайтын турнирдің шымылдығы тү­рілді. Еліміздің ең үздік тен­нисшісі Елена Рыбакина тұсау­кесер кездесуін Каролина Плиш­ковамен өткізді. 30 жас­тағы Чехияның мақтанышы кезінде әлемнің бірінші ракеткасы атанған. Ол US Open мен Уимблдонның финалында, Ролан Гаррос пен АҚШ ашық біріншілігінің жартылай финалында ойнап, WTA тур­нирлерінде 16 рет топ жарды. Қазіргі кезде Плишкова үздіктер тізімінде 20-орынды иеленуде. Осындай сақа спортшымен еш қайымықпай айқасқан Рыбакина 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Енді екінші кезеңде жерле­сіміз әлемнің 24-ракеткасы аме­ри­калық Джессика Пегуламен шеберлік байқасады.

Ацтектер елінде есім­дері жо­ғарыда аталған теннис­шілер­ден бөлек, Паула Бадоса (Ис­пания), Виктория Азаренко (Бела­русь), Мария Саккари (Грекия), Каролин Гарсия (Фран­ция), Елена Остапенко (Латвия), Вероника Кудерметова (Ресей), Мэдисон Кис пен Слоан Стивенс (АҚШ), Бьянка Андрееску (Канада), Белинда Бенчич (Швейцария) және тағы басқа танымал ойыншылар бақ сынауда.

Чилидің Кокимбо қаласында басталған жарыста Тимофей Скатов сайысқа түсуде. Соң­ғы бір жыл аралығында қар­қынын күрт күшейткен отандасымыз алғашқы айналымда ис­паниялық Даниэль Риконнан басым түсті – 7:5, 6:2. Ал Юлия Путинцева Гвадалахарадағы доданың бірінші кезеңінде ойда жоқта әлемдік рейтингте өзі­нен әлдеқайда төмен тұрған польшалық Магдалена Фрешке есе жіберді – 3:6, 4:6. Сол секілді Дмитрий Попко да сәтсіз өнер көрсетті. Ол Эквадордың Амбато қаласындағы турнирдің тұсау­кесер бәсекесінде арген­тиналық Хуан Отегуйге жол берді – 4:6, 5:7.