Сұхбат • 21 Қазан, 2022

Әділет Бәрменқұлов: Отандық футболға ауқымды реформа керек

893 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылғы Ұлттар лигасында тамаша өнер көрсетіп, «В» дивизионына жолдама алған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жігіттеріне қандай мақтау айтсақ та жарасады. Әрине, мұндай жетістікке жету үшін тек футболшылар ғана тер төккен жоқ. Бұл жерде отандық футболдың басы-қасында жүрген мамандардың да қажырлы еңбегін атап өту қажет. Солардың бірі Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов десек қателеспейміз. Біз Әділет Назарбайұлымен жүздесіп, көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алған едік.

Әділет Бәрменқұлов: Отандық футболға ауқымды реформа керек

Суреттерді түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ

Премьер-лига ережесі қайта қаралады

– Әділет Назарбайұлы, ұлт­тық құрама УЕФА Ұлттар лига­сы­­ның топтық кезеңінде өте жақ­­сы нәтиже көрсетті. Тарихи же­тіс­тікке қол жеткізудің сыры неде деп ойлайсыз?

– Турнирге ойдағыдай қатысып, жақсы нәтиже көрсету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мұның бәрі ұтымды ұйымдастырудың нәти­жесі дегеніміз дұрыс шығар. Бар­лық бағыттағы қызметтердің өз­ара тиімді әрекеті үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Әкімшілік, жат­тықтырушылар штабы және ко­манданың үйлесімді қызметі мен бір-біріне деген құрметі ерекше әсер етті деп ойлаймын. Осы арқылы тарихи жетістікке қол жет­кіздік. Бұл үлкен істердің бас­тауы ғана. Алда көптеген жұ­мыс күтіп тұр. Ме­ди­циналық, био­­логиялық қызметті күшейтіп, мықты сараптамалық топ құру қажет. 2024 жылғы Еуропа чем­пио­натының іріктеу ойындарына дайындық басталды. Дайындық аясында Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері құрамаларымен жолдастық кездесулер өткіземіз.

– Алда қыруар жұмыс күтіп тұрғанын айттыңыз. Оларды ойдағыдай іске асыру үшін үл­кен тә­уекелге бару қажет шы­ғар. Жал­­­пы, сіз тәуекелге жиі ба­расыз ба?

– Тәуекелді кездейсоқ деп қа­рауға болмайды. Біз барлық қа­дамды есептей отырып жұмыс іс­тейміз. Менің түсінігімде тәуекел­дің барлығын ескеріп, алға ұмтылу маңызды.

– Тәуекел туралы тектен тек сұрап отырған жоқпыз. Біз­дің­ше, сіз­дің федерация басшысы ретіндегі үлкен тәуекеліңіз Ма­­гомед Адиевті құраманың бас жат­тықтырушысы етіп та­ғайын­даға­ныңыз деп ойлаймын. Себебі осы күнге дейін есімі мен еңбегі жұрт­шылыққа аса танымал емес бапкер ұлт­тық құраманы «В» лигасына алып шықты. Таңдау неліктен Адиевке түсті?

– Магомед Адиев – жаңашыл­дықты жылдам меңгеріп, өзге­рістерге әрдайым дайын тұратын бапкер.

– Жанкүйер қауымды алаң­да­татын мәселе – легионерлер. Ай­талық, «Атырау» және «Ақ­жайық» командаларында ел бі­рін­­шілігінің соңғы ойындарында алаңға тек бірді-екілі отан­­дық ойын­шы ғана шығып жүр. Ле­гионер­лер санын қалай шектеу­ге болады?

–Отандық футбол тәрбие­ле­нушілерінің санын арттыру үшін міндетті түрде жұмыс жүр­­гізетін боламыз. Жергілікті футбол­шы­лардың дамуын жетіл­діру мақ­сатында Премьер-лига ережесі қайта қаралмақ.

– Құраманың қарқыны тәуір болғанымен, клубтардың нәти­жесіне қарап қарның ашады. Чем­пиондар лигасы мен Еуропа лигасын айтпағанның өзінде, биыл Конференция лигасының топ­тық кезеңіне бірде-бір команда өте алмады. Мұндай сәтсіз­дік­тің себебі неде?

– Соңғы 10 жылдағы еуропалық маусымда біздің клубтар 7 рет еурокубоктың топтық кезеңінде ойнағанын атап өткен абзал. Биыл клубтар сәтсіз ойнағаны рас. Бұған кері әсер еткен бір ғана себеп бар. Ол – барлық клубтағы менедж­мент деңгейінің төмендігі. Әр ко­манда жеке техникалық және қаржылық мүмкіндіктеріне қарай дамып келеді. Сол себепті нәтиже де әртүрлі болуы ықтимал.

Клубтарға қатал талап қоюға дайынбыз

– Ішкі чемпионатты дамыту әрі қызықты ету үшін қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Федерацияның міндеті – чемпионатты ұйымдастырудың тиімді жүйесін құру. Бәсекеге қабілетті біріншілік қалыптастыру үшін матч­тардың санын ұлғайтып, ты­ғыз ойын күнтізбесіне көшу керек. Сонымен қатар инфрақұрылым бойынша футбол клубтарына қатал талап қоюға да дайынбыз. Жабық лига жобасы да қарастырылды. Бірақ клуб жетекшілерінің мене-д­жер­лік және қаржылық сауат­тылығын арттырмай, мұның бар­лығы нәтиже бермейді.

– Өзіңіз айтқан олқылық­тар­­дың орнын толтыру үшін тиіс­­­ті жобалар қолға алынатын шы­­ғар?

– Әрине. Қазіргі таңда футбол менеджерлерін даярлайтын мектебін іске қосу жұмыстарын жүргізіп ж­атырмыз. Өйткені мық­ты маман­дар қажет. Бапкерлер штабын даярлау мектеп ашу да жос­парда бар. Төрешілер жұ­мы­сы да маңызды. Төрешілерді тәр­биелеуде ойыншы мен бапкер сияқты ұзақ дайындықты талап етеді. Батыс­тың мамандарын шақырып, жас төре­шілер мектебін дамытуды қарас­тырып отырмыз.

Өздеріңізге мәлім, 2022 жылғы футбол маусымындағы матчтарды алғаш рет толыққанды VAR-жүйесін қолдану арқылы өткізіп жатырмыз. Мұны үлкен жетістік деп айтуға болады. УЕФА-ға мүше 55 елдің барлығы мұндай жүйемен мақтана алмайды. Қысқа мерзімде техникалық мамандар мен төрешілерді оқытып, лицензия алып, әрі қарай ел біріншілігіне енгізе алдық. Мұның өзі чемпио­наттың деңгейін арттырды. Келесі маусымнан бастап футбол клубтарынан стадиондағы жасыл алаңға жылу қондырғыларын орнатуды, спорттық инфрақұрылымды жақсартуды талап етеміз. Бұл міндеттер де ішкі біріншіліктің дамуына жәрдемдесе алады.

– Кейбір командалардың ойын­дарына баратын жанкүйер­лердің қарасы аз. Оларды қы­зық­­тыратын жобалар ұсыну ой­да бар ма?

– Ел чемпионатының ойындарын тамашалайтын жанкүйер­лердің саны өте төмен деп айта алмаймын. Мәселен, Ақтөбеде жан­күйерлер өте белсенді. Тараз бен Шымкент стадиондарында да жанкүйерлер саны арта бастады. Әрине, бұл – бірінші кезекте футбол клубтарының жұ­мысы, олар жанкүйерлердің жиналуына қызығушылық танытуға тиіс. Біз өз тарапымыздан «Amanat» партиясымен бірлесіп, еліміздің барлық аймағында жастар қорын құру арқылы ортақ жобаларды іске асырып жатырмыз. Сол арқылы футболды аймақтарда насихаттау көзделіп отыр.

– Тағы бір маңызды мәселе – әйелдер футболы. Қазақстанда әйелдер футболын дамыту үшін не істеу керек?

– Жұмысты еліміздегі әуесқой және кәсіби әйелдер футболының жүйесін дайындаудан бастауымыз керек. Мұның негізі Премьер-лига клуб­тары жанындағы белсенді футбол орталықтары болмақ. Біз қыздардың футболға деген қызы­ғушылығын байқап отырмыз. Ал ендігі міндет – чемпионатты ке­ңейту және құ­рама коман­далар­дың нәтижесін жақ­сарту үшін жағ­дай жасау. Сон­дай-ақ әйелдер фут­болының жат­тықтырушылар штабының дең­гейін көтеруге ден қоюымыз керек.

245827

Жасөспірімдер чемпионаты құрылады

– Балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболдың дамуы туралы не айтасыз?

– Биыл біз Қазақстан фут­болының 2034 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіттік. Алдағы 3 жылдағы негізгі ресурстарды бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболын дамы­туға, сондай-ақ футбол кадрларын даярлау саласындағы сапалы серпіліске және бұқаралық футболдың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағыттауға ниеттіміз.

Осы үш міндет дамудың негізгі іргетасы екенін атап өткім келеді. Онсыз кәсіби футболдағы үлкен жеңістер туралы айтудың қажеті шамалы. Бұл нәтижелерге қол жеткізу үшін футболды насихаттау, жарыстарды дайындау жүйесі мен футбол инфрақұрылымын жыл бойы қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру керек.

Ел футболының әлеуеті зор. Сондықтан футболмен кәсіби түрде айналысқысы келетін бала­ларға инвестиция жасап, үлкен мүмкіндіктерге жол ашуымыз керек. Әуесқой футболмен жүйелі түрде айналысатын 300 мыңнан астам баланың әлеуеті жоғары екені қазірдің өзінде мәлім болып отыр. Келесі маусымнан бастап серік­тестеріміздің қолдауымен жас­­өспірімдер командалары арасында бәсекеге қабілетті лига құрамыз.

– Тәуелсіздік алғалы бері елі­мізде тек екі стадион ғана салынды. Бұл мәселені де реттеу керек екені айтпаса да түсінікті.

– Инфрақұрылымдық объек­тілерді салу міндетін мемлекет шешеді. Мемлекет футбол сала­сының басты инвесторы саналады. Ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық фут­болдың инфрақұрылымын дамы­туымыз керек. Еліміздің 17 өңірін және республикалық маңызы бар 3 қаланы жыл бойы қолданысқа қолайлы жабық манеждермен және алаңдармен қам­тамасыз ету жө­ніндегі бағдар­ламаны іске асыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

– Сіздің ойыңызша, біздің қоғамға футбол қаншалықты маңызды?

– Футбол басты бұқаралық спорт түрі ретінде қоғам мен мем­ле­­кетке үлкен қоғамдық, әлеумет­тік және экономикалық ар­тық­­шы­­лықтар әкелетініне сенімдімін. Футбол – саламатты өмір салтын қа­лыптастырудың негізі. Ол қыл­мыспен, алкоголизммен, наша­қорлықпен және интернетке тәуелділікпен күрес. Футбол – тең мүм­кіндіктер спорты, сонымен қатар бақытты және саламатты отба­сының, өсіп, өркендеген қоғам мен іргесі мықты мемлекеттің кепілі.

Қазіргі таңда Қазақстан футболы түбегейлі де мұқият реформалауды қажет етеді. Біздің ендігі барлық күш-жігеріміз осы мәлелені шешуге бағытталатын болады.

 

Әңгімелескен

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»