35 метрлік Жібек жолы картасы
– Армысыз, Нұрлан Кенжеахметұлы! Өскеменге, ежелгі Кеңгір Тұра қонысына қош келдіңіз! Сонау Америкадан басқа емес, дәл осы Өскеменге келуіңізге не себеп?
– Министрліктің мұрындық болуымен арнайы грант бөлініп, Өскеменге, С.Аманжолов университетіне шақыртылдым. Алдымен оқырман қауымға өзімді таныстырып өтейін. Қытайдың Бортала облысы Арасан ауданында туып-өстім. Атам Жетісудың жеті байының бірі болған. 1929 жылы сталиндік репрессия кезінде балаларын сақтап қалу мақсатында Қытай асуға мәжбүр болыпты. Әкем сол жақта туып-өсті, еңбек етті. Мұғалім болған кісі. Өзім мектепте қазақша оқыдым. Айналам көпұлтты болғандықтан болар, көп тіл білуге септігі тиді. Кейін университетте, докторантурада оқыдым. Шынын айту керек, соңында оқуым қытайша болып кетті. Phd докторлығымды 2007 жылы «Жібек жолы» археологиясы бойынша Бейжіңде қорғадым. Қытайда археология тарих ғылымына жатады. Ал Өскеменді не үшін таңдадыңыз деген сұрағыңызға жауап берер болсам, мұнда тарих бар. Шежірелі өңір. Қаланың іргесіндегі Ақбауырда болдым. Петроглифтерден бөлек руна жазуы да тұр. Оқыдым. Жүз пайыз руника. Әрі қарай зерттеу керек. Байқағаным, Ақбауыр қола дәуірінен бастап тасаттық беретін қасиетті жер болған. Өйткені қола дәуірінің бұғылары, жылқылары бейнеленген. Ол түркі дәуіріне дейін жалғасқан.
– Ал картографияны, ежелгі карталарды зерттеу қажырлы еңбекті қажет етеді. Осы салаға қалай бет бұрып жүрсіз?
– Phd докторантурасында оқып жүрген едім. Қытайдың бір бай-көпесі Жапониядан картина деп карта сатып алып менің ұстазыма келген ғой. Оның не екенін өзі жіті түсінбесе керек. Сатқан тарап та не екенін білмегенге ұқсайды. Сөйтсек, 35 метрлік Жібек жолының картасы. Әлгі құнды дүниені қызыға зерттеуге кірісіп кеттім. Осы жұмысты қолға алған соң көптеген картамен таныстым. Кеңгір Тұраның табылуы да осы картамен байланысты деп айтуыма болады. Бірақ ол картада Кеңгір Тұра жоқ. Тек оңтүстік Жібек жолы ғана көрсетіледі. Қытайдың батысынан басталып, Қашқарды басып өтеді. Содан Бадахшан арқылы Самарқан, Бұқараны басып, Ыстанбұлға дейін барады. Картаның ғылымилығы өте жоғары. Ішіндегі көптеген атауды табу үшін басқа карталарды зерттеуіме тура келді. Құбылай тұсында сызылған «Кандидо» деген картаға ден қойдым. Оны он жыл зерттеп, былтыр Германияда ғылыми монография болып шықты.
– Көне карталарды зерттеп жүріп, қазақтың басқа да тарихына тап болмадыңыз ба?
– Төрт ай Тайваньда болдым. Карта зерттеп жүріп, қазақ тарихына қатысты, дәлірек айтсам, Қасым хан тұсындағы деректерді таптым. Қасым ханның өзі, оның ұлы Мамаш туралы деректерге ие болдым. Мамашты негізі Мұхаммед Қасым деп атаған екен. Ол кім деп көп іздендім. Сөйтсем, Мамаш хан болып шықты. Ал Қасым хан тұсындағы қазақ хандығы қытайларға Қасым мемлекеті деп жеткен екен. Елшілер «Біз Қасым елінен келдік» деп қазақ хандығын Қасым атымен жеткізіп отырған. Осы туралы ағылшынша мақалам жарияланды, монографиям шықты. Жыл соңына дейін Германиядан Қазақ хандығы тұсындағы «Қазақ жерінің тарихи-географиясы» атты монографиям шығады. Сонда Қасым хан туралы да айтылады.
Нанымға бола ғылымды тоқтатуға болмайды
– Әуелде, Берелде қазба жұмыстары басталғанда ішінара қарсылық білдірген тұрғындар болған. Өлгендерді қозғаудың қажеті қанша дегендей пікір айтып, археологтерді ұнатпағаны рас еді. Сіз шетелдерді көріп жүрсіз. Дамыған мемлекеттерде осы археология саласы қалай дамиды?
– Дамыған мемлекеттерде археология да дамыған. Қарсылық білдіргендерді түсінемін. Наным ғой. Дегенмен нанымға бола ғылымды тоқтатуға болмайды. Қазу керек. Қазу арқылы қазақ тарихын дәлелдейміз. Мәселен, Германияда археологияға қатты мән береді. «Жібек жолы» деп, Қытайға, Моңғолияға жылда мамандар жіберіп тұрады. Көптеген олжа немістердің қатысуымен табылған. Ол жақтағы университетте арнайы археология кафедрасы бар. Олардың Моңғолиямен қарым-қатынасы тығыз.
– Қытайға қайта барып, архивін зерттеу жоспарда жоқ па? Менің ойымша, ол жақтың архивінде тарихымыз том-том болып жатқан сияқты...
– Дәл қазіргі уақытта ол жаққа бару өте қиын. Барғанымызбен, архивіне кіру – күрделі мәселе. Әйтпесе, Қытайда көп дүние жатыр. Абылайханның шағатайша, мәнжүрше жазылған хаттары өте көп. Жоғарыда айтып өттім, Қасым хан туралы деректер бар. Қысқаша айтсам, ғылыми айналымға түспеген дерек көп. 2005 жылдары ғой деймін, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қазақстандық шығыстанушы ғалымдар Бейжіңге барып, біраз дүние әкелді.
– Өскеменнің ежелгі атауы Кеңгір Тұра деп жүрміз. Көне картадан осындай дерек табылғанда, бізді қайдам, ортақ қазаннан ас ішіп жүрген өзге ұлт өкілдері Өскемен ертеңгі күні Кеңгір Тұра болып кете ме деп алаңдап қалғаны бар. Кеңгір Тұра туралы кеңінен айтып беріңізші.
– Мынаны түсініңіздер, бекіністер ешуақытта иен далаға салынбайды. XVIII ғасырдың ортасында Ресейдің қазақ даласын отарлауының ең алыс оңтүстік шегі – Ертіс өзенінің бойындағы «Ертіс желісі» деп аталатын бекіністер желісімен белгіленді. Ертіс желісіндегі ең оңтүстік Ресей қаласы «Цяньлун» картасында Кеңгір Тұра немесе Цзяньгэ-эр тула болып табылады. Кеңгір Тұра – қазіргі Өскеменнің жергілікті аты. XVIII ғасырдағы мәнжу деректерінде Кеңгір деген атпен белгілі болды. «Ренат» картасына негізделсек, қазіргі Өскеменнің түбінде Кеңгір өзені болған. Аягөздік ғалым Құрбанғали Халидің «Тауарих хамса» кітабында Домқала деп көрсеткен. Ол да картада бар.
Ойлап қараңыз, әскери бекініс не үшін қажет? Егер қазақ өз құрамында болса, бекініс салып несі бар?! Қытай архивтерін ақтарып отырып, «Ертіс бойындағы орыс бекіністері 1718, 1720 жылдары салынғанын көзім шалды. Көшпелілерге жақын жерге құрғаны және айтылады. Бұл жерді орыстар «Усть-Каменогорск» деп атаған. Ал қазақ Кеңгір Тұра деп атаған. Бейжіңге екі түрлі адам хабар жеткізген, бірі – мәнжүрлерге қолға түскен торғауыттар. Олардың айтуынша, «орыстар Домқала деген жерде әскерлерін жиып, шабуыл жасағалы отыр» делінген. «Домқала қайда дегенде, Ертістің арғы жағында» делінген. Бұл картаны сызушылар – француздар. Ал қытайлар Кеңгір Тұра мен Домқаланы екі басқа қала екен деп екі жерге сызып қойған. Картография тарихында бұл – қалыпты құбылыс. Себебі ол заманда техника жоқ. Домқала дегенімізді бір ғалым орыстың «дом» деген сөзінен шыққан дейді. Олай емес, қазақ том деп кең өзенді айтқан. Әне қарашы, Ертістің кеңдігін (терезеге көз тастадық. Ертіс баяу жылжып жатты). Тұра – көне түркі тілінде «бекініс» деген мағынаны білдіреді.
XVIII ғасырдағы қытай деректеріне талдау жасасақ, Кеңгір Тұраның қазіргі Өскемен қаласы екенін білеміз. Айтар болсақ, 1757 жылы Әмірсананың ізіне түскен Цинь генералы Шуньдэна өзінің мәлімдемесінде «Цянлун жылнамасының 22 жылы 6-айдың 16-күні Эсюньчоцюетэ тауынан асып, Та-эргунь өзеніне жеттік. Осы арадан қарақшылардың ізін білдік. Келесі күні орыс территориясындағы Кеңгір Тұра қаласына барып, адам жіберіп жайымызды хабарладық. 18-күні орыс капитаны Ертіс бойына келіп бізбен кездесті» деген.
– Көне карталарда Өскеменнен басқа Қазақстанның тағы қай қалалары кездеседі?
– Иә, көне карталардың бірінде Семейдің солтүстігіндегі Железинская деген бекіністі қазақ Темір қала деп атағаны анық көрсетілген. Ямышева көлін қазақ Тұзкөл деп атаған. Сонымен қатар Оралды казактар Яицкий деп өзгертіп алған. Бірақ тұрғылықты ел Теке қаласы деп атаған. Ескі карталарда Гурьев Нижний Яицкий делінген. Бірақ қазақтар Үйшік дескен. Яғни түркінің «учық» деген сөзі. Ол дегеніміз – өзеннің ұшы, балық аулайтын жер.
1824 жылға дейін қазақ даласы Ресейдің отары болған жоқ
– Байқауымша, сіз зерттеп жүрген карталарда көптеген жердің, өзен-көлдің, елді мекеннің тарихи атаулары кездеседі. Оның астарына үңілсек, жеріміздің бұдан да кең болғанын аңғаруға болады...
– Батыста болдым. Өзіңіз айтқандай, көне карталардың ішінен 1842 жылғы Бөкей ордасының картасын зерттедім. Мен айтайын, Бөкей ордасының құрылуы – Еділ мен Жайықтағы жердің Қазақстанға қосылуына өшпес із қалдырды. Ордаға орысша білім әкелді ме, ол маңызды емес. Ең бастысы, сол жатқан жерді алып беріп отыр.
– Оны қалай алып берді?
– Еділ қалмақтары жоңғарлар жеңілген соң үдере шығысқа көшті. Жер бос қалды. Ресей «қазақтар жаулап алмасын, заңды үкімет қояйық» деп Бөкей ордасын батысқа құрды.
1864 жылғы Қытай картасын қараңыз (Экранға көне карталарды шығарды). Қазіргі шекарамен ұқсас. Тарихшылар Қазақстанның оңтүстігіндегі тауды Тянь-Шань дейді ғой. Ал қытайдың бұл картасында Тәңір тау деп белгіленген. Үрімшінің шығысы ғана Тянь-Шань. Өзіміз жағы – Тәңір тау. Білместіктен шығар, орыс ғалымы Семенов Тянь-Шанский есімімен атай салған. Бұл картада Хан Тәңірі деп белгіленген. Цинь империясы мен Қазақ хандығы арасындағы шекара сызығы да осы картада бар. Ең маңызды, құпия карта – осы.
Біз көбінесе батырларымыз отыз күн шайқасқан, сөйткен де бүйткен деп мақтанамыз. Алайда сол батырларымыздың шекараны шегелеп кеткенін айтпаймыз. Одан қалса, Ақтабан шұбырындыны, Алакөл сұламаны айтып, аһ ұрамыз. Халықтың еңсесін түсірмеу керек. Иә болған, білеміз. Одан да Абылайдың тұсында қазақ даласындағы жоңғардың жоғалып кеткенін айтайық. Көпшілік Цинь империясы қырып салды деп ойлайды. Ол – біржақты пікір. Шынтуайтына келгенде, жоңғарларды жер бетінен жойып жіберген Қожаберген, Қабанбай батырлар. Абылай Қабанбайды сауда-саттық саласында келісім жасауға Үрімшіге дейін жіберген. Жалпы, Абылай тұсындағы қазақ хандығын зерттеу керек. Оңтүстікте Райымбек батыр қалмақтарды қуып, шекараны бекіткен. Міне, қазақ батырларының осы ерліктері де ескерілмейді. Ашылмаған тарих көп.
Орыс ғалымдары қазақты әлсіз көрсету үшін тарихты бұрмалағаны белгілі. Алайда қазақ тағдыры Абылай тұсында белгіленіп қойған. Қытайдағы қазақтар – қашып барғандар емес, шекара сызығы жүргізілгенде, шешіммен келіспей, кіріп алғандар. Қытай олардан малының бір пайызын алып отырған. Былайша айтқанда, баж салығын салған. Шекара сыртына қатаң қарауыл қойып, қазақтарды кіргізбеген. Ал аштықтан қашып, шекара асқандар – олардың бір пайызы ғана. Сол қазақтарды сағалап барған ғой.
Бұл – 1766-1770 жылдар аралығында сызылған Қытайдың құпия картасы. 1925 жылы Бейжіңнен табылған (сарғыш тартқан тағы бір картаны экранға шығарды). Бір нұсқасы Тайваньда, енді бірі Лондонда жатыр. Бейжіңде бір нұсқасы бар. Қытай тілін, мәнжүр тілін, қазақ тілін білмесең, бұл көне карталарды түсінбейсің. 1824 жылға дейін қазақ даласы Ресейдің отары болған жоқ. Ресей ол кездері енді-енді ғана Ертіс бойында бекіністерін салып келе жатқан. Бұл картада Абылайхан мен Цинь империясы арасындағы шекара анық көрсетілген. Мұны сызған – мен емес, қытай. Әрбір қарауыл атауына дейін бар. Әр қарауылда кімдер тұрды, анық жазылған. Қазақтың қыстауына дейін көрсетілген. Жыл соңында ағылшын тілінде Германиядан кітабым шығады. Көне картаға, шекараға қатысты тарихи деректер әлі де болсын зерттелмей жатыр. Зерттелмеген дүние көп. Одан да Қазақстанның қазіргі шекарасын кім белгілеп еді, соны айтыңызшы?
– Алаш Орда (тосыннан қойылған сұраққа ойланбастан жауап бердім).
– Иә, Алаш Орда зиялылары. 1918 жылы Зәки Уәлиди Тоған шекараны белгілеуге қатысқан. Лениннің келісімімен Қазақстанның солтүстік шекарасында Башқұртстанды қосып алып белгілеген. Алаштың қазақ тарихына қосқан үлкен үлесі осы еді.
– Десе де, Қазақстан жеріне, территориямызға қатысты алыпқашпа әртүрлі пікірлер айтылып жүргенін өзіңіз білесіз...
– Қазаққа мынау байтақ жерді ешкім сыйға тартқан жоқ. Ол – ежелден Ұлы даланың иесі мен киесі. Шекара сызығы көне карталарда тайға таңба басқандай көрініп тұр. Жеріміз тарылмаса, кеңейіп кетпеген. Қытайлар үш жүздің картасына дейін сызған. Оны Абылай тұсындағы қазақ мемлекетінің картасы деп атаған. Бұдан артық қандай тарихи дәлел керек?! Ал XVI-XVIII ғасыр арасындағы Еуропа, Қытайдың тарихи карталарында Қазақ хандығы «Қазақи орда», «Қазақия» немесе «қазақи» деп аталған.
1562 жылғы картада қазіргі Ташкентке дейін Ұлы жүзге қарағаны анық белгіленген. Төле би билік құрғанын білесіздер. 1593 жылғы картадағы Ресейді қараңыз; Алтайындағы мына бір көл – Алтын көл деп аталған. Телескөл деген де аты бар. Қазақтардың шығыс шекарасы осыған дейін жеткен.
– Салиқалы сұхбатыңызға мың да бір алғыс айтамыз! Осынау кең-байтақ жеріміздің сырты жаудан, іші даудан аман болсын!
Әңгімелескен
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»