Қазақстан • 25 Қазан, 2022

Тәуелсіздік темірқазығы

417 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Еге­мендігі туралы декларацияның қабылдануы – ерекше тарихи маңызы бар оқиға. Мемлекет басшысының ұсынысымен 25 қазан күні елімізде ұлттық мереке ретінде жарияланғаны өте орынды және негізді. Өйткені бұл оқиға мемлекеттің дамуына елеулі ықпал етеді.

Тәуелсіздік темірқазығы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы ресми мәлімдемесін КСРО-дағы саяси, экономикалық және идеологиялық дағдарыстың нәтижесі ретінде қарастыру керек. Бұл ретте осы дағдарыстың табиғи, яғни кездейсоқ еместігін айтып кеткен жөн. Дағдарыс көптеген объективті және субъективті факторға байланысты. Олардың ішінде коммунистік қоғам құрудағы утопиялық бағдарлама да бар. Кеңес өкіметі мен коммунистік партияның басшылары КСР одағының барлық қолданыстағы жүйесіне қауіп төнгелі тұрғанын болжай отырып, өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында реформалар арқылы социалистік әлемдік тәртіпті жаңартуға, оған мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық аспектісін қайта құру арқылы жаңа өмір салтын құруға тырысты. Алайда қарқынды реформалық күш-жігерге қарамастан, қиындық жойылған жоқ. Керісінше шиеленісе түсті. Тапшылық ұзаққа созылып, азық-түлік және тұрғын үй дағдарысы өсті, өнім мен қызмет сапасы төмендеді.

Ведомстволық диктат жұмыс күшінің одақтас елдерден шамадан тыс қоныс аударуын тудырды. Ал оның салдары­нан жергілікті ұлттар үлесінің төмендеуіне байланысты республикалар тұрғындарының ұлттық құрамы күрделі өзгерістерге ұшырады. Мәселен, КСРО құрамында болған Эстонияда отыз жыл ішінде байырғы халықтың үлесі 78 пайыздан 59 пайызға дейін төмендеген. Одақтас республикалардың байырғы ұлттарының тілдерінің күнделікті қарым-қатынастардан да жойылып кету қаупі туындады.

Қазақстанда аталған проблемалар одан да айқын көрінді. Қордаланған мәселелер мен проблемаларды шешу жөніндегі шараларды талқылау және ұсыну Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаудың алғышартын қалыптастырды.

Қазақ халқының трагедиясы туралы, яғни күштеп ұжымдастыру үдері­сінің салдарынан халықтың басынан кешкен қиыншылықтары, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, сонымен қатар тың жерлердің игерілуі мен тоқырау кезеңінің, социалистік бесжылдықтардың демографиялық салдары, экологиялық апаттар қаупі мен ядролық сынақтардың зардаптары, сондай-ақ қазақ тілінің тағдыры туралы мәселе жиі көтерілді. Социалистік тәжірибе мен командалық-әкім­шілік орталықтың ұлы державалық саяса­тының құрбаны болған қазақ халқы­ның саяси, мемлекеттік және мәдени қай­раткерлерін зерттеу және оңалту қажет­тілігі туралы сол кезеңде көп жазылды.

1989 жылы 23 қыркүйекте Қазақ КСР-нің «Тіл туралы» заңының әзірленіп, қабылдануы республикада үлкен резонанс тудырды. Қазақстан жұртшылығы мен одақ басшылығының бір бөлігі қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы ұсынысты орыстілді халықтың құқықтарына нұқсан келтірудің бастамасы деп қабылдады. Мұндай үрейге Қазақстанның белгілі қайраткерлері былай деп жауап берді: «Қазақ тілінің жойылып кету қаупін ең алдымен, қазақтардың өзі түсініп, сезінуі және орыстілді ха­лықтан жанашырлық пен бауырмалдық қарым-қатынасты талап етуі керек. Сонда ғана Қазақстандағы тілдік ахуал­ды жақсартуға, соның нәтижесінде ұлтаралық қарым-қатынасты жаңартуға және нығайтуға болады».

Осы тұрғыда республиканың орыс­тілді тұрғындарының өкілі, белгілі ғалым А.К.Котов қазақ халқының ұлт­тық мемлекеттілігін құрудың негізгі крите­рий­лерінің бірі ретінде тілдің республика қамқорлығына мұқтаж екенін атап өтті.

Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларацияны қабылдауға XII шақыры­лы­мының Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бар­лық қызметі де ықпал етті. Ол мемлекеттік егемендік туралы ресми мәлімдемеге дейін республиканың экономикалық және саяси дербестігіне сөзсіз ықпал еткен қоғамдық қатынастардың әртүрлі саласы бойынша бірқатар нормативтік құжат пен шешім қабылдады.

Осындай кезеңде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары 1990 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасын дайындап, ұсынды. Жоба Жоғарғы Кеңестегі депутаттармен және Қазақстанның қалың жұртшылығымен белсенді талқылана бастады.

Жобадағы негізгі қағидалардың бірі қоғамдық келісім, халық егемендігінің бөлінбейтіндігі және ажырамастығы идея­сы болды. «Қазақ КСР-нде егемендіктің бірден-бір ұстаушысы және биліктің қайнар көзі – оның халқы, ол мемлекеттік билікті тікелей де, сонымен қатар Қазақ КСР Конституциясының негізінде өкілді органдар арқылы да жүзеге асыра алады», деп жазылды құжатта.

Жоғарғы Кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» фракциясы декларацияның балама жобасын әзірледі. Балама жоба ұлттық мемлекеттілік идеясын мойындау­дан бас тартып, республиканың бірқатар өкілеттігін бекіту болашақ одақ шартының екінші жағы одақ орталығына күштік, ультимативтік қысым деп республикалық егемендік шеңберін шектеді. Балама құжаттың авторлары республикалардың мемлекеттік егемендігі туралы декларациялар Одақ шартының болашақ мазмұнын анықтайтын құжат екенін мойындағысы келмеді.

Республика қазақ халқының өзінің ұлттық-мәдени ерекшелігін, тілін, тарихи жадын және табиғи ортасын жаңғырту мен сақтау құқығын қамтамасыз етеді деген ережеге кейбір депутаттар қарсы болды. Алайда бұл ереже Қазақ Республикасының дүние жүзіндегі қазақ халқының жалғыз отаны болғандықтан, оның тағдыры, болу немесе болмауы, осы өңірде ғана шешілетініне байланысты еді. 1990 жылы 25 қазанда пысықталған жобаны алты сағаттық талқылаудан кейін Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды.

Декларацияның елдің саяси тари­хындағы маңызы мен рөлі қазіргі Қазақстанның құқықтық негіздерін қалауында жатыр. Осы құқықтық негіздер бүгінгі күнге дейін Қазақстан қоғамының саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер етуін сақтап келеді. Бұл, біріншіден, декларация азаматтық батылдық актісі ретінде болғанымен байланысты. Себебі Қазақстан халқы үшін шешуші саяси-құқықтық құжаттың әзірленуі мен қабылдануына КСРО басшылығы барынша кедергі келтірді және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мемлекеттік егемендік туралы ресми мәлімдемесін мойындамады.

Осы қарсылықтарға қарамастан, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі жоғары мемлекеттік деңгейде Қазақстан халқының атынан бүкіл әлемге Қазақ КСР-дегі мемлекеттік биліктің республика ішінде үстемдігінің, дербестігінің, толықтығының бар екенін, Қазақстан саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа қатысты барлық мәселені дербес шешетінін ресми түрде мәлімдеді.

Екіншіден, декларация өзгермейтін құжат емес, барлық өркениетті елде мемлекеттік басқару тәжірибесімен дәлелденген тұрақты құндылықтарды білдіреді. Декларацияда жазылған осындай іргелі принциптерге адам өмірінің құндылығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау; құқықтық және демократиялық мемлекет; халықаралық құқық субъектісі ретінде ішкі және сыртқы істердегі Қазақстанның мемлекеттік билігінің егемендігі; Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігі мен қолсұғылмаушылығы; одақтарға еркімен кіру; барлық ұлт пен ұлыстың өкілдері үшін құқықтық теңдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып, ұлттық мемлекет қағидаты; өз азаматтығы институты; биліктің бөлінуі; меншік нысандарының алуан түрлілігі мен теңдігі, қазақ Республикасы атынан Қазақстан халқына барлық ұлттық байлықтың тиесілігі; саяси плюрализм секілді мәселелерді жатқыза аламыз.

Үшіншіден, декларацияның нормалары мен ережелері тәуелсіз қазақстандық мемлекет пен қоғамды қалыптастыру және жаңғырту процесінде күрделі, көп еңбекті қажет ететін және алуан түрлі міндеттерді шешуге бағытталған. Осыған байланысты декларация ұлттық заң шығарушының, 1993 жылғы Конституцияның және 1995 жылғы қолданыстағы Конституцияның негізіне айналды. Өйткені ұлттық құқықтың қалыптасуы мемлекеттік егемендіктің көрінісі мен іске асырылуын білдіреді.

Мемлекеттік егемендік туралы декла­ра­цияның жоғарыда аталған барлық құнды­лық ережесі бүгінде Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының, Конс­ти­ту­циялық заңдардың, салалық заңна­маның нормалары мен қағидаттарында көрініс тапты.

Осылайша, Қазақстанның Мемле­кеттік Егемендігі туралы декларацияның қабылдануын баға жетпес құбылыс деп санаған дұрыс. Декларация Қазақстан халқының шынайы егемендікке, қазақ ұлттық мемлекеттілігінің мызғы­мас­тығына объективті және тынымсыз ұмтылысының нәтижесі, халқымыздың еркімен өркениетті, еркін мемлекеттер мен қоғамдарға өтуіндегі іске асырылған ерік-жігерінің қорытындысы болды.

 

Ермек ӘБДІРАСҰЛОВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор