– Шыны керек, бұрынғыдай кітап оқуға жастардың көңілі соға бермейді. Сондықтан да сурет өнері арқылы жазушы шығармаларын насихаттауды жөн деп есептейміз. Бұл жолы суретшілер М.Әуезов шығармаларын кенеп бетіне түсірді. Бүгінгі іс-шара көрме ғана емес, суретшілер арасындағы байқау ретінде де ұйымдастырылды. Сәтті суреттердің авторлары бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды, – дейді кітапхана қызметкері Меруерт Кемешова.
Айтып өткендей, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан көрмеге әуесқой жас суретшілер де қатысқан. Олар алдымен жазушы шығармаларын оқып барып қолдарына қарындаш алған. Бірі Көксеректі бейнелесе, енді бірі Абай жолы романынан сюжеттер жазуға тырысқан. Бұл байқау бір жағынан жазушы шығармасын насихаттауға бағытталса, екінші жағынан сурет өнерін дамытуды мақсат етті. Рас, сурет өнері өңірде үлкен қолдауды қажет етеді. Белгілі қылқалам шебері Құдаш Нұрсадықовтың ұйытқы болуымен «Жаңғыру» суретшілер бірлестігі құрылған. Бірлестік аясында бірқатар суретші топтасып, бірнеше көрме де өткізген. Бұл жолы да көрмеге аталмыш бірлестіктің мүшелері қатысты.
– Жас суретшілер осындай байқауларға қатысып жүлде алып жатса, олар үшін үлкен стимул. Бейнелеу өнерін дамыту үшін, турасын айтқанда, қаржылай қолдау керек. Терең түсінсек, бүгінгі ұрпақ бейнелеу өнеріне жақын болса, ертең олардан мықты техник мамандар шығуы мүмкін, – дейді кәсіби суретші Ержан Тұрғанбаев.
Сонымен қазылардың шешімімен әуесқой суретшілер арасында байқаудың бас жүлдесін Айназ Ермұқан иеленді. Ал екінші орынды Арайлым Темірбекова еншіледі. Үшінші орын Бексұлтан Аманғазының қанжығасында.
Кәсіби суретшілер арасындағы бірінші орынды Гүлнәр Бекбердинова алса, екінші орын Мәди Қайырханға бұйырды. Жүлделі үшінші орындарды Ержан Тұрғанбаев пен Құдаш Нұрсадықов қанағат тұтты.
Айта кетсек, бірінші орынға лайық деп табылған полотнода Мұхтар Әуезовтің жас кезі бейнеленген. Портрет айналасында жазушының туған жері, шығармашылығы көрініс тапқан. Ерекше стильде жазылған картинаның композициясы да көрерменді бірден баурады.
Салтанатты түрде ашылған көрме кітапхана залында бір ай бойы көрермен назарына ұсынылады. Бейнелеу өнерін қасиет тұтсаңыз, күйбең тірлікті ысыра тұрып, көрмені тамашалап қайтуыңызға болады. Кітапхана есігі әрқашан ашық.
Шығыс Қазақстан облысы