Саясат • 26 Қазан, 2022

Жер учаскелерін бөлу жеңілдетіледі

313 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру мәселесін талқылады. Сондай-ақ әйелдердің зейнеткерлікке шығуын 61 жас деңгейінде белгілейтін заң жобасы мақұлданды.

Жер учаскелерін бөлу жеңілдетіледі

Атап айтқанда, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Әсет Тұрысов баяндама жасады.

«Бос жер учаскелері бойынша ақпараттың болмауы жергілікті атқарушы органдарға азаматтарға жер учаскесін беруден формальды түрде бас тартуға мүмкіндік береді. Халыққа бос жер учаскелері, рәсімделген жылжымайтын мүлік объектілері, инфрақұрылымдар туралы ақпаратқа тең және ашық қол қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі әзірленді», деді Ә.Тұрысов.

Жаңадан құрылған ақпараттық жүйе жер және құқықтық кадастрлар туралы ақпаратты жинап, жария кадастрлық карта арқылы баршаға қолжетімді болмақ. Онда жер учаскелері, бас жос­пар­лар, елді мекендердің орналасты­руды жоспарлау жобалары, инженерлік коммуникациялар, жылжымайтын мүлік объектілері және мемлекеттік ор­гандар мен ұйымдардың өзге де мәліметтері туралы ақпарат қамтылмақ.

«Жария картаның жұмыс істеуі, толтырылуы және пайдаланылуы уәкі­летті органдардың келісімі бойын­ша Цифрлық даму министрлігі бекі­тетін жекелеген Қағидалармен регла­мент­теледі. Бірыңғай мемлекеттік кадас­трының ақпараттық жүйесін енгізу жер қатынастары саласындағы рәсімдерді жетілдіруге және оңтайландыруға, сондай-ақ оларды цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Жер учаскесін берудің электрондық тәртібін енгізу үшін бірқатар заңнамалық түзету енгізу қажет болды», деді министрдің міндетін атқарушы.

Осылайша, әкімдікке бармай-ақ, жария кадастрлық картасын пайдалана отырып, «электрондық үкімет» порталы арқылы жергілікті атқарушы органға өтініш бере алады. Жер учаскесін алуға мүдделі тұлға электрондық өтініштен бөлек, жария картасында өзі әзірлеген жер учаскесінің сызбасын ұсынады.

Қол қойылған өтініш «электрондық үкімет» порталы арқылы жергілікті атқарушы органның ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Жолданған өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама өтініш берушінің «электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Онда жер учаскесін бөлу схемасын келісу күні көрсетіледі.

«Сәулет органдары өтініш келіп түскеннен кейін сұратылып отырған жер учаскесінің бас жоспарға және орналастыру жоспарларына сәйкестігін, нысаналы мақсаты бойынша беру мүмкіндігін айқындайды. Сонымен бірге қолданыстағы инженерлік коммуникацияларды көрсете отырып жер учаскесін бөлу схемасын дайындайды.

Әзірленген жер учаскесін бөлу схе­масы барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың келісуіне жібе­ріледі. Табиғи монополия субъектілері инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттарын қосымша ұсынады. Яғни өтініш берушіге жер учас­кесін беру шешімі қабылданған жағдайда оған техникалық шарттар бірге ұсынылады. Ал жер учаскесін беру мүмкіндігі жоқ немесе келісуші орган­дардың теріс қорытындысы болған жағдайда өтініш берушіге Әкім­діктің шешімін шығармай-ақ, сәулет органдарының қорытындысы түріндегі дәлелді бас тарту жолданады», деді Ә.Тұрысов.

Келісілген жер учаскесін бөлудің схемасы келісім жасау үшін өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады. Содан кейін әкімге қол қоюға жібе­ріледі. Жүргізілген жұмыстардың нәти­жесінде жылжымайтын мүлік объек­тісінің кадастрлық паспорты дайын­далады. Осылайша, бір өтініш арқылы 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

«Әрбір кезеңде құжаттың қаралу ба­рысы жария картада түрлі түстермен көрсетіледі және өтініш берушіге құжаттардың өту мерзімі мен рәсімін цифр­­лық қадағалауға мүмкіндік бере­тінін атап өту қажет. Бірыңғай мемле­кеттік кадастрының ақпараттық жүйе­сінде объектіні тіркеу және есепке алу аталған жылжымайтын мүлік объек­тісінің бар екенін және оның сипаттамаларын растайды. Бұл тәртіп қалалар аумағында жаңадан берілетін жер учаскелеріне қолданылатын болады.

Жалпы айтқанда, азаматтардың мемлекеттік органдармен және өзге ұйым­дармен өзара іс-қимыл тұжы­рым­дамасы өзгереді. Барлық ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен өтінішті қарау барысына цифрлық бақылау қамтамасыз етіледі және мем­лекеттік органдардың жер учаскесін беруде негізсіз бас тартуларының жолын кеседі», деді Ә.Тұрысов.

«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келі­сімді (Жекеше секторға және экономи­каны неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қар­жыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған құжат жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

«Биылғы 2 шілдедегі Президент Жарлығына сәйкес 345,7 млн еуро сомасындағы Қарыз туралы келісімге 24 тамызда қол қойылды. Қарыз толы­ғымен бюджет тапшылығын қаржы­лан­дыруға бағытталады. Қаражат республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да басымды мақсаттарға арналған қаржыны қоса алғанда, жалпы бюджет шығыстарын қолдауға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік банктің қарызы Қазақстан Республикасына 2,5 жылдық жеңілдік кезеңімен, 11,5 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақы ставкасы Еу­рибор және өзгермелі спредтен тұ­рады. Біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25 пайыз, ал резерв­тік комиссия игерілмеген қарыз қал­ды­ғының 0,25 пайызын құрайды. Қарызға қызмет көрсету және оны өтеу келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады», деді Е.Жамаубаев.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Құжатта жас­тар ұғымының шегін 35 жасқа дейін, әйелдердің зейнеткерлікке шығуын 61 жас деңгейінде бекіту мәселелері қаралды.

«Заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар «жас­тар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді. Бұл жастардың әлеу­меттік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Жергілікті атқарушы орган­дарға жастарға жеңілдікпен жалға бері­летін тұрғын үй тапсыру жөніндегі бағ­дар­ламаны әзірлеу және іске асыру бо­йынша жаңа құзырет беруге бағыт­талған түзетулер енгізді», деді депутат Жәмила Нұрманбетова.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру тұрғысында депутаттар заң жобасы аясында әлеуметтік блокқа қатысты тиісті түзетулер енгізді. Соған сәйкес, бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайтылады. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін бекіту көзделген. Әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі. Сондай-ақ жасына байланыс­ты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген деңгейге дейін ұлғайту ескерілген.

Жалпы отырыста депутат Айбек Паяевтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. «Парламент Мәжілісінің депутаты Айбек Паяев міндеттерін атқару­дан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назар­лары­ңызға Конституцияның 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Пар­ламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заң­ның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Мәжіліс депутаты А.Паяевтің өті­­ніш беруіне байланысты оның өкі­лет­тілігін мерзімінен бұрын тоқтату ту­ра­лы мәселені шешу үшін ұсыным ен­гізіп отыр», деді Орталық сайлау ко­­мис­сиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.

Палата депутаттары аталған ұсы­нымға дауыс беріп, депутаттың өкілет­тігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар Мәжіліс ерекше тауарларды бақылау жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. «Еу­разиялық экономикалық одақ шең­берінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.