Аймақтар • 27 Қазан, 2022

Ұлтаралық келісім ұясы

350 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің ашылғанына 30 жыл толды. Атаулы дата Республика күні мейрамымен қатар келді. Достық үйінде өткен салтанатты жиында қоғам бірлігін сақтауға үлес қосқан белсенді азаматтарға құрмет көрсетілді.

Ұлтаралық келісім ұясы

Суретті түсірген Данияр Кожиков

Республика күніне орай Өскемен­де­гі облыстық Достық үйі – Қоғам­дық келісім орталығының 30 жыл­ды­ғын мерекелеу аясында Шығыс Қа­зақстан облысы Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХVIII сессиясының кеңей­тілген отырысы және мерекелік кон­церт өтті.

Достық үйінің табалдырығын аттаған қонақтар бірден ұлттық аспап­тардың жанды әуенін тыңдап, қуа­ныш­ты әсерге бөленді. Этностардың мәдени ерекшелігін бейнелейтін тақырыптық көрме ешкімді бейжай қалдырмады. Сонымен қатар мұнда «Ақ үкі» студиясының шеберлері жаса­ған қолөнер бұйымдары да ұсынылды.

Салтанатты іс-шараға аймақ басшысы Даниал Ахметов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этно­с­аралық қатынастарды дамыту ко­ми­тетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Достық үйі мен ҚХА белсенділері, этно­мәдени бірлестіктердің, шығар­ма­шылық ұжымдардың өкілдері, «Ассамблея жастары» қозғалысының мүшелері, қоғам қайраткерлері, өңір жұртшылығы қатысты.

– 1992 жылы Өскеменде ел тари­хын­дағы алғашқы Достық үйі ашылды. Бүгінде облыс аудан-қалаларындағы 7 Достық үйінде 72 этномәдени бірлестік жұмыс істеп келеді, түрлі ұлттың 8 тілі тегін оқытылады. Облыста медиацияны ілгерілетудің оң тәжірибесі жинақталған. Бейін­ді мемлекеттік органдар және кәсіподақтар меморандумдарды іске асыруда. Облыстық Достық үйі базасында медиа­ция ка­би­нетінің виртуалды қабылдау бөл­ме­сі жұмыс істейді. Біз кәсіби және қоғамдық медиаторлардың әлеуетін пайдалана отырып, медиативтік рәсім­дер­ді қолдануды кеңейтуіміз қажет. Мұның бәрі ауқымды этносаралық коммуникацияның тиімді алаңына айналуға тиіс. Осы мақсатта біз 241 қа­лалық, аудандық, ауылдық қоғам­дық келісім кеңестерінің, аналар кеңестерінің әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов отырыс барысында.

Сонымен қатар ол облыстық  Ассамблеяның ғылыми-сарап­та­ма­лық тобына этнографиялық зерттеулер мен толеранттылық мектебінің жобасын жалғастыруды тапсырды.

Облыс әкімі өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ Достық үйінің қызметі сапалы жаңа деңгейге көтерілуге, азаматтық қоғам­ды бұдан да кеңірек тартуға жетерлік әлеуетке ие екенін де ерекше атап өтті.

– Ұлтаралық келісімді нығайтуға баға жетпес үлес қосып келе жат­қан Достық үйі Өскемендегі бірегей этно­ауылдың құрылуына да мұрын­дық болды. Енді жастармен жұмыс барлық қоғамдық институттар мен Достық үйлерінің базасында жүр­гізілуге тиіс. «Ассамблея жастары» қозға­лысының мүшелері жастарды еріктілер қозғалысына тартуы, олар­дың құқықтық сауаттылығын арттыруы, кәсіп алу мен жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруі қажет, – деді аймақ басшысы.

Іс-шара барысында Ғалым Шойкин Шығыс жұртшылығын Республика күнімен құттықтады.

– Біз облыстық Достық үйінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Дәл осы Шығыс Қазақстанның тәжірибесі бүкіл елімізде 40-тан астам Достық үйінің құрылуына негіз болды, сондықтан оның орны мен сіздер атқарып отырған жұмыстың маңызы ерекше. Алдағы уақытта да сіздерден тың жобалар мен идеялар күтеміз. Баршаңызға бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы күнделікті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді ол.

Өскемендегі тұңғыш Достық үйі 30 жыл бойы өңірдегі татулық пен келісім ордасы ретіндегі миссиясын абыроймен атқарып келеді.

Сессия қорытындысында облыс әкімі ҚХА көшбасшыларына құрмет грамоталары мен наградалар табыс етті. Олардың қатарында тұңғыш Достық үйінің іргесін қалауға зор үлес қосқан Лео Шик, Татьяна Кагерманова, Карен Нариманян, Күлбарам Етекбаева, Роза Цис, Александр Алексеенко, Майра Бейсе­қанова, Галина Борисович, Евгений Шумахер, Александр Яковлев сынды өңірге белгілі адамдар бар.

– Ел Президенті атап өткендей, бүгінде этносаралық факторды саясат­тандыруға жол бермеу үшін Ассам­блеяның саяси реформа­лар­дағы рөлін күшейту қажет. Ассамблея мүшелері облыстық мәслихаттың, жұртшылық кеңестерінің құрамына енеді және ұлтына қарамастан адамның құқық­та­ры мен бостандықтарын қам­та­ма­сыз ету бойынша үздіксіз жұ­мыс жүргізуде. Ассамблея ақпарат­ты бе­ру­дің және сындарлы диалог үшін жағдай жасаудың ең озық әрі зама­науи құралдарын пайдаланады. Дәл осы адамдар елімізді өркендетуге бағыт­талған үйлесімді және ортақ жұ­мыстың үлгісі болып отыр, – деді Даниал Ахметов.

Жиында сөз сөйлеген облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мү­шесі, тарихшы Александр Алек­сеенко ұлтаралық қарым-қатынас­тар­дың жай-күйіне жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Ғалымның пікірінше, бұл саладағы түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстардың алдын алу үшін көп­­шілікпен жан-жақты түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу ма­ңызды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жетекшісі Алдияр Әубәкіров Өскемен­де репрессия құрбандарына арналған ескерткіш орнату туралы ұсыныс білдірді. Жоба эскизі дайын, қаржы мәселесі шешілсе, ескерткішті келер жылдың 31 мамырында ашуға болады.

Ал республикалық татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері қауым­дас­тығының президенті Ғабдулхай Ишмуратов Өскемендегі этноауылда татар елімен бірлесіп сабантой өткізуді ұсынды. Татарстанда біздің үлгіге сай Достық үйлері ашылған, олар Шығысқа келуге ниет білдіріп отыр. Аймақ басшысы идеяны қолдап, осы жөнінде Татарстан президентімен тікелей хабарласатынын жеткізді.

«Ассамблея жастары» қозғалы­сы­ны­ң мүшесі Аяулым Қарқын құрбы-құр­дас­та­рын ұйым жұмысына белсенді атса­лысуға үндеді.

Концерттік бағдарламаға жиналған қауымды өзінің ауқымымен және жанр­лық алуандығымен тәнті етті. Ұлт­тық және патриоттық ән-билер көрер­менге мерекелік көңіл күй сыйлады.

 

Шығыс Қазақстан облысы