Сазды кештің қонағы елімізде де, шетелдерде де мойындалған талант. Нақтырақ айтсақ, Сергей Ким – А.Н.Скрябин (Ресей) атындағы V халықаралық фортепианошылар байқауының, Theresa Liacuna (Франция) атындағы халықаралық байқаудың, сондай-ақ Citta di San Dona di Piave (Италия), Grand Piano Virtuoso халықаралық фортепиано байқауларының лауреаты. Кейінгі байқауда Сергей Ким бас жүлдені иеленіп, беделді Royal Albert Hall (Лондон) залында жеке шығармашылық кешін өткізді.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (Қазақстанның халық әртісі Ж.Әубәкірованың сыныбы) үздік бітірген Сергей Ким Линц қаласындағы Антон Брукнер атындағы Аустрияның музыка, би және актерлік өнер университетінің магистратурасында оқуын жалғастырды. Музыкант Қазақстанда, Ресейде, Германияда, Аустрияда, Италияда, Чехияда және Францияда еңбек етті. Ал қазір Сергей Ким Аустрия Мемлекеттік музыка мектебінің оқытушысы, сонымен қатар А.Брукнер атындағы музыка, би және актерлік шеберлік университетінде концертмейстер-оқытушы.
Үрлемелі оркестрдің көркемдік жетекшісі Никита Почиталин кейінгі екі жылда жанкүйерлерінен джаз бағытында концерт беру туралы өтініштер көп болғанын айтты.
«Джаз шығармалары Үрлемелі оркестрмен ерекше нақышта естіледі. Ал қызықты әрі заманауи шығармашылық тәсіл ретінде біз Аустриядан өз саласының шебері пианист Сергей Кимді шақырдық», деді Н.Почиталин.
«All the Jazz» концерттік бағдарламасына Джордж Гершвиннің «Порги мен Бесс» операсының «Голубая рапсодия» және «Сюита» шығармалары, Глен Миллердің «Лунная серенада», Луис Приманың «Пой, пой, пой», Дэйв Брубектің «Take Five» сияқты танымал джаз композициялары кірді.
Айта кетейік, Үрлемелі аспаптар оркестрінің бас дирижері Вероника Дударова атындағы Бүкілресейлік оркестр дирижерлер байқауының I дәрежелі лауреаты Дархан Рахымғалиев. Филармонияның Үрлемелі аспаптар оркестрі өзінің құрамы бойынша ең үлкен оркестрге жатады. Мұндай оркестрде барлық заманауи үрлемелі аспаптарда, соның ішінде соқпалы аспаптарда ойнайтын 60-тан астам орындаушы бар. Бұл құраммен әртүрлі тембрлік түстерге, техникалық ұтқырлыққа, дыбыс пен динамикалық икемділіктің ерекше бірлігін еркін беруге болады.