Тобылды ұлы өзенге айналдырған суреткер
Конференцияның алғысөзін алған облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өңірде сырлы өлеңнің шебері Сырбай Мәуленовтің есімін дәріптеп, ақын мұрасын насихаттау жұмыстарының жүріп жатқанын айтты.
– Қостанайда Сырбай Мәуленовтің атында үлкен гимназия бар. Оның мұғалімдері мен оқушылары осында отыр. Кеше конференцияның алқа отырысы сол гимназияда өтті. Білім ордасының ұжымы ақынның мерейтойын өткізуге атсалысып, үлес қосып жатыр. Ақынның 100 жылдығы өңірде кеңінен аталып өтуде. Сырағаңның асыл мұрасы түрлі әдеби байқаулар мен білім жарыстарына арқау болуда. Жыл бойы жиі өтіп жатқан осындай іс-шаралардан аңғарғанымыз – жастар ақын шығармаларын оқиды, жақсы біледі. Жалпы, таяуда Ұлттық кітапхананың «Оқитын Қазақстан» деген жоба аясында Қостанай облысы оқырманы озық өлке деген атаққа ие болды. Бұл өңір тұрғындарының әдебиетке деген зор ықыласының, жалпы шығармашы-
лық адамдарға деген құрметі мен оқырмандық мәдениетінің жоғары екенін көрсетеді, – деді басқарма басшысы.
Жиында Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Сырбайдың ақындық тұлғасын даралап тұратын кесек шығармаларын саралап талдай келе, сөзін:
– Сырбай Мәуленов келе жатқанда нағыз ақынның келе жатқаны анадайдан көрініп тұратын. Баяғыда әулиелер келе жатқанда төбесінде бұлт ілесіп келе жатады деуші еді. Біздің Сырағаң да сондай, жай бұлт емес найзағай шатырлатып, күн күркіретіп, жыр дауылын боратқан асау бұлты бар ақын еді. Өзі де күндей күркіреп сөйлеген сөзінде де көрініп тұратын. Бүкіл болмысы мен жаратылысы ақын болатын. Ол кісі жас кезінен Сәбит Мұқанов, Иса Байзақов сынды мықтылардың батасын алды. ...Ақын
«Сен мені ойладың ба, түсімде көрдім. Тобылдың қойнауында, Тобылғы ішінде көрдім», дейді. Қандай ғажайып тұнып тұрған сурет! Осы өлең арқылы Сырағаң Тобыл өзенін әлемдегі ең ұлы өзенге айналдырды. Ал өзі әлемдегі ең үлкен классиктердің біріне айналды. Сырағаңның орны сондай биікте, – деп түйіндеді.
Әкелік мектептің академигі
Ақынын ардақтап алқалы жиын өткізіп жатқан Қостанай жұртшылығына ризашылық сезіммен алғыс айта сөз бастаған Қасым Мәуленов Сырағаңның әкелік, кісілік болмысы туралы тебірене сөйледі.
– Қазақ әдебиетінің классигі Сырбай Мәуленов үйде де академик, классик әке болатын. Анам Күлжамал Ахмет Байтұрсынұлының ағасы Қалидың немересі. Әмір деген ұлынан туған. Байтұрсын әулеті бізге өте жақын болып келеді. Біз үйде жеті баламыз. Әке-шешеміз бәрімізді оқытып-тоқытып, жеткізді. Бәріміз жоғары білім алып, әр салада табысты еңбек еттік. Ағамыз Дүйсен – білікті қаржыгер, Жеңіс ағам – құрылысшы-инженер, апам Бақытжамал – профессор, өзім Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегерімін, інім Ғазиз ІІМ полковнигі, доктор, профессор, КСРО-ның үздік криминологі. Бүгін сіздердің алдарыңызда әке-шешемізге тағы бір рахмет айтқым келіп тұр. Әкем бізге өте мейірімді еді. Жеті баласын өлеңіне де қосып: «Менің жеті балам бар, Жеті арқа тірер асқарым бар, Менің жеті далам бар. Менің жеті аспаным бар. Мен жыласам жеті жер бір жылайды, Мен құласам жеті аспан бір құлайды», деп жырлады. Әкем бізге балалар, біріншіден таза болыңдар, екіншіден елге пайда тигізуді ойлаңдар, деп үнемі айтып отыратын, – деді ақынның ұлы.
Қасым Мәуленовтің айтуынша, Сырағаң 1992 жылы туған жері Торғайға бара жатып Бестаудың маңайында жол апатына түседі. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай, 1993 жылы қайтыс болады. Алайда ақынның өзі өлгенімен, сөзі өлген жоқ. Мәуелі өлеңін мәңгілікке табыстап кетті. Бүгінде Арқалық, Қызылорда, Қостанайда ақын атындағы көше бар. Астана, Қостанай қалалары мен Торғай өңіріндегі Милісай ауылындағы үш мектеп Сырбай Мәуленов есімімен аталады.
Сырбайдың сегізінші баласы
Қазір Қостанай қаласында тұратын ақын Серікбай Оспанов кезінде Сырағаңның қамқорлығын көп көрген. Бір қолын соғыста қалдырған майдангер әкесінен сегіз жасында айырылған арманшыл бала онжылдық мектепті бітірген соң, бір жыл кеңшарда жұмыс істеп ақша тауып, 1964 жылы Бестаудан оқу іздеп Алматыға аттанады. Өмірі қала көрмеген қыр баласы мұнда келген соң, біраз уақыт Сырағаңның үлкен ұлы Дүйсеннің үйінде жатады.
– Сөйтіп, мен Сырбай ағаның шешесі Алмагүлдің, Дүйсен ағамның үйіндегі жеңгеміз, Қасым Аманжоловтың қызы Жаннаның қолына тап болдым. Ол үйде маған дейін де Торғайдан келген үш бала жатыр екен. Алмагүл анамыздың да, Жанна жеңгеміздің де бір сәт қабақ шытқанын көрмедік. Алмагүл шешеміз мені ана үшеуінен де қатты жақсы көріп кетті. «Өй, айналайын, өзімнің Сырбайым сияқтысың. Өлеңге ұқыпты қарайды екенсің, әлі-ақ адам болып кетесің, айналайын!» деп еміреніп отырып, көп әңгіме айтатын. Сырағаңның туған күні – елді алапат аштық жайлаған 1922 жылдың 17 қыркүйегі. Алмагүл шешей: «Жүруге шамасы жететін жұрттың бәрі жан-жаққа кетіп жатыр. Біз де Қызылорда жаққа бет алдық. Сол жолда Оспан қожаның басына түнедік. Сол түні сақалы қудай аппақ үлкен қария түсіме кіріп, осы балаңа бекем бол, түбі сені жеткізетін осы бала болады деді. Мұны аянға жорыдым», деп отырушы еді. Сырағаңның туған жері Торғай деп көрсетіліп жүр. Ол кісі кезінде Торғайға, қазір Қызылордаға қарайтын Қызылжыңғылда туған. Осы Сырдың бойында туғандықтан есімі де Сырбай деп қойылған, – деді Серікбай аға.
Сырбай Мәуленов жас ақынға тарту еткен «Мизам» атты кітабына «Балама балайтын, жанымдай көретін, Серікбай бауырыма» деп жазып беріпті.
– Кәдімгі әке мен баладай жақын болдық. Тіпті моншаға да бірге барып жүрдік. Ғабит Мүсіреповтің «Тимка-Димка» деген әңгімесі бар. Сол шығарманың кейіпкері Тимка біз баратын моншада істейді. Сырағаң үнемі сол Тимканың моншасына ғана баратын. Сырағаңның бір ерекшелігі ешкім аңғармайтын кішкентай нәрсеге үлкен дүниені сыйғызып жіберетін. Мысалы: «Нәзираның басына бардым. Қыс. Қар қалың түскен.
Тасын аршып қарап едім, туған жылы мен өлген жылы қашалыпты. Арасында бір сызықша бар. Нәзираның бүкіл ғұмыры, істеген ісінің бәрі осы бір сызықшаға сыйып кеткендей», дейді. Керемет нәрсе ғой! – дейді тебірене сөйлеген ақын.
Адасқан кітаптар музейге табыс етілді
Сырбай ақын Қостанайға келгенде, ең алдымен, Ақылбек Шаяхмет ағамызды іздейді екен. Ақылбек ағаның айтуынша, Қостанай тұрғындары Сырағаңды «Біздің Сырағаң» дейді. Олай дейтін реті бар. Сырбай Мәуленов көп жыл Қостанай қаласында тұрып, облыстық газетте қызмет атқарған. Осы шаһарда отау тігіп, сәби сүйген. Соғысқа да осы арадан аттанған.
– Қостанайлық балдырғандар Сырағаңның бұдан жарты ғасыр бұрын жазған «Көшесі онша көп емес, көлемі онша кең емес, сонда да осы Қостанай еш қаладан кем емес» деген өлеңін жатқа айтады. Сырағаңның Қостанай өңіріне сіңірген еңбегі аз емес. Кезінде облыс аумағындағы атышулы Голощекин стансасының атын өшіріп, оған ана тілінде атау бергізді. Осы туралы кезінде Сырағаңмен пікірлесіп, қазіргі «Костанайские новости» газетіне «Правда – зеркало жизни» деген мақала жазғаным бар. Оған Сырбай аға екеуміз қол қойдық. Кейін осы мақала төңірегінде үлкен пікірталас өрбіп, ақыры ақиқаттың мерейі үстем болды. Шау тартып қалған тұсында да Сырағаңмен сан мәрте жүздесіп, әңгімесін тыңдадық. Сонда ол: «Нағыз ақын тек қана шындықты жазуы керек, ұсақ-түйекке үйір болмауы керек», деп отыратын, – деді таудан құлаған тасқындай асып-тасып төгіле сөйлеген Ақылбек аға.
Ұмытпасам, осыдан 10-15 жыл бұрын ғой деймін, Алматыда тұратын танысымның үйінен кезінде Сырбай Мәуленовтің жеке кітапханасында тұрған 20 шақты кітапты көріп қалдым. Украин жазушысы Иван Франконың, татар ақыны Хисам Камаловтың, өзбек ақыны Хамид Гулямның, түрік ақыны Назым Хикметтің, қазақ ақыны Жұмағали Саинның, тағы да басқа толып жатқан классик қаламгерлердің қолтаңбасы жазылған құнды кітаптар. Үй иесі сантехник еді.
– Аға, бұл кітаптарды қайдан алдыңыз?
– Осы қаладағы пәтерлердің бірінде су құбыры жарылып, соны жөндеуге барғанмын. Сол үйдің бір бөлмесінде еденде шашылып жатқан осы кітаптарды сол үйдегі әйелден оқиын деп сұрап алдым. Үйге келген соң, ашып қарасам, кілең мықтылардың Сырбай Мәуленовке жазып қалдырған қолтаңбасы бар кітаптар екен. Бір жылдан кейін қайтып апарып берейін деп, әлгі пәтерге барсам, ешкім есігін ашпайды.
Әлгі кітаптарды арқалап Қостанайға әкелдім. Біреуін алып қалдым да, қалғанын Ақылбек Шаяхметтің қолына ұстаттым. Мұқабасы тозып, сарғайып кеткен әр бетінде сыршыл ақынның саусақтарының табы қалған құнды кітаптарды Ақылбек Шаяхметтің музейге тапсырыпты. Конференция мінберінде тұрған ақын осы оқиғаны сөз етті.
– Әбу Сәрсенбаев «Теңіз әуендері» кітабының алғы бетіне: «Сырбай! «Теңіз әуенін» алдыңа тарттым. Қарастырып қана қойма, оқып шық. Жалықтырса да, шыдап оқы, ең абзалы сынап оқы. Құлағым сенде» деп қолтаңба қалдырыпты. Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов «Екі естелік» деген кітабын тарту еткенде «Қымбатты, Сыреке! Соғыстың отты жылдарында қан кешіп, жеңісті жақындатқан ардагер азаматқа!», деп шын көңілін жеткізіпті. Әбділда Тәжібаев 1958 жылы Мәскеуде жарық көрген кітабын ұсынғанда: «Қарамай ырбай-тырбайға, ағадай көріп сыйлайтын бауырым, ақын Сырбайға», деп өлеңдетіпті. Тахауи Ахтанов 1957 жылы жарық көрген «Қаһарлы күндер» романын бергенде ақындығын көрсетіп: «Сен едің ғой сырлас досым Сырбайым, екеумізде бір қуаныш, бір уайым, жаным құрбан, досым, сенің жолыңа, құрбандыққа сен де, досым, тұр дайын», деп ағынан жарылыпты. Сондай-ақ Тұманбай Молдағалиевтің «Ескерткіш», Саттар Сейітқазиннің «Диқан дала», Әділбек Абайділдановтың «Ақ қайың», Тынышбай Рахимовтың «Бесігіміз – бейбіт күн», Ұлықбек Есдәулеттің «Ұлыстың ұлы күні», Серік Тұрғынбековтың «Жүрегімнің сәулесі», Жадыра Дәрібаеваның «Біздің жақтың аспаны» секілді кітаптарын да ақын аға ерінбей оқып, қолына ұстағаны көрініп тұр, – деді Ақылбек Шаяхмет.
Айтпақшы, әлгі өзіме қалдырған бір кітапты кейін Қостанайдағы Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның бұрынғы директоры Бекежан Көшмұрзиннің мектептің музейіне қояйын деген уәдесін алып тұрып, қолына тапсырдым.
Жиын соңында С.Мәуленов атындағы гимназияда өткен ғылыми байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Олардың ішінде Сырбай атындағы білім ордасының ұстаздары да бар.
Қостанай облысы