Саясат • 22 Қазан, 2022

Алты кандидат сайлауға түседі

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталып, сайлау алдындағы үгіт жұмыстары басталды. Бұл туралы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.

Алты кандидат сайлауға түседі

Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне 6 кандидатты тіркеді. Олар – Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Қарақат Әбден, Салтанат Тұрсынбекова және Нұрлан Әуесбаев. Үміткерлердің біреуі – мемлекеттік қызметкер, біреуі – коммерциялық құрылымның өкілі, төртеуі – үкіметтік емес сектордың өкілі, оның біреуі саяси партияның өкілі.

Отырыста Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова 21 қазан сағат 18.00-ден бастап сайлау алдындағы үгіт басталғанын хабарлады. Ол 19 қараша сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Атап өтілгендей, сайлау алдындағы үгіт үш жолмен жүзеге асырылады: 1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы; 2) сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу арқылы; 3) баспа,
аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы.

Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конститутциялық заңға сәйкес Прези­денттікке кандидаттардың сайлау алдындағы пікір­сайыстарын ұйымдастырып, оларды өткізу тәртібі мен шарттарын белгілейтінін айтты. Орта­лық сайлау комиссиясының қаулысымен сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстар мен пікірталастар осы жылғы 11 қарашада «Хабар» телеарнасының эфирінде өтеді деп бекітілді.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман бүгінгі таңда 4 халықаралық ұйым мен 4 шет мемлекеттен 76 халықаралық байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Шет мем­лекеттер мен халықаралық ұйымдардың бай­қаушыларын аккредиттеу 2022 жылғы 14 қараша сағат
18:00-ге дейін жалғасады.