Қазақстан • 27 Қазан, 2022

Қазақстандық студенттер Уханьнан қалай эвакуацияланды?

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Astana Media Week халықаралық форумының екінші күнінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пандемия басталған кезде қазақстандық студенттер Қытайдан қалай эвакуацияланғанын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық студенттер Уханьнан қалай эвакуацияланды?
Спикердің айтуынша, Қытайдың Ухань қаласында коронавирус ошағы анықталған сәтте жедел шаралар қабылданып, алғашқы ұшақтар жіберілді. Бейжіңдегі қазақстандық дипломаттар сол ұшақтар арқылы 3 мемлекеттің студенттерін алып шыққан.

«Өздеріңіз білетіндей, коронавирус анықталған сәттен бастап, Ухань қаласы толық жабылды. Оған ешкім кіре де, шыға да алмады. Қиын жағдайда қалған 200-300 қазақстандық студентті қаладан қалай алып шығамыз деп күні-түні толғандық. Біздің тарап ұшақтарды да, ақшаны да дайындап қойған, ал студенттер бір қонақүйге жиналып, бізді күтіп отырған. Алайда жергілікті билік қаладан ешкімді шығармай қойды. Сонда бұл іске Қытайдың Қазақстандағы Елшілігін жұмылдырып, Бейжіңдегі билікпен мәселені шештік. Бірақ студенттерді эвакуациялауға тым аз уақыт берілді», деп еске алды Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, қазақстандық студенттерді алып шығу үшін небәрі 3 сағат берілген.

«Бастапқыда коронавирус туралы мәлімет жеткіліксіз болғандықтан, Уханьға аттанған экипаж мүшелерінде үрей болды. Ұшақ белгіленген жерге қонғаннан кейін экипаж далаға шыққысы келмеді. Сол кезде Сыртқы істер министрлігінен қытайша білетін адамды іздедік. Бір адам шығып, тізімдегі студенттерді түгендеуге, жергілікті билік өкілдерімен келіссөз жүргізуге, студенттердің визаларын дұрыстауға көмектесті», деп қосты СІМ өкілі.