Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жалпы, білім беруде соңғы жылдардағы ең үлкен ерекшелігіміз – ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) моделінің жүзеге асырылуы. Бұл біріншіден, білім берудің күнделікті сапалық деңгейін, білім стандартының орындалу барысын жүйелі көріп отыруға мүмкіндік беретін, бірыңғай педагогикалық мониторинг бақылау, екіншіден, оқушының он бір жыл алған білімін, мемлекеттік стандарттың орындалу деңгейін нақты анықтайтын өлшем жүйесі. Ол мектептеріміздің мемлекеттік білім стандартын қалай орындап отырғанын қатаң қадағалап, білім сапасының деңгейін нақты көріп отыруға толық мүмкіндік береді. Әлемдегі ең үздік мектептер күнделікті өз жұмысының нәтижесін үнемі бақылап, бағалап отыру арқылы ғана сапалы білім беруді қамтамасыз етеді.
О баста 2004 жылы елімізде тұңғыш рет ҰБТ моделі енгізілгенде белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Құсайынов «...ол талапкер мен түлектердің білім сапасын әділ бағалауды және білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюды қамтамасыз етуі керек» («Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы»: Алматы-2013, 131 бет) десе, сол кездегі еліміздің Білім және ғылым министрі Ж.Күлекеев: «ҰБТ-ның мақсаты – мұғалімнің әділетсіз бағасымен күресу. Өткен жылдары біз ерекше аттестатпен емтиханда екілік алған оқиғалармен жиі кездестік. «Алтын белгіге» үміткерлер өз білім деңгейін 30 пайызға ғана дәлелдей алды» («Время» газеті, 24.06.2004 жыл) деген болатын.
Мектепті аяқтау – мемлекеттік емтиханда, ҰБТ-дан жоғары балл жинау әрбір оқушыдан білім стандартындағы бағдарламалық материалды нақты білуін талап етеді. Енді оқушы бұған дейінгі білімді күнделікті баға алу үшін емес, мемлекеттік ҰБТ-да жоғары балл жинау үшін, әрбір заңдылықтар мен ережелердің, құбылыстар мен оқиғалардың ішкі байланысы мен оның мәнін терең түсіне отырып, ұзақ есте сақтау үшін сапалы білім алуы қажет болып шықты. ҰБТ-ның бүкіл білімдік мәні де осында. Ол мемлекеттік емтиханда әр мектептің, жекелеген әрбір оқушының білім стандартын меңгеру сапасын, әр мұғалімнің кәсіби қызметі деңгейін нақты айқындап бере алатыны тәжірибеде дәлелденді.
Еліміздегі тестілік бақылаудағы ерекше көңіл аударатын тағы бір тәжірибе – оның 11 сыныпта түлектерді ЖОО-ға түсуге дайындау мақсатында ғана емес, орта және жоғары сыныптарда күнделікті оқыту процесінде сапалы білім беруде тестілік бақылауға үлкен мән берілуі қажет.
Тестілік сынақ Еуропа елдерінде бірнеше ғасыр бұрын енгізілген, білімді бағалаудың объективті әдістерінің бірі. Оның басты артықшылығы – білім беруші мекемеге тәуелсіз бақылау жүйесінің қалыптасуы, бақылауға адамдық фактордың қатыспауы; мемлекеттік стандарт талабына сәйкес жалпыға бірдей білімді бағалау шкаласының қолданылуы; әр оқушының білімі мен біліктілік деңгейін айқындап, оларға уақтылы талап қою арқылы сапалы білім беруге қолайлы жағдайдың жасалуы.
Мемлекеттік тест сынағы тұңғыш рет жалпы білім берудегі күнделікті, аралық, тоқсандық, жылдық сан алуан білімді мониторингілік бақылау әдістерінің мектепте қатаң дидактикалық талаптарға сай жүзеге асуына тікелей ықпал етті. Онсыз бағдарламалық материалды, стандартты әр оқушы жан-жақты, жүйелі меңгеруі мүмкін емес-ті. Оқушының, не мұғалімнің жауапсыздығынан қанша бағдарламалық білім меңгерілмеді. Қаншасы тайыз меңгеріліп ұмытылды, оны тестілі сынақ нақты көрсетіп беріп отырады. Сөйтіп, оқушы да, мұғалім де, жалпы мектеп мемлекеттік тестілік сынақ арқылы өз жұмысының нәтижесін нақты көре алады. Оқушы мектеп бағдарламасын қаншалықты сапалы меңгерсе, соншалықты жоғары балл жинайды. Демек, жоғары не төмен тестілік балл жинаудың деңгейі ең алдымен оқушының, одан әрі мұғалімнің еңбегіне тікелей тәуелді. Тестілік балл – оқушының да, мұғалімнің де еңбегінің, білім сапасының өлшемі. Теориялық жағынан дидактика ғылымы үшін бұл жерде үлкен жаңалық жоқ. Әңгіме бұл жерде мектеп практикасында бүгінге дейін біртұтас бақылаудың тестілік, мониторингілік мүмкіндігін тиісті дәрежеде жүзеге асыра алмай отырғанымызда.
Жалпы, білім беруде білім сапасына қатынасты ҰБТ моделі, сөз жоқ, бірден осындай өз мүмкіндігін толық көрсете алған жоқ. Алғашқы жылдары білім сапасын тестілік бақылау мен бағалауда үлкен кемшілік те, қиындық та болды.
Алғашқыда мектеп жаңа жүйені қолдануға теориялық та, практикалық та жағынан дайын емес еді. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ тестілік бақылаудың білімдік мәні нақты айқындала түсті.
- Біріншіден, ол ҰБТ-ның мектеп бағдарламасындағы білім стандартының мазмұнын тест сұрақтары арқылы қамтуына және де аз уақыт ішінде жүздеген оқушының білім деңгейін анықтау мүмкіндігімен байланысты еді. Оған көпшілік бірден сенімді бола қойған жоқ. Тест сұрақтары әр пән бағдарламасындағы, оқушы меңгеруге тиіс, әр пәннің білім стандартындағы заңдылықтар мен ережелердің, табиғат құбылыстары мен әлемдік оқиғалардың мазмұнын қамтиды. Демек, мұғалім ҰБТ арқылы оқушыларды тест сұрақтарының жауаптарын «жаттатуға» емес, білім мазмұнын, білім стандартын нақты меңгеруге қолайлы мүмкіндік жасайтыны анықталды;
- Екіншіден, ҰБТ-ның жоғары балдық көрсеткіші талапкердің білім деңгейіне сәйкес келетіндігіне, олардың ең алдымен жоғары оқу орындарында ауқымды, жан-жақты білім алуына қолайлы екендігіне де көпшілік бірден сене қойған жоқ. Білім стандартындағы тестілік сұраққа кіретін бес пәннен оқушының бүкіл бағдарламалық материалды меңгеруі қиын да күрделі жағдай. Бірақ мониторингтік бақылау жүйесіндегі тестілік бақылау болашақта жоғары білім алатын әр жастың ақыл-ой мүмкіндігіне, сыни және креативті ойлау қабілетінің дамуына тікелей ықпал ете отырып, оқушының жан-жақты білім алуында ең тиімді мүмкіндік екені қазір күмән туғызбайды;
- Үшіншіден, тағы бір басты мәселе – ҰБТ-ға берілетін уақытқа қатысты еді. Тестілік мемлекеттік емтиханға берілетін уақыт көлеміне де қарсы пікір аз болған жоқ. Бірақ ғалым-әдіскерлердің пікірі де, жалпы мектептер практикасы да, өз тәжірибеміз де уақыт өткен сайын ҰБТ-да берілетін уақыттың жеткілікті екенін көрсетті. Тестіге берілетін уақыт – оқушы білімінің тұрақтылығына, оның есте сақтау мүмкіндігінің деңгейіне, білім сапасына қатысты ҰБТ жүйесінің басты элементі болатын. Толықтай алғанда, тестілік бақылау барған сайын 5-6 жыл ішінде мектептегі жалпы білімнің сапасын көтерудегі мүмкіндігінің мол екенін нақты дәлелдеді.
Айталық, еліміздегі жалпы білім беруде ҰБТ рейтингінің ең жоғары болған 2010 және 2011 жылдары тестілік бақылауда түлектердің орта балдары 84,8-ден 96,6 балға дейін көтерілген (ол кезде тестің ең жоғары балы 125 болатын) еді. Демек, түлектер бұдан он, он бір жыл бұрын тестілік 125 сұрақтың 96,6-на дұрыс жауап беріп, 77,2%-ы бұған дейін де, кейін де болмаған, жоғары білім дәрежелерін көрсеткен еді.
Сол 2010 жылдары республика бойынша жаңа типті мектептердің ішінде Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебі түлектерінің тестілік орта балы (41 оқушы) 120,7 болып, 100% грантпен жоғары оқу орнына қабылданып, республика бойынша ең жоғары білім деңгейін көрсетіп, ЖОО-да үздік білім алу мүмкіндігіне ие болған екен.
Бірақ ҰБТ моделін мониторингтік бақылау жүйесінде, сапалы білім беруде тиімді қолдана отырып, мол тәжірибе жинақтағанымызға қарамастан, соңғы жылдары тестілік бақылаудың рейтингі тым төмендеп кетті. Тіпті ҰБТ мектептің, білім сапасының рейтингі болудан мүлде қалып барады. Керісінше, оның орнына қарқынды дамып келе жатқан бағыт – тестілік бақылауды жалпы сабақ процесінен, тіпті мектептен тыс, арнайы ақылы, кешкі мектептер, репетитор арқылы жүзеге асыруға ерекше мән беріле бастады.
Бүгінгі таңда Еуропаның көптеген елінде репетиторлықпен айналысуға заңмен тыйым салынған. Репетиторлар өздері берген білімнің сапасына да, нәтижесіне де жауап бермейді. Демек, ақылы кешкі мектептер барған сайын сан жағынан дамығанымен, оқушыға да, мемлекетке де тиімсіз жұмыс істеп жатыр. Оны ашық айтатын уақыт жеткен сияқты.
Дидактика ғылымы үшін бұл жерде – сабақтың әр элементі қатаң бірыңғай әр пәннің бағдарламасына сәйкес оқушылардың күн сайын білім стандартын меңгеруін қамтамасыз ету болса, оны мектептен, сабақ процесінен алып тастағанда, сонда мұғалімдер не істейді?!
Бүгінгі таңда жалпы жұртшылық, ата-ананың өзі білім сапасын бақылаудың басты элементі ретінде ҰБТ-ны мектепке қайтаруымыз керек, онсыз мұғалімдер «жұмыссыз» қалып, оқушылар сауатсыз болып барады дегенді жиі, ашық айта бастады.
Сонымен қатар соңғы жылдары түлектердің «Алтын белгі» аттестатын алу, бұрынғыдай бітірушілердің мемлекеттік ҰБТ емтиханының нәтижесі бойынша емес, оқушылардың мектепте тапсырған емтихандарына, мұғалімдердің өздері қойған бағасына қарай беріледі.
Бұл «Алтын белгі» алушылардың сапа емес, сан жағынан соншалықты өсуіне (республика бойынша жыл сайын мыңдап өсуіне) негіз болып отыр. Бұл да ҰБТ-ның білімдік мәнін дұрыс пайдаланбай отырғанымыздың бір көрінісі.
Бірінші кезекте білім стандартының меңгеріліп отыруын қамтамасыз ету, жай мектептен бұрын жоғарғы сыныптарда бейінді білім беруді қатаң, бірыңғай оқушының қабілет-икемділігіне қарай жүзеге асыра отырып, оларды жоғары оқу орындарына даярлау – ең алдымен гимназия, лицей, дарынды балалар мектебінің міндеті. Бірақ бүгінде жаңа типті мектептердің өзінде де білім сапасы жай мектептен көп ілгері бола алмай отыр. Өйткені білім сапасын айқындайтын өлшем жүйесінің әлсіздігі, ҰБТ рейтингінің екінші кезекте қалуы, білім сапасын уақтылы айқындап, олардың статустарына сәйкес қатаң талап қоюға мүмкіндік бермейді.
Сондықтан ҰБТ моделінің білім сапасын объективті анықтайтын қызметін өзіне қайтара отырып, оның сапалы білім берудің басты факторына айналуына қолайлы жағдай жасауға тиіспіз.
Тестілік бақылаудың басты қағидасы – сырттай тәуелсіз бақылау. Оның нәтижесі жоғары болуына мүдделі қандай да болсын субъективтік фактор оған қатынаспауы керек. Сонда ғана тестілік білімді бақылау, бағалау моделі білім стандартының орындалу деңгейінің объективті көрсеткіші бола алады.
Алдағы уақытта Ұлттық тестілеу орталығы не Үкіметтің, не Президент аппаратының құзырына берілуі керек-ақ дейтін ұсынысты жүзеге асыратын да уақыт жеткен сияқты.
Сонда ҰБТ моделі Оқу-ағарту министрлігіне тәуелсіз, сырттай еліміздің жалпы білім беру жүйесіндегі білім стандартының орындалу деңгейін объективті анықтайтын бірыңғай өлшем жүйесі қызметін атқара отырып, мұғалім мәртебесінің өсуіне де, ең бастысы білім сапасына оңтайлы ықпал етер бірден-бір білімділік факторға айналған болар еді.
Сондықтан сапалы білім беруді қамтамасыз етуде қолбайлау болып отырған кемшіліктен арылып, әлемдік инновациялық тәжірибелерді дамыта білуіміз қажет.
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,
педагогика ғылымдарының
кандидаты, профессор
ОРАЛ