Аталған жәрмеңке әлемнің 85 елінен мыңға жуық жазушы, ақын, драматургтерін жинаған кітап шығару ісіндегі басты оқиғалардың бірі болып отыр. Мәдени іс-шара аясында іскерлік кездесулер, дөңгелек үстелдер, концерттер және т.б. мемлекетаралық жиындар өтеді.
«Бүгінде қазақстандық әдебиет жаһандық кеңістіктің ажырамас бір бөлігіне айналды және онда маңызды орын алады. Жазушыларымыздың арқасында әлемнің көптеген еліндегі азаматтардың барынша кең ауқымына біздің бай тарихымыз бен мәуелі мәдениетіміз туралы айтып берудің бірегей мүмкіндігі бар. Сонымен қатар біздің міндетіміз – классиктерімізді де, қазіргі авторларымызды да Еуропа мен Азия нарығына шығару. Сондықтан бүгін біз отандық әдебиетті әлемнің танымал тілдеріне аудару және ілгерілету бойынша жетекші баспалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», деді Қуат Бораш.
Айта кетейік, жыл сайын жәрмеңкеге әлемнің 100 елінен 7 мыңға жуық баспа, 275 мыңнан астам адам қатысады, оның жұмысы аясында 4 мыңнан астам іс-шара өткізіледі.