Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ол алтыннан алқа тағып, елінің қошеметіне бөленіп отыр. Бүгінде Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында кенжесінің қолында тұрады. Заманында жоқшылықты көріп өскен әже бүгінгі бейбіт өмірге риза.
– Алмағайып заманда дүниеге келіппін. Біздің заман оңай болған жоқ. Әке-шешем шеткері жүрген соң ба, бірінші сыныпқа 13 жасымда бірақ бардым. Төртінші-бесінші сыныптан соң оқуым қалды. Үйде жалғыз өстім. Өте ерке едім. Бірақ күйеуге берген соң еркеліктің бәрі қалды, – дейді батыр ана.
Қамила Аманғұлова келін болып түскен Бозжігітовтер шаңырағы ауқатты, дәулетті әулет еді. 1900 жылы туған үлкен аталары Бозжігіт ашаршылық жылдары отбасын ғана емес, бүтін ауылды асырап отырған деседі. Үш ұлын зерек, білімді етіп өсіреді. Ұлы Социал Бозжігітов туралы айтар болсақ, орысша-қазақша білім алды, үлкен қызметтерде істеді. Қамила Амағұловамен бас қосқан соң бақытты ғұмыр кешті, бала-шағасын өсіріп жеткізді.
– Әкем 1938 жылы дүниеге келген. Айтуынша, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, ауылымыз Топқайыңда еңбек еткен. Ауылға беделді адам еді, – деп қызы Гүлзира Бозжігітова асқар тауын еске алады.
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ...» дегендей, аналары Қамила Аманқұлова үнемі жарының қабағын бағып отырар еді. Кейін жолдасы дүниеден озған соң бала-шағасын жалғыз асырады, аяқтарынан тұрғызды. Алтын құрсақты ананың өмір жолы бүгінгі жастарға өнеге етуге әбден лайық.
Қамила Аманғұлова тату да берекелі отбасында балаларын ел игілігі жолында еңбек етуге тәрбиелеп, ата дәстүрді құрметтеуге үйретіп отырады. Өзінің мамандығы болмаса да, ұл-қыздарының диплом алып, арман жолында еңбек ете берулеріне тілекші әрі тірекші. Қазір солардың бәрі де өмір көшіне ілесіп, өз отауларының түтіндерін түтетіп отыр.
– Анамызға күніне бір хабарласып қоймасақ, алаңдайды. Бара алмай жатсақ телефонмен халін біліп, денсаулығын сұрап отырамыз. Алысқа кетіп бара жатсақ, бала күндегідей анамызға ескертіп кетеміз, – дейді ұлы Ақылбек Бозжігітов.
Отбасылық құндылықтарды балаларының бойына сіңіріп өсірген ақ жаулықты әженің әр сөзі өнеге, нақыл. Мысалы, «қыз бала кесте тіге білуі керек» дейді. Ол дегені, қыздың міндетті түрде ісмер болып кетуін айтпаған. Алтын алқалы ананың түпкі ойы – қыз бала ертеңгі күні ерінің жағасына кір түсірмей, отбасының шаруасын дұрыс дөңгелетсін дегені.
– Анамыз «бір күндік ұрыстың қырық күндік қырсығы бар» дегенді жиі айтады. Тұрмысқа шығып, отбасылы болып бара жатқанымда шаңырақтың бірлігі, берекесі әйел адамға байланысты екенін құлағыма құйып тастады. Анамның ақылы – өмірлік сабақ, – дейді қызы Динара Мұхамеджанова.
Өмір бойғы бейнеттің зейнетін көріп отырған Қамила әже жас күнінде қолөнермен айналысқан көрінеді. Ауылдастарының жасауын да дайындаған екен. Кейін ғана қолынан әл кеткен соң ісмерлікті қойған. Есесіне, балаларымен саяхаттағанды ұнатады. Ел көріп, жер аралағысы келеді. Аналарын алақанда ұстайтын ұл-қыздары барамын деген жеріне апарып, қамқорлықтарын аяған емес. Кішкентайларынан еңбекпен біте қайнасып өскен балаларының көбі кәсіпкер. Бірі жылқы өсірсе, енді бірі түйе шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Кіші ұлы Ақылбек омарта шаруашылығын ұстайды.
Қазір әулеттің ұйытқысы болып отырған көпбалалы әженің 21 немересі, 17 шөбересі бар. Немерелеріне пайдалы іспен шұғылдануға кеңесін беріп, келіндеріне ұлттық қол өнер бұйымдарын дәріптеп келеді.
Жоғарыда атап өткендей, өңірдің өнегелі отбасы облыстағы «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз деп танылып, республикалық сайысқа жолдама алды. Сәтін салса, жерлестері жеңіспен оралсын деген тілектерін білдіріп отыр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы