Бельгияда өткен жарыстың соңғы кездесуінде жерлестеріміз Францияның «Спортингімен» сайысқа түсті. Бәсекені өте қарқынды бастаған біздің жігіттер алғашында үш доп айырмашылығымен алға шықты. Бұл голдардың авторлары – Дәурен Тұрсағұлов, Кайо және Диего Фаверо. Екінші кезең бел ортаға жеткенде қарсыластар тегеурінін күшейтті. Соның нәтижесінде Болинья мен Финео есеп айырмашылығын қысқартты. Алайда одан әріге олардың әлі жетпеді. Осылайша, 3:2 есебімен жеңіске жеткен алматылықтар элиталық кезеңде күш сынасу құрметіне ие болды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» Бельгияның «Халле-Гооик» (2:2) және Испанияның «Пальма» (2:2) клубтарымен тең ойнаған еді.
Ал Рудныйдың «Аятына» ондай бақ бұйырмады. Алғашқы екі ойында олар Хорватияның «Ново Вриемесімен» (2:2) тең ойнағанымен, Португалияның «Спортингіне» (1:7) есе жіберді. Шешуші матчта отандастарымыз жергілікті «Пулеге» (2:5) жол берді.