26 Мамыр, 2010

ТЕЛҚОҢЫР

943 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Эссе БАЛТАБАЙ Биылғы демалысының бір аптасын дерлік Балтабай өзі бұрын директор болып қызмет атқарған Қарақойын-Қашырлы жеріне арнады. Ауылдарды ара­лап, ақсақалдарға сәлем бер­ді. Кеңшар тарарда ел-жұртқа шаруашылықтың бүкіл мүлкі мен малын әркімнің сіңірген ең­бегіне қарай бөліп берген. Қа­зір қарап отырса, 5 қой ал­ғаны – 50 түлік, 5 жылқы алғаны ай­ғыр үйір­ден малға ие. Бал­табай шын қуанды. Жекенің жағдайы барлық жерде мұндай бақуат емес. Қолына тигенді тегін келдіге санап, аз ғана жылдың аясында бей-берекет жұм­са­ған­дар жетеді. Кедейліктің кепешін ки­ген солар енді үкіметтің жәр­де­мімен ғана жан сақтап отыр. Қа­рақойын тұрғындары олай іс­темеген. Бардан береке са­уып, кеңшар басшыларының ал­дына салған малының қарасын аз ғана жылда көбей­тіп, шал­қы­маса да, еш нәрседен тарлық көрмей, “қаздай қалқып” отыр. – Балтабай, айналайын! Сенің жүрген жерің – құт, басқан ізің – береке ғой. Елдің қамын же­ген Едігедей сендер аман бо­лың­дар – деді Керей ауы­лы­ның бұл сәлем бере барған қа­рия­­лары Сүйіндік пен Ха­ми­дол­ла, Тө­ле­бай, Қапездер алыс­тан са­ғы­нтып күткен бауырлары кел­гендей, құшақ­тарына қуана алысып... ...Бұл ауыл бұрындары ХХІІ партия сьезі атындағы кеңшар еді. Балтабай Ыбырайымбеков директор болған жылдары шаруашылықта 60 мың қой мен 3 мың жылқы бағылған. Әр үйдің күбісі күмпілдеп, сабасы сары қымызға мелдек атқан. Кез келген шаңырақтан аяқ артар автокөлік жүрген. Енді қарап отырса, бұлар сол бе­ре­кені арт­тырмаса, кемітпепті. Атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Дәулен Төлеубаев­тың, Ленин орденді жылқышы Сұлтанхамит Балғожиннің, шаруашылықты Балтабайға де­йін басқарып, ен дәулеттің ір­ге­тасын қалап кеткен Ті­леуберген Мәлғаждаровтың еңбек дәс­түрлері ендігі заманда жеке меншіктің тиянағына көш­кен. Ауылдың бауыры бүтін, бе­рекесі қашпаған. Өзі 10 жыл ди­ректор болған кешегі кең­шар­дың, бүгінгі қазақ ауылының тіршілік түтінінің түзу ұшқаны қандай ғажап. Тарығып отырған бір шаңырақ жоқ. Қай үйге бас сұқсаң да, дастарқандары ас-ауқатқа толып тұр. Жүздері жарқын, иіндері бүтін. Алшаң-алшаң басады бұл ауылдағы жұртыңыз. – Аманжол Төлеубаевтың баласы Шахманда мыңға тарта жылқы бар. Ауылдың біраз аза­ма­ты соның ұжымында. “Жан­бөбек” ауылын Мұхит де­ген азамат басқарып отыр. Ал, “Аққолқа” атты бұрынғы бө­лім­шені Жанбөбек басқаруда. Осы жігіт ауылдастарына жұмыс тауып беріп, берекесін кетірмей, шаруасын біліктілікпен ұстап отыр. Әкесі Қабылда осы бөлім­шені кезінде 25 жыл бас­қарған. Бұл қоныс қасиетті жер. Маңында “Шұрық”, “Көк доңбақ” секілді киелі бұлақтар ағып жатыр. Осында сонау ға­сыр­лар төрінде өмір сү­ріп, халқына шапағаттары тиген әйгілі қажылар кесенелері де жұрттың рухына демеу болуда, – дейді ауыл тұрғындары. Көңілі тоғайған Балтабай ен­ді ат басын өзінің туған жері – Ар­шалы ауылына бұрды. Мұн­дағы таулар онша биік емес. Бі­рақ, етек-жеңін жая, сайын да­ла­ның біраз жерін бауырға басқан. – Мына таудың саясында әке-шешем қой баққан. Анам алдымен егіз туған қозыларды саулығына жағызып, содан соң ғана Балғабай екеумізді емізеді екен. Бала болып, бақырып жы­лау­ды білмейді екенбіз-деді, Бал­табай қасындағы сапарлас се­рі­гі­не сәл мақтанғандай. Арғы жа­ғ­ында ауылына, туған ата­жұр­­тына деген қуанышы мен сағ­ы­нышы жатыр. Білетіндердің ай­ту­ынша, кіндік қаның тамған, дү­ниеге шыр етіп түскен мекенге әйтеуір бір соғып тұруың керек. Сонда қуат, күш аласың. Бал­та­бай осыны сезеді. Араға жылдар салып, Теңіз өңіріне атбасын бұр­­ғанда, бойында қыз-қыз қан ойнайды. ...Алдынан айдыны шы­мыр­лай ағып, Құланөтпес” өзенінің бір сағасы шыға келді. Көліктен түсіп, айдын суынан алақанмен көсіп, бетіне басты Балтабай. Бұл өзен Ақтүбекке қарай ағады. Бал­та­бай мен Балғабайдың 4-5 жас­тар­дағы кезі болса керек. Екі егізді жанындай жа­қсы көретін шопан Шалқарбай жез­делері ал­ды­нан құл­ды­раңдап жүгіріп шығатын қос бал­дызын бірін алдына, екіншісін, ар­тына отырғызып алатын. Бір­де шабына бө­гелек тиген аты тулап, Құл­ан­өтпес өзеніне әй-шәй жоқ қойып кетеді. Көктемнің мол суымен толыға ағып жатқан терең суға, екі егіз ұл шым бата жө­неледі. Қарулы Шал­­қарбай жан дәрмен өзен тү­біне бойлай сүң­гіп, егіздерді құтқарып қалады. – Енді ғұмырларың ұзақ болады екен, құлындарым! Тілсіз жаудан аман қалдыңдар деп еңкілдеп жылаған нағашыларына қал­шылдап тоңып қалған сәбилер таңдана қараған сонда... – Сол жолы елге барған са­па­рымда өткен өмір жолдарымның біраз белестері ойға оралды. Өзім ризамын, кешкен ғұмырыма – деп, қояды Балтакең әңгіме үстінде. Тәңірге-тәубе! Балтабай да, Бал­ғабай да осы жастарына келгенше кісіге қылдай қиянат жасамаған. Екеуі де бауыр­мал­дық­тарымен, алғыр­лық­тарымен, кісіге істеген жақсылықтарымен мәшһүр жандар. Балтабай еңбек жолын “Қорғалжын” кеңшарында есеп­ші­ліктен бастады. Содан Аққалқа есімді ауылдасымен Ташкентте оқыған. Сабақтары өзбекше болғаннан кейін, білім алуда онша ұзай алмай елге қайтып, Аққалқа-медицина институтына, Балтабай-ауыл шаруашылығы оқу орнына тоқтаған. 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмәмдаған Балтабай Қорғал­жын­ның “Үшсарт”, “Нығыман”, “Ақтүбек” бөлімшелерінде кіші мал маманы тізгінін ұстаған. Ісіне тиянақты, жұмысына пысық Балтабайды Қорғалжын ауда­нының сол жылдарғы басшысы Әділхан Шабатов бірден бай­қап, көп ұзатпай “Дружба” кеңшарына бас мал маманы етіп тағайындаған. Одан аупарткомның нұсқау­шы­лығына алынған. Іле бөлімді мең­герді. Аудандық кеңеске депутат болып сайланды. “ХХІІ партия сьезі” кеңшарына директор болды. Еліміз егемендік алғанда “Майдан” ЖШС-ын құрды. Одан елорданың тап етегіндегі Қосшы ауылына әкімдікке сайланды. 1932-1937 жылдары осындағы Тайтөбе ауылында әйгілі батыр Рахымжан Қошқарбаев мектепте дәріс алған екен. Сол асыл азаматтың есімі ел жадында жүрсін, ұрпаққа ұлағат болсын деп, келе салысымен ол тұр­ған үйге мемориалды тақта іл­гізді. Мектеп пен мешіттің төңі­ре­гіне ағаш отырғызды. Астанаға қатынап тұратын автобус жүргізді. О­н мыңнан астам тұрғыны бар Қосшы ауылында әлі істелетін жұмыстар ұшан-теңіз еді... ...Бірде бұған әкім телефон шалып, тап сол уақытта реті келе қой­майтын шаруа тапсырды. Бұл ор­ындай алмайтынын айтты. Со­ңынан Балтабай қызметінен босады. – Ең бастысы – қызмет емес, Қосшы ауылында бітірмеген іс­терім, атқара алмай кеткен ша­руа­ларым шаш етектен – дейді, – жанары жарқылдаған Балтабай ағамыз. Дұрыс-ау! Жөнсіздікке көніп, айдағанға жүре берсе, азаматтың айбыны қайда. Ел не дейтін еді... БАЛҒАБАЙ Егіздің сыңары Балғабайды ел алғыр, аса ширақ жан ретінде біледі. Кеңес дәуірі уақытында ауылдық советтерді бас­қарып, жер­гілікті ке­ңестерге қатарынан бірнеше мәрте депутат болып сайланған. Сай­лаушыларының аманаттарын жо­ғарыға жеткізді, өзі де қолынан келген қам­қор­лық­тарын жасады. Жерлестері: “Ба­лекең айтпайды, айтса, қайт­пайды” –деген пайым да таратқан. Кезінде Ц­ел­и­ноградтың Ауыл шаруа­шы­лығы инс­ти­ту­тының экономика фак­уль­тетін бітірген Балғабай, билік қай салаға жіберсе де, іске деген тын­ды­рым­ды­лығымен, жауапкершілігімен көзге түсе алды. Сонысына қарай, шаруашылықтың бас бухгалтері, кәсіподақ комитетінің тө­ра­ға­сы, партия ұйымының хатшысы, аупартком нұсқаушысы қызмет­терін жемісті атқарды. Жаңа заманда да ауылдарда әкім болып жұмыс істеді. Әйтеуір қай мамандықтың тізгінін ұстаса да халықтан “әй, кәпір” деген жа­манат атақ алған жоқ. Сол “баяғы Бал­ғабай” қалпында, өзгермеген, құбылмаған болмысында жүріп жатыр. Соңынан Астанаға ауысып, әу баста Темір жол кентінің әкімі болды. Қала іргесіндегі бұл кент тұрғындарының шешімін күткен шаруалары көп екен. Балекең ке­лі­сі­мен қашанғы алғырлығына салып, қа­ла мен екі араға тұрақты жүріп тұ­ратын автобус қатынатты. Бұ­рындары іргелерінен өтіп бара жатқан пойыздарға жан­дәр­мен іліге, міне салатын кенттіктер енді асықпай жұрт қатарлы аялда­малардан автобусқа отырып, ат­танатын болды. Көптен істемей тұрған, “аты бар да заты жоқ” мон­ша­ның да күндердің- күнінде қаза­н­д­ы­ғынан буы бұр­қырап, мұржасынан түтінін ұшырып, жұртты бір қуантты. Іргесі қанша қалаға тиіп тұр десеңіз де, көшелері батпақтан, қоқыстардан бір арылмайтын Темір жол кентінің тазалығы да Балғабай әкім болысымен ретке келе бастады. Негізгі аймақтарға жаппай ағаш отырғызылды. Араққа салынып, ойларына келгендерін істеуді әдетке айналдырған кей азаматтармен жан-жақты тәрбие жұмыстарын жүргізді. Кент жұртының қолдағы малының есебі алынды. Тұрғындар бұрынғыдай төрт түлігінің қыстайғы көңін енді көшеге қалай-болса солай төге салмайтын болды. Малға ие шыққан соң, олар егілген жасыл желектерге жауша тимейтін болды. Қай үйде қанша түлік барын білетін поселке әкімі шаңырақ жаға­лап, тазалық жөнінде, қо­ғамдық тәртіп қақында үгіт айтуға дейін барды. 2008 жылдан бері ол жаңадан ашылған Есіл ауданы әкімінің бас инпекторы. Балғабай Ибраим­бе­ков­т­ың қарауында енді өзеннің сол жағалауындағы Пригородный, За­реч­ный, Тельман поселкелері. Аты өзгерді демесеңіз, жұмыс сол бая­ғы­дай. Еңбегі жанған Балғабай Ел­басының Жарлығымен “Қазақ­стан Республикасы тәуел­сіз­ді­гінің 10 жыл­дығы”, “Астананың 10 жыл­ды­ғы” медальдарымен мара­пат­талды. – Адамның өз өмірінің белгілі бір белестеріне көтерілуі бұл – заңдылық. Мәселе, сол адам жасының ел үшін сіңірген еңбекке, қоғам, Отан үшін жасаған игі­ліктерге толы болғаны қандай ғанибет. Ол үшін қажырлы жұмыс, қауқарлы қарекет, адал бейнет керек – дейді Балғабай. Балекең жас кезінде Отан алдындағы міндетін Петро­павловск-Камчатскіде өтеген. Қысы қақап тұратын, аяздары сұрапыл осы өлкеде ол шынардай шыңдалды. Солдат өмірінің қи­ын­дықтары мартенге салған болаттай қайрады жас жігіттің болмысын. Ең ал­ды­мен, қолға алған ісін тиянақты бітіруге, уақытпен са­на­суға үйретті әскер өмірі. Бал­ғабайдың тап қазіргі оты сөнбеген жігері мен болаттай берік бол­мысынан сол армияда қа­лыптасқан қайратты аңғарасыз. Білім мен тәжірибе, азаматтық пен адам­гершілік, еңбекқорлық пен бейнет­қорлық жағынан әлі де алдына жан салмайды. Смағұл РАХЫМБЕК,  журналист. Ақмола облысы.