Руханият • 21 Қазан, 2022

Қаламгер құрмет биігінде

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстік жұртының мінезі – жайдарман табиғаты сынды жылы жүзді, меймандос тілекті болып келеді. Шексіз аспан мен қиямет таңында тірілген адамдардай қаз қатар тізілген жусан шоғыры әлденені еске салып, естеліктер қазынасын оятады. Шардара қаласына барар жолда қызыл жыңғылдар қаулай өсіп, ауада әлсін-әлсін діріл білінеді. Сірә, ақын жырының мәйегі тұмса табиғат ортасында ұғынықтырақ, көңілге жақын тартқандай.

Қаламгер құрмет биігінде

Ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаның 60 жасқа толуына орай туған жері Шардара мен Түркістан, Шымкент қала­ларында мерейтойы аталып өтті. Ақынның Шардара қала­сында өткен шығармашылық кеші­не әдебиетші, филология ғы­лым­дарының докторы Құлбек Ер­гөбек, Мәжіліс депутаты Серік Еру­баев, «Ақ жол» партия­сы қар­жылық-ревизиялық комис­сия­сы­ның төрағасы Болат Өтепбаев, ақын Сұраған Рахмет, ақын Алмас Ахметбекұлы сынды ­зиялы ­қа­­уым өкілдері мен өзге де қонақтар қатысты.

Кеш аудандық Мәдениет үйі­нің алдында орналасқан Абай­дың ескерткішіне гүл шоқта­рын қоюдан басталды. Сондай-ақ кешке қатысушылар Қ.Иса шы­ғармашылығына арналған көр­мені тамашалады. Іс-шара барысында жерлестері ақынға құрмет көрсетіп, ақбоз ат мінгізді. Сонымен қатар кешке келген ел ағалары мен арқалы ақындар құттықтау сөз сөйлеп, естелік­тер айтып, арнау өлеңдерін оқы­ды. Кеште сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай:

– Қазақ тілінің мәртебесін кө­теру бойынша атқарылып отыр­ған жұмыстарыңызды халық көріп, бақылап отыр. Қазір Парламент Мәжілісінде атқарып отырған жұмыстарыңызды ел-жұртыңыз шын жүректен қолдайды деп бі­лемін. Еліміздің өсіп-өркендеуі, рухани түлеу, қазақ тілінің мәр­тебесін көтеру жолындағы қа­дам­дарыңыз алға баса берсін. Ел алғысына бөлене беріңіз, – деп ақжарма тілегін білдірді.

Қалың көпшіліктің жүзінен туған топырағынан түлеп ұшқан ақынға деген алпамса сезім, ақ адал ықылас байқалады. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, кеш құрылымы шынайы, әсерлі өтті. Кеш ортасын­да есімі қаламгер құрметіне Қа­зы­бек деп қойылған он шақты бала шы­ғып, ақын жырын жатқа оқыды. Мынадай құрметке арқасы қозып, көңілі тебіренген Қазыбек ақын өзі де балалардың ортасында тұрып жыр оқыды. Шіркін-ай, адам табиғаты, жүрегі, сезімі, ниеті дегенді қойсаңшы. Одан асқан қандай күш, қандай құндылық болуы мүмкін? Атақ сатып алсаң да, құрмет сатып ала алмайсың. Шардара халқының ақынға деген құрметі кісі көңілін толқытып, ойға қалдырды.

Мұнан соң ұзына созылған мерекелік шеру жолға шығып, Қазыбек Жарылқасынұлының туған ауылы Қызылқұмға бет алды. Жолай Ұзын ата кесенесіне бас бұрып, қасиетті бабамыздың, кесене маңындағы қазақ үшін қан қасап замандарда тер төккен батырларымыздың рухына Құран бағышталды. Қызылқұм ауы­лын­дағы ақын білім алған орта мектепте оқушылар шұрқырай қар­сы алып, Қазыбек Иса атындағы сыныпта өлең оқылды. Қанатын қомдап, қияға ұшқан перзентін ұлықтаған білім ордасы сәруар сөз сөйлеп, алғысын жеткізді. Ізін ала Арыстан баб кесенесіне тәу еткен делегация киелі Түркістан қаласында болып, кеш жалғасын тапты. Алдымен келген қонақ­тар кітап көрмесін тамаша­лап, Түркістан мақамдары негізін­де жарық көрген «Текті сөздің тө­ресі» термелер жинағының тұсауын кесті. Одан соң мерейтой иесіне арналған «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Ақынның туған жері шағалалы Шардарадан бас­тау алып, Түркі әлемінің руха­ни астанасы Түркістанда жалға­­сын тапқан кешті ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүр­гізіп отырды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, ақынға құрмет көрсетті. Бұдан әрі Р.Сейт­метов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері Қазы­бек Исаның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды.

Мұнан соң мерейтой шырай­лы Шымкент қаласында жал­ғасын тапты. Түркістан сарайы көрерменге толып, ақынның өлең­дері оқылып, әндері шырқалды. Қазыбек Исаның бірнеше өлең­і­не ән жазған белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі қа­ламгердің кісілік келбетін ашып, ана сүтімен дарыған абзал қа­сиет­терін баян етті. Кеш соңы ақынның жаңа өлеңін оқуымен қорытынды-
ланды.

Ақындық – тылсыммен астас­қан аспани әлем. Шын таланттың іргетасы әділет пен еркіндік, ар мен ұят, адамдық пен ынсап арқылы қаланбақ. «Ақын болу өз еркің, азамат болу міндетің» дегендей, Қазыбек Иса әділет үшін күресіп, ұлт құндылықтарын түгендеп жүрген ақын. Ақын жолы – кешегі сарғайып атып сәскеде сөнген Алаш арыстарының жолы, ардың жолы. Елім деп емірен­ген ағыл-тегіл бұл жүрек – туған жерінің түнгі оттарындай ұлт ша­ңырағына сәулесін түсіре берері талассыз ақиқат.