Қазақстан • 21 Қазан, 2022

Елдік мерекесі

288 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Егемендігімізді айқындайтын негізгі тарихи құжат – 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі қабылдаған декларация. «КСРО Жоғарғы кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының әзірленуіне барлық жағынан кедергі келтірді, сондықтан осы саяси-құқықтық құжатты қабылдау азаматтық батылдықтың актісі болды», деді ғалымдар Республика күніне орай «25 қазан – Тәуелсіздіктің бастауы» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда.

Елдік мерекесі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің мәжілісінде дауыс беру арқылы қабылданған (261 депутат құжатты қолдап да­уыс берген, 18 қарсы, 2 адам қа­лыс қалып, бір депутат дауыс бер­­­меген) декларация тұңғыш рет де­мо­кратиялық-құқықтық мем­­ле­кет құру ел дамуының мақ­­саты ретінде жарияланып, сол ар­қылы азаматтық қоғамның қа­лып­­тасуына негіз қаланғанын айтады.

– Алғаш рет мемлекеттің нор­мативтік заңнамалық актісінде мемлекеттің негізін анықтауға таптық көзқарас болған жоқ және «жұмысшылар», «шаруа­лар» және «интеллигенция» ұғымдары алынып тасталды. Декларацияда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп жария­ланды. Өз кезегінде Қазақстан хал­қына республиканың бар­лық ұлт азаматтары енді. Дек­ларацияда Қазақ КСР-нің маңыз­ды міндеттерінің бірі – ұлт­тық мемлекеттілікті қорғау және нығайту, төл мәдениетті, дәстүрлерді, тілді жаңғырту мен да­мыту және қазақ ұлтының, респуб­ликада тұратын басқа ұлттар­дың ұлттық қадір-қасиетін нығайту біріктірілді. Қазақ КСР-нің аумағы бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып жарияланды. Тұңғыш рет декларация мемлекеттік биліктің үстемдігін, оның республика ішіндегі тәуелсіздігі мен толықтығын, сондай-ақ сыртқы қатынастарда өзінің аумағында КСРО-ның жоғарғы органдарының респуб­ликаның егемендік құқықтарын бұзатын әрекеттерін тоқтату құқы­ғын қамтамасыз етті. Мемле­кеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу принципі жарияланды. Қазақ КСР Президенті республиканың басшысы және жоғары әкімшілік және атқарушы билікке ие болды. Заң шығарушы билікті Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі жүзеге асырды, ал Жоғарғы сот билігі Қазақ КСР-і Жоғарғы сотына тиесілі болды, – деді Ж.Қалиев.

Ғалымның баяндамасына сүйен­сек, декларацияда «Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәй­кес жалпы одақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қор­лары мен алтын қорындағы өз үле­сіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоя­тын қарудың өзге түрлері (хи­мия­лық, бактериологиялық, биологиялық, т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне ты­йым салынады», деп жазылған. «Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі мен Президентке бағынатын, солар­дың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіп­сіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» делінген.

Декларация туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ Тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов: «Біз­дің  тәуелсіз еліміз үшін алғаш­қы маңызды қадам 1990 жыл­ғы 25 қазанда Қазақ КСР Жо­ғар­ғы кеңесі «Қазақ КСР мем­ле­кеттік егемендігі туралы» дек­ла-
рациясын қабылдаудан бас­­талды. Бұл күн саяси, ұлттық, тәр­­биелік тұрғыдан еліміз үшін өте маңызды», деп атап өтті.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Мұса­балина «Республика күнін – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды дата» деп санайды.

– Жаңа Қазақстан нені біл­діреді? Бұл кейбір сарапшылардың пайымдауынша, мемлекеттік аппараттың жаңаруы ғана емес. Бұл – әлеуметтік құндылықтарды қалпына келтіру, радикализмнен, шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерден бас тартып, шығармашылық серпінді күшей­ту, қоғамдағы түрлі кемшіліктерді жеңу деген сөз. Бұл сонымен қатар кезеңдік және жүйелі рефор­маларды жалғастыру дегенді  біл­діреді. Ата-аналар балаларына Республика күнінің не екенін жә­не оның ел үшін маңызын түсіндіруі керек.

Республика күні жай мереке емес, халқымыздың сан ға­­сыр­­лық  азаттық үшін күресінің жемісі. Халықтың бірлігі, ын­тымағы, жарқын болашаққа деген ортақ сенімнің арқасында егемен­дігіміздің тұғыры биіктей түседі. Еліміздің болашағы өз қолымызда. Әрқайсымыз өз еңбегімізді туған еліміздің өркендеуіне арнасақ, мемлекетіміз жаһандағы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылатыны сөзсіз. Біз болашақ үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Сонда ғана алдыңғы ұр­пақ аманаттаған барлық мұра­ны сақтай аламыз, деді Г.Мұса­балина.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Мәжі­ліс депутаты Наталья Дементьева «Жа­қында Астанада АӨСШК елдері­нің саммиті өтті, еліміздің мәр­тебесі мен беделі артып, Мем­лекет басшысы Республика күнін жаңғырту туралы оң шешім қабыл­дады. Бұл Тәуелсіздігіміздің бас­тауы, сондай-ақ барлық қазақ­стандықтарды, 120-дан астам этнос өкілдерін біріктіретін ұлттық мереке», деген пікірін білдірді.

Конференция жұмысына шетел ғалымдары да қатысты. Түр­­кияның бұрынғы Мәдениет ми­нистрі Кемал Намык «Тәуел­сіздік Қазақстан мен Түр­кия арасындағы қарым-қаты­нас­­тардың негізгі бағыттары» тақы­ры­­бында баян­дама жасап, Қа­­зақстан туралы жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде ел Тәуел­­сіздігі жыл­дарындағы негізгі же­тіс­тіктерді, тарихи байла­ныстардың же­місті дамуын, сондай-ақ Қа­зақ­стан қоғамын­дағы тұрақты­лықты сақ­тау­дың бірегей саяси мо­делін атап өтті. Ал тарих ғы­лым­дары­ның кандидаты, М.Танк атын­дағы Беларусь мемлекеттік педа­го­ги­калық университеті жа­нындағы Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығының жетекшісі Александр Ратько екі елдің ғылым және білім сала­сын­дағы ынтымақтастығына тоқ­талды.

Іс-шарада отандық және ше­телдік ғалымдар мәдени, ғылыми, рухани байланыстарды одан әрі кеңейтуге, ғылыми-техникалық және академиялық алмасуларды дамытуға, елдер арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің жо­ғары деңгейін қолдауда халық­тық дипломатияның рөлін одан әрі нығайту қажеттілігі тура­лы келісімді бірауыздан қабыл­дады. Ғылыми іс-шараны Аста­на қалалық Қазақстан халқы Ассам­блеясы ұйымдастырды.