Аймақтар • 24 Қазан, 2022

«Бірлік» – тәжірибе алмасу алаңы

325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай облысында ұлттық мереке Қазақстан халқы Ассамблея­сының «Бірлік» халықаралық жастар лагерінің жұ­мысы өз мәресіне жетті. Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйым­дастыруымен өткен үшкүндік іс-шараға еліміздің барлық аймағынан 70-тен астам волонтер жиналды. Қырғызстан, Өзбекстан жастары онлайн байланыс арқылы қосылды.

«Бірлік» – тәжірибе алмасу алаңы

Жастар лагерінің ашылу рә­сіміне «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Аппаз Кемелев, Қостанай облысы­ның «Қоғамдық келісім» КММ директоры Наталья Рамазанова және «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Талғат Жұрымбаев қатысты.

– Біз бүгін Қостанай облы­сындағы Әулиекөл ауданында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету шараларына белсенді атсалысқан еріктілердің басын қосып отырмыз. Қазақстанның барлық өңірінен келген жас­тар көшбасшылары, белсенді жас­тардың көбі келді. Жастар – қа­шан да қоғамның қозғаушы күші. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр ота­нымыз­дың қай бұрышында жүр­се де, ел­дік туы көтерілген сәтте жұмыла жүк көтеріп, көпке үлгі көрсете біл­ген жасампаз жаста­рымыздың көп екеніне қуанамыз, – деді салтанатты жиында алғысөз алып, жастарды құттықтаған Тимур Жұрымбаев.

ҚХА жастарының Ал­маты қалалық өкілдігі төр­аға­сының орынбасары Омар Мохам­мед­са­руардың сөзінше, еліміздің әр өңі­рінде бірін-бірі көрмей игі іске жұмылып жүрген волон­тер жастардың бір жылда бір рет басын қосатын «Бірлік» лагерінің маңызы ерек, жөні бөлек. Жастар мұндай шараларды асыға күтеді. Өйткені бір-бірімен танысып, жүздесіп, білісіп, жастарға қа­тыс­ты мәселелердің әрі қарай шешілу жолдарын ақылдасып-кеңеседі. Пікір алысып, тәжірибе алмасады.

Жыл сайын еріктілер қозға­лысына атсалысып жүрген бел­сенді жастардың арасында ұйым­дастырылып тұратын дәстүрлі іс-шараның мақсаты – достық бай­ланыстарды нығайту, пат­риотизм, ел мүддесіне жұмылу, бірлік қағидаттарын санаға сіңі­ру. Волонтер жас­тар Алтынсарин ауданындағы қа­лың орман аясына орналасқан «Жайлау» демалыс орнында бірнеше күн қатары­нан медиа сауаттылықты көтеру, ақпараттың ақ-қарасын ажы­рата білу, әлеу­меттік желілерде этносаралық шиеліністердің алдын алу туралы дәрістер тыңдады. Сан алуан спорттық мәдени шараларға қатысып, көңілді жарыстар өткізді. Сондай-ақ қыркүйектің басында өртенген Аманқарағай орманына барып, бір күн бойы қарағай көшеттерін отырғызды.

Лагерьдің бірінші күні Қоста­най облысы ҚХА ғылыми-сарап­шылық тобының мүшесі, филология ғылымдарының канди­даты Дмитрий Качеев жастар­ға күнделікті өмірде және әлеумет­тік желілерде орын алып жат­қан этносаралық ұлтаралық жағ­дай­ды ушықтырып, ел ішіне сына қағатын келеңсіз жағдайлар­дың алдын алу жөнінде тренинг өткізді.

Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облы­сын­дағы департаментінің басшысы Асхат Ескендіров жастарға мемлекеттік қызметшінің ұста­ны­мы, патриоттық тәрбие, білім алу­дың маңызы жөнінде әңгімеледі.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес» деген сөзінің дәлелін осы халықаралық жастар лагерінен көрдік. Мұнда өткен қызықты да, мазмұнды шараның бірі Катерина Гедзурдың бүгінгі қоғамдағы қазақ тілінің орны мен қызметі туралы мәселеге арналған тренингі болды.

– Қазіргі жастар мемлекеттік тілдің маңызын айқын түсінеді, қадір-қасиетін шынайы сезі­неді. Тіл – ұлт пен ұлтты жақын­дастыратын ең үлкен қатынас құ­ралы. Менің ойымша, қазақ тілін үйренетіндер тіл білудің бар­лық артықшылығын түсі­нуі керек. Біз қазақ тілін мең­геру арқылы өз өмірімізді же­ңіл­детеміз, көптеген реніш, өкпе-наз тудыратын келеңсіз жағдай­лар­дан аулақтаймыз. Қазақ тілін меңгерген жастардың алдында жаңа мансаптық, саяси және әкімшілік артықшылықтар да пай­да болады. Өйткені қазақ тілі бә­рімізге ортақ бірлік пен келісімнің тілі, болашағымыз, ертеңіміз, – дейді Катерина Гедзур.

Демалыс орнында өткен іс-шаралар барысында волонтерлік пен кәсіпкерлікті ұштастыру, ком­муникация құру мәселелері, бір­лік пен татулықтың бас­ты құн­дылықтары жөнінде квест және ұлт­тық ойындар ұйымдас­ты­рылды.

– Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел көлемінде өтіп жатқан бірде-бір қайырымдылық шараларынан тыс қалып көрген емес. Қандай да бір жағдай орын ала қалса, үнемі үлес, үн қосып отырады. Мысалы, Аманқарағай орманы өртке оранған күндері Ассамблея Қостанай облысына 60 млн теңгеден астам сомаға 243 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Ал бүгін қорытындыланып жатқан «Бірлік» арқылы еліміздің барлық өңірінен келген жастар, еріктілер бір-бірімен жақын танысып, өзара достық қарым-қатынас орнатты, ағаш отырғызу, табиғатты аялау сияқты игі істерге жастық жалынмен жұмыла кірісті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірлік – басты қағидамыз, ел­дің бірлігі – еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы бас­ты құн­дылық» дейді. Біз осы ұста­ным­ға берік болуымыз керек, – дей­ді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келі­сім» РММ жетекші сарапшысы Назгүл Досмағанбетова.

 

Қостанай облысы